Алматының 100 жастағы тұрғыны коронавирустан айығып шықты

Алматының 100 жастағы тұрғыны коронавирустан айығып шықты
Сурет: Gazeta.ru

Қазір жағдайы жақсы.

Алматылық дәрігерлер ғасыр жасаған кейуананы Изатима Жекенова атындағы қалалық инфекциялық ауруханадан шығарды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv сілтеме жасап.

Дәмеш Қаратаева 5 ақпанда жөтел мен әлсіздік дендеп, ауруханаға түскен. Дәрігерлердің айтуынша, сол кезде кейуананың жағдайы ауыр болыпты. Бірден интенсивті терапияға кірістік деген мамандар «Ауруды жеңудегі басты нәрсе – науқастың өмірге деген құштарлығы» дейді.

«КТ-1» 25 пайызбен түсті. Жалпы, түскен кезде басы айналып, жөтелмен, әлсіздікпен ауыр халде болды. Қазір жағдайы жақсы», - деді И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық аурухананың бөлім басшысы Дәния Насырбекова.

Ғасырлық ғұмыр кешкен кейуананың өзі үйіне қайтуға асық. Екі сөзінің бірінде ақ халаттыларға алғысын айтып, жағдайының жақсарғанына дән ризалығын білдірді.

«Мені емдеп, қолдау білдіріп жатқан бәріңе рахметімді айтамын, айналайындар! Өмір жастарың ұзақ болсын! Менің жасымды берсін, әумин!» - деп батасын берді Дәмеш Қаратаева.