Алматыда жалпықалалық сейсможаттығу өтті

Алматыда жалпықалалық сейсможаттығу өтті
Сурет: Almaty.tv

Келесі ауқымды іс-шара күзге жоспарланған

Сақтансаң сақтайды. Бүгін Алматыда дабыл қағылып, жалпықалалық сейсможаттығу өтті. Онда құтқарушылардың ғана емес, жергілікті тұрғындардың да дайындығы сыналды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Сағат 11:00-де дабыл соғылып, қаладағы жұрт аң-таң. Мектеп қасындағы құрылысы бітпеген нысаннан қою көк түтін шығып, маңында жедел жәрдем мен өрт сөндірушілер жүр. Оқу-жаттығу болғанымен барлық маман барын салды. Қара терге малынып, жер сілкінісі зардабымен күресу жұмысын пысықтады. 

Сейсможаттығуға мектеп оқушылары да қатысты. Жеткіншектерге апат кезінде қалай сақтану керегі айтылып қана қоймай, тәжірибе жүзінде көрсетілді. Барлығы далаға шығарылып, автобуспен эвакуацияланды.

«Жылдың соңына дейін Алматы қаласында 7 баллдан жоғары жер сілкінісі болмайды деген болжам бар. Бұл – жоспарлы түрде өтіп жатқан сейсможаттығу. Жалпы мақсаты – Алматы қаласы тұрғындары мен қонақтарының жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылын пысықтау», – деді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Ерлан Әлібеков

Бүгінгідей жалпықалалық сесможаттығу енді 2 рет өткізілетін болды. Келесі осындай ауқымды іс-шара күзге жоспарланған. Алматыдағы білім мен медицина мекемелерінде де кішігірім оқу-жаттығулар жүргізіледі. Биыл 3 мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылыпты.