Алматылық мұғалімдердің жалақысы көбейетін болды

Алматылық мұғалімдердің жалақысы көбейетін болды
Сурет: Syr-media.kz

Ал «Алматының үздік мұғалімі» атанған ұстаз екі бөлмелі пәтерге ие болады.

Қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұмановтың айтуынша,  келесі жылдан бастап қаладағы барлық мұғалімнің жалақысы 25% өседі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Келесі жылдан бастап қаладағы барлық мұғалімнің жалақысы 25% өседі. Ол үшін қажетті қаражат қарастырылды, сондықтан 1 қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы артады. Сондай-ақ еліміздегі мұғалімдердің біліктілігі мен мәртебесін көтеру аясында екі жылдан бері «Педагог мәртебесі» туралы заң жұмыс істеп жатыр. Оған қоса қала әкімдігі де мұғалімдердің мәртебесін көтеруге көңіл бөліп келеді», - дейді ол. Сонымен қатар, ол биыл қала әкімдігінің бастамасымен екінші жыл қатарынан дарынды, үздік мұғалімдерді анықтайтын байқау өткізіліп жатқанын тілге тиек етті.

Спикер алдағы аптада мұғалімдер арасында өтетін «Алматы әкімінің гранты» байқауының қорытындысы шығатынын жеткізді. Онда үздік шыққан 10 мұғалім 2 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық алады. Бұл шаралардың барлығы мұғалімдерді қолдауға бағытталған.

«Алматының үздік мұғалімі атанған маманға екі бөлмелі пәтердің кілті табысталады. Бірінші орынға – автокөлік, екінші және үшінші орынға ақшалай сыйлық беріледі», - деді білім басқармасының өкілі.