Алматылық құтқарушылар кәсіби мерекесін атап өтіп жатыр

Алматылық құтқарушылар кәсіби мерекесін атап өтіп жатыр
Almaty-akshamy.kz

Алматылық құтқарушылар жыл басынан бері қаланың 117 тұрғынының өмірін сақтап қалды. Сонымен қатар, Алматы қаласы ТЖ Департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің күшімен қауіпті аймақтардан 520 адам эвакуацияланды, 449 өрт өшірілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

 Алматы қаласының өрт сөндірушілері, құтқарушылары, ұшқыштары, дәрігерлері, кинологтары, психологтары осындай жетістікпен өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтіп жатыр. Бүгін, 19 қазан күні Қазақстанда Құтқарушылар күні атап өтіледі. Дәл осы күні 1995 жылы Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды, ал 2008 жылдан бастап Қазақстандағы кәсіби мерекелердің тізіміне кіреді.

Мегаполисте Төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекеттер туралы қала тұрғындарын құлақтандыруға ерекше назар аударылады. Мысалы, ТЖД қалалық курстарында табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ қаупі мен туындауы кезіндегі жүріс-тұрыс пен алғашқы медициналық көмек көрсету ережесіне 1 263 адам оқытылды. 

 Білім басқармасымен бірлесіп 270 мыңнан астам оқушыны қамтитын 124 интерактивті сабақ өткізілді. Ұйымдар 9 364 жаттығу өткізді. 

Апаттар медицинасы орталығы мен ҚР Қызыл Жарты Ай қоғамының мамандарын жұмылдыра отырып, 67 мың адам стационарлық түрде оқудан өтіп, 279 көшпелі сабақ өткізілді.

Қазақстандық құтқарушылар елімізбен бірге, шетелдерде де төтенше жағдайлардың алдын алу және жою барысында құзыреттілігі мен жеделдігін бірнеше рет дәлелдеді. Мысалы, отандық мамандар Түркия Республикасындағы жойқын жер сілкінісінен кейін зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсетуге қатысты. Айта кетейік, биыл көктемде Алматы қаласы бойынша ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігері – филиал басшысы Жазылбай Қозыбахов қызметтік борышын өтеу кезінде жанқиярлық ерлік көрсетіп, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. 

«Түркияда жұмыс істеген кезде алматылық құтқарушылар үлкен тәжірибе алды, ол қажет болған жағдайда басқа елдерде қолданылады. Сол кезде түрік әріптестері Алматыда түрік құтқарушыларын оқытуды ұсынды, мамандарын жіберуге дайын еді. Бұл әрине, барлығымыз үшін қиын жағдайда жедел жұмыс істеуге және қажет болған кезде уақытылы көмек көрсетуге ынталандыру. Мен өзім дәрігерлер отбасында өстім, сондықтан бұл іс менің өмірім», - дейді филиал басшысы – Алматы қаласы бойынша ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігері Жазылбай Қозыбахов. 

Барлық табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ-ның 80%-дан астамы өрт. Өрт сөндіруші мамандығы ең қауіпті мамандықтардың бірі. Солардың бірі - №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Әділ Дәуренқұлов. Бір жыл бұрын ол мүмкіндігі шектеулі екі жасар баланы отқа оранған пәтерден алып шықты. Сонымен қатар, қазақстандық спортшы Ардақ Назаров өзінің Instagram парақшасына болған оқиға туралы жазып, құтқарушылардың іс-әрекеттеріне таңданыс білдірді. Кейін баланы құтқару кезінде көрсеткен ерлігі мен кәсібилігі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ержүрек құтқарушыға «Ерлігі үшін» медалін табыстады.

«Мамандығымды мақтан тұтамын. Бала кезімнен адамдарға көмектесу үшін форма киюді армандадым. Мен үшін жауапты миссия - адам өмірін құтқару», - дейді Әділ Дәуренқұлов. 

Алматының авариялық-құтқару қызметінде барлығы 1,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Өз өмірін қатерге тіге отырып, олар уақытпен санаспай өртті сөндіреді, табиғи апаттың салдарымен күресіп, түрлі жағдайда адамдардың өміріне арашат үседі.