Алматыдан қалай тұрғын үй алуға болады?

Алматыдан қалай тұрғын үй алуға болады?
aigak.kz

Алматы қаласының төрінен баспана алу – әр алматылықтың арманы болар. Осы орайда, «Almaty aqshamy» газеті 2022 жылы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары бойынша тұрғын үйді жалға немесе сатып алу жолдарын ұсынады.

Жалпы, біздің елде мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспаналы болудың екі жолы бар:

  1. Жалдау арқылы – сатып алу мүмкіндігімен немесе сатып алу қарастырылмайды.
  2. Жеңілдікпен несие беру (төмен пайыздық ипотека).

Әрбір бағдарламаға «кіру» үміткердің табысына байланысты, ол ең төменгі күнкөріс деңгейі бойынша есептеледі. 2022 жылы бұл көрсеткіш 36 018 теңгені құрайды.

 Сондай-ақ, бағдарламалардың басым бөлігі үшін адамның өз баспанасы болмауы тиіс және ол әкімдікте тұрғын үйге кезекте тұруы тиіс. Кезекке kezekte.kz тіркелу-платформасы арқылы тұруға болады.

Әр бағдарламаға жекелей тоқталсақ.

ЖАЛҒА АЛУ

  1. Әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін. Бұл - көп балалы және толық емес отбасылар, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар. Қатысушыларға қойылатын талап:

– әкімдік кезегінде тұру;

– жеке тұрғын үйі болмауға тиіс;

– конкурсқа қатысуға өтінім беру;

– отбасының бір мүшесіне табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен (36 018 тг) артық болмауы тиіс. Сатып алу мүмкіндігінсіз берілетін пәтер коммуналдық қордан беріледі. Бұл бастапқы немесе қайталама тұрғын үй болуы мүмкін.

Ай сайынғы жалдау ақысы – 5000 теңгеден 15 000 теңгеге дейін. Мөлшерін әкімдіктер белгілейді. Коммуналдық төлемдер мен үйдің шығындары қосымша төленеді. Жалға алушы пәтерде тұрақты тұрып, жалдау шартын әр бес жыл сайын ұзарта алады.

Азамат қайтыс болған жағдайда тұрғын үй отбасы мүшесіне мұра болып қалады. Бағдарлама еліміздің барлық аумағында қолданылады. 2022 жылы 3 мыңға жуық пәтер беру жоспарланып отыр.

Өтінімдерді қабылдау туралы хабарландыруларды Тұрғын үй басқармасы жариялайды. Биыл елімізде жалдау ақысын субсидиялау басталады: 50%-ын мемлекет төлейді, 50%-ын жалға алушының өзі төлейді. Тек табысы төмен азаматтарға көмек көрсетіледі.

 2. Жұмыс істейтін жастар үшін Алматы қаласында жұмыс істейтін жастарға да жалға берілетін тұрғын үй қарастырылған. «Almaty zhastary» бағдарламасы арқылы 29 жасқа дейінгі азаматтарға 5 жылға жалға баспаналы болуға болады. Талаптар:

– апатты тұрғын үйлерді қоспағанда, соңғы екі жылда өтініш берушінің, жұбайының (зайыбының), кәмелетке толмаған балаларының жеке тұрғын үйінің болмауы;

– қалада кемінде екі жыл тұрақты тіркеуде болуы;

– аяқталған орта/арнайы орта/жоғары/жоғары оқу орнынан кейінгі білім;

– ресми түрде жұмыс істеу;

– өтініш берушінің соңғы алты айдағы табысы кемінде 40 АЕК (122,5 мың тг) болуы тиіс. 2022 жылы 1 АЕК – 3063 теңгені құрайды.

Балдық жүйе қолданылады (отбасы, балалар, жұмыс және т.б. үшін). Жаңа тұрғын үй ұсынылады. Ай сайынғы жалдау ақысы – 5000–15 000 теңге арасында. Жалға алудың ең ұзақ мерзімі – 5 жыл.

Мерзімі аяқталғанда жалға алушы пәтерді қайтаруы тиіс. Алматыда бұл бағдарлама арқылы жыл сайын 1000 пәтер беріледі.

 Бағдарлама 2025 жылға дейін жұмыс істейді.

3. Сатып алу құқығымен жалға алу («Нұрлы жер») Әкімдіктерде кезекте тұрғандар үшін: халықтың әлеуметтік осал топтары, сондайақ білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, ІІД, ТЖД қызметкерлері.

Бағдарлама операторы – «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ (ҚТҮК). Жылдан-жылға тізімге өзгертулер енгізіліп тұрады. Оларды өңірдің қажеттіліктеріне және тұрғын үйдің болуына қарай бейінді министрліктер мен әкімдіктер қалыптастырады. Үміткерлерге қойылатын талаптар:

– соңғы бес жыл ішінде жеке тұрғын үйі болмауы тиіс. Егер жатақханада бөлме болса, онда отбасының әр мүшесіне 15 шаршы метрден аз болуы керек;

 – әкімдік кезегінде тұру;

– ҚТҮК ішкі құжаттарына сәйкес төлем қабілеттілігін растау. Алматыда жалға алу құны 1 шаршы метріне – 1455 теңге. Коммуналдық төлемдер мен үйдің шығындары қосымша төленеді.

Шарттары:

– пәтерлер бастапқы нарықтан беріледі;

– бастапқы жарнасыз;

– мерзімінен бұрын сатып алу мүмкіндігімен 20 жылға беріледі. Өтінім мақұлданған жағдайда жалға алу шарты бойынша тұрғын үй құнының 1%-ы мөлшерінде біржолғы төлем енгізу қажет.

 Өтінімдерді қабылдау туралы хабарландырулар тұрғын үй басқармаларының сайттарында жарияланады.

ЖЕҢІЛДІКПЕН НЕСИЕ БЕРУ

1. «Бақытты отбасы» бағдарламасы көп балалы, толық емес отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар үшін.

Талаптар:

кезекте тұру;

– жеке тұрғын үйі болмауы;

– «Отбасы банкте» депозит ашу;

– отбасының бір мүшесіне шаққандағы табысы 3,1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен артық емес (111,6 мың тг).

Шарттары:

– мөлшерлеме – 2 %;

– бастапқы жарна – 10 %-дан;

– мерзімі – 20 жылға дейін.

Алматыда берілетін қарыздың ең жоғарғы сомасы – 15 млн теңгеге дейін. Сіз өзіңіз кезекке тұрған аймақта пәтерді бастапқы, қайталама нарықта немесе жер үй сатып ала аласыз.

Өтінім «Отбасы банкінің» www.hcsbk. kz. сайты арқылы беріледі.

Қабылдаудың басталуы туралы ескерту банк сайттары мен сіздің қалаңыздың тұрғын үй басқармаларының парақшаларында жарияланды.

Құжаттарды қабылдау 1–29 сәуірге белгіленген.

Биыл осы бағдарлама бойынша барлығы 5,1 мың қарыз беріледі.

4. «Алматы Жастары 3.0»

Мемлекеттік, қалалық және республикалық мекемелерде жұмыс істейтін жастар үшін: полиция қызметкерлері, мұғалімдер, мәдениет, спорт, журналистика, әлеуметтік және IT саласының қызметкерлері және т.б.

Талаптар:

жасы 35 жастан аспауы;

– соңғы 5 жылда және өтінім берген сәтте (отбасы мүшелерін қоса алғанда) жеке тұрғын үйінің және сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйінің болмауы;

– соңғы жылы қалада тұрақты үздіксіз атаулы тіркеудің болуы;

– қатысушының соңғы жылынан кем емес ресми жұмыс өтілі;

– жинақталған сомасы 1,8 млн теңгеден кем емес «Отбасы банкте» депозиттің болуы;

– ресми жұмыс өтілі соңғы 6 айдан кем емес;

– отбасының бір мүшесіне шаққандағы табыс – 6 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (216,1 мың тг) артық емес.

Шарттары:

мөлшерлемесі – жылдық 5 %;

– бастапқы жарна – 10 %-дан;

– қарыздың ең жоғарғы сомасы – 18 млн;

– кредиттің ең ұзақ мерзімі – 25 жыл.

Бастапқы немесе қайталама нарықтағы пәтерлер беріледі.

Қатысушыларды іріктеуде неке жылдары, балалардың болуы, жұмыс өтілі мен халықтың әлеуметтік осал топтарына жатқызылуы қосымша баллдар береді.

Бағдарламаның басталғаны туралы zhilfond.kz және almaty-zhastary.kz сайттарында жарияланады.

«7-20-25» ИПОТЕКАСЫ

Меншік құқығында тұрғын үйі жоқ азаматтар үшін.

Талаптар:

жекеменшік үйдің болмауы;

– еңбек табысының болуы және төлем қабілеттілігін растау;

– отбасының бір мүшесіне шаққанда айына табыс – 3,7 ең төменгі күнкөріс деңгейінен астам (133,2 мың тг). Екі тең қарыз алушыны тартуға болады. Шарттары:

– мөлшерлеме – 7%;

– бастапқы жарна – 20%-дан;

– мерзімі – 25 жылға дейін;

– Алматыда берілетін ең жоғарғы сома – 25 млн тг. Тек міндетті түрде пайдалануға берілген бастапқы жылжымайтын мүлік.

Жалпы, 2022 жылы Қазақстанда барлығы 17,3 млн шаршы метр тұрғын үй (163 мың пәтер) салу жоспарланып отыр.

Оның ішінде: 11,8 мың несиелік пәтер; 7,3 мың жалға берілетін пәтер. Көп балалы отбасылар үшін 1,3 мың пәтер, әлеуметтік осал отбасылар үшін 3 мың пәтер, жұмыс істейтін жастар үшін 3 мың пәтер берілмек.

(Дереккөз: Материал Krisha.kz-тің ресми сауалына ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жауабы негізінде дайындалған).