Алматының 4 ауданында жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр

Алматының 4 ауданында жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр
Сурет: Todaykhv.ru

Бұл шаруалар жоспарға сәйкес атқарылуда.

Биыл Алматыда ұзындығы 9 шақырым болатын жылу құбырлары жаңартылып жатыр. Мамандар қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv сайтына сілтеме жасап.

Биыл жылу желілерін ауыстыру барысында Бостандық, Медеу, Әуезов пен Алмалы аудандарына басымдық берілді. Қала бойынша қазір 11 көшеде жұмыс қызу жүріп жатыр. Ол жұмыстарды күзге дейін аяқтауды 8 мердігер компания міндетіне алған. 

«Жөндеу жұмыстары кезінде тұрғындар ыстық сусыз қалмас үшін мердігер компаниялардың күшімен тұрғындарға, ауруханалар бар, мектептер бар, егер жолдың бойында орналасса, олардың бәріне уақытша ыстық су қосылып беріліп отырды», – деді күрделі құрылыс және жөндеу басқармасының бастығы Саят Джингильбаев

Бүгінде қаладағы 1 млн. 260 мың үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. 634 мыңға жуығы жеке қазандықтың көмегімен үйлерін жылытады. Ал, 1900 отбасы әлі пеш пайдаланады.  

«Өткен жылы 16,1 шақырым жылумен қамту жүйелері жаңартылды. Бұл жұмыс нәтижесінде жылу құбырлары 1,2 пайызға төмендеді. Қазіргі таңда бұл бағытта 2023 жылға дейін атқарылуы тиіс жұмыстардың жоспары жасалған. Осы уақытқа дейін 14,6 шақырым болатын құбырларды жаңартуды көздеп отырмыз», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Алдағы жылы қазандық қондырғыларын іске қосу міндеттеліп отыр. Қазір қалада 4 бірдей алып қазандыққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, "Алмагүл" ықшамауданындағы оңтүстік қазандық биыл жыл соңына дейін аяқталмақ. Пайдалануға берілсе, 55 Гкал/сағ үздіксіз жылумен қамтитын бірегей қондырғы болмақ.