Алматылық дәрігерлер пациенттің кеңірдегінде тұрып қалған сүйекті алып шықты

Алматылық дәрігерлер пациенттің кеңірдегінде  тұрып қалған сүйекті алып шықты
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Қақалып қалып, жөтел тыйылмаса, дереу дәрігерге жүгінген жөн

Орталық қалалық клиникалық ауруханаға 5 күнге созылып тоқтамаған жөтел шағымымен келген 54 жасар пациент жатқызылған, деп хабарлайды Almaty-aksgamy.kz ОҚКА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Функционалдық диагностика бөлімшесінің меңгерушісі Жасұлан Елемес эндоскопиялық тексеріс-бронхоскопия жүргізді, нәтижесінде кеңірдегінде бөтен дене анықталған. Дәрігер 1-2 см мөлшеріндегі бөтен денені алып тастады. Бөтен дене сүйек болып шықты.

«Уақытында жүргізілмеген бронхоскопия қабынған ісік түйіні болып, іріңді қабынуға айналып кетуші еді. Процедура сәтті өтті, сүйек кеңірдегіне зақым келтірмей алынды», - деді Жасұлан Елемес.

Науқас өз кезегінде дәрігерлерге алғысын білдірді.

«Жөтел менде тамақтанған кезде пайда болды, мен қақалып қалдым. Содан жөтел баталып, тоқтамай қойды. Емханаға барып, емдеу курстарын ала бастадым. Бірақ, ол көмектеспеді. Сол себепті ауруханаға баруды шештім. Қабылдау бөлімшесіне барғанда, дәрігерге менің жөтелім ұнамады. Тексеріс жүргізген кезде сүйектің бары анықталды. Дәрігерлерге кәсіпкерлігі үшін, дер кезінде диагноз қойғаны үшін алғысым шексіз! Сіздерге үлкен рахмет»! - деді пациент.

Дәрігердің айтуынша, егер адам қақалып қалғаннан жөтелі тоқтамаса, мамандарға жүгінуі міндетті.