Алматыда үздік сардарлар анықталды

Алматыда үздік сардарлар анықталды
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Ұлттық ұлан офицерлерінің командирлік дайындық деңгейін жоғарылату, бөліністердің қызметтік-жауынгерлік міндеттерінің сапасын арттыру және батальон, рота буынындағы сардарлардың кәсіптік шеберліктері мен озық тәжірибелерімен алмасу мақсатында 5571 әскери бөлім базасында ұйымдастырлған сайыстың екінші кезеңі аяқталды.

Алматы қаласынының өзінен қатысқан және Шымкенттен, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Жетісу облыстарынан ат терлетіп келген 32 сардар мемлекеттік-құқықтық дайындық, қызметтік-жауынгерлік қолдану тактикасы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының Жалпы әскери жарғысын білуден бақ сынасты.

Сондай-ақ, сайысқа қатысушылар дене даярлығынан 100 метр, 3 шақырым қашықтыққа жүгіру және белтемірде тартылу, сонымен қатар саптық дайындық пен Калашников автоматын уақытқа шашып-жинау, оқжатарды оқпен толтыру және Макаров тапаншасынан атыс жаттығуларын орындау даярлығы сынаққа түсті.    

– Байқаудың мақсаты – әскери қызметтің мәртебесін көтеру, офицерлерді ынталандыру және олардың кәсіби шеберліктерін одан әрі қарай жетілдіру, озық тәжірибелерді тарату, батальон, рота буынындағы офицерлерден кадрлық резерв құру. Байқауға келген барлық офицер тексерілген пәндер бойынша жоғары дайындықтарын көрсетті. Жеңімпаздар алдағы уақытта қызмет баспалдағымен жоғары лауазымға тағайындалуға үміткерлер қатарына қосылады, – дейді Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Константин Қуатов.

Сайыс жеңімпаздары Кеңес Одағының батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің мәдени-демалыс орталығында марапатталды. Сайыс нәтижесі бойынша батальон буынында «Үздік батальон командирі» болып 5513 әскери бөлімінің батальон командирі майор Әсет Оразбеков танылса, «Батальонның үздік штаб бастығы» атағын 5513 әскери бөлімінің 2 жедел мақсаттағы батальон штаб бастығы капитан Нұрсұлтан Пазилов жеңіп алды. Ал «Батальонның үздік тәрбиешісі» атағына 5547 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары капитан Абылайхан Тұрсынбаев қол жеткізді. Сондай-ақ, рота офицерлері арасында 5514 әскери бөлімінің жауынгерлік қамтамасыз ету ротасының командирі капитан Жалғасбек Татаев «Үздік рота командирі», 5513 әскери бөлімі 3 рота командирінің орынбасары аға лейтенант Жасұлан Азым «Рота командирінің үздік тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары», және 5514 әскери бөлімі автомобиль взводының командирі лейтенант Фархат Амангелдинов «Үздік взвод командирі» атанды.

Енді олар Астанада Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында өтетін республикалық сайыста «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының намысын қорғайтын болады.