Армия спортшылары грек-рим күресінен әлем чемпионатында «алтын» мен «күміс» алды

Армия спортшылары грек-рим күресінен әлем чемпионатында «алтын» мен «күміс» алды
Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі

Албания астанасы Тиранда 23 жасқа дейінгі жастар арасында өткен күрестен әлем чемпионаты аяқталды.

67 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған армия спортшысы Сұлтан Әсетұлы қарсыластарына дес бермей, алтыннан алқа тағынды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

ҚР Қорғаныс министрлігі сайтының ақпаратына сай, ақтық сында ол түрік спортшысы Мұстафа Йылдырымды 2:1 есебімен ұтқан.

«Грек-рим күресінен біздің спортшылар әлем чемпионатында жақсы нәтиже көрсетті. Мақсатымыз да осы турнирде жеңіске жету болатын. Оған қол жеткіздік. Сұлтан спортшыға тән мінез бен мықтылығы бар кәсіпқой екенін дәлелдеді», – деді балуанның жаттықтырушысы Марат Қуатов.

Қазақстан командасының қоржынына күміс жүлдені 55 келіге дейінгі салмақта Исхар Құрбаев салды. Соңғы кездесуде ол грузин балуаны Георгий Токхадзеге есе жіберді.

Айта кету керек, Сұлтан Әсетұлы – 23 жасқа дейінгі санаттағылар ішінде әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық балуан.