Алматылық дәрігерлер шала туған нәрестеге күрделі операция жасады

Алматылық дәрігерлер шала туған нәрестеге күрделі операция жасады
Сурет: Ашық дереккөз

Дәрігерлер екі апта бойы нәрестенің өмірі үшін күресті

Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының дәрігерлері жаңа туған нәрестеге күрделі операция жасады. Оң жақ қолтығындағы туабіткен ісікті алып тастады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала дүниеге мерзімінен бұрын келген.

Туабіткен ісік оң жақ қолтық асты аймақта пайда болды.

Дәрігерлер тыныс алу және жүрек-қан тамырлары жеткіліксіздігі, I дәрежелі қан айналымының бұзылуы диагнозын қойды.

Ағза жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуіне линфангиома кедергі келтірді.

Туған кезде баланың жағдайы өте ауыр деп бағаланды, неонаталдық бригаданың көмегімен перзентханадан Алматы қаласындағы балалар шұғыл медициналық көмек орталығына жеткізілді.

Дәрігерлер екі апта бойы нәрестенің өмірі үшін күресті.

«Диагноз - оң жақтағы қолтық асты аймағының үлкен лимфангиомасы, көлемі 12 де 17 см. Мерзімінен бұрын, 34-ші аптада туды. Орталыққа өкпені жасанды желдету аппаратымен жеткізілді. Баланы толық дайындағаннан кейін біз лимфа құрылымын тілу үшін операция жасадық. Операция 75 минутқа созылды. Ота сәтті өтті, нәресте сауығып, стационардан шығарылды», - деп түсіндірді Алматы қаласы балалар шұғыл медициналық көмек орталығының балалар хирургы Жалғас Күниязов.

Лимфангиома - жүктіліктің II триместрінде пайда болатын лифма тамырларынан тұратын қатерсіз ісік.

Көлемі үлкен бола тұра, ісік денсаулыққа қауіпті жағдайларды тудыруы мүмкін. Уақтылы алып тастау оң болжам жасауға мүмкіндік береді.