Алматыда соғыс ардагерін ғасырлық мерейтойымен құттықтады

Алматыда соғыс ардагерін ғасырлық мерейтойымен құттықтады

Ұлы Отан соғысының қатысушысы Нина Афанасьевна Крылова бүгін жүз жасқа толды

Ғасыр жасаған кейуананы құттықтауға қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері, Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімдігінің, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери бөлімінің өкілдері, Ауған соғысының ардагерлері мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері де келді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

– Нина Афанасьевна – балауса шағы мен жастығы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келген ұрпақтың өкілі. Талай ауыртпашылық мен сынақтардан өтіп, аман қалып, жеңіске жеткен адамдардың рухының мықтылығына таң қаласың, – деді Түрксіб ауданы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы полковник Самат Тоғанбаев.

Нина Крылова Мәскеу облысының Язвицы ауылында дүниеге келген. Жеті жылдық мектеп пен индустриалды техникумды бітіргеннен кейін мамандығы бойынша жұмыс істегісі келді. Алайда сұрапыл соғыс оның жоспарларын түбегейлі өзгертті. Көптеген құрдастары секілді жас қыз ел қорғаушыларының қатарына қосылды.

Батыс майданға аттанған қыз 329 зениттік артиллерия және 8 зениттік-прожекторлық полк құрамындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінде болды. 

Қызыләскерлік Крылованың алған мамандығы да сирек кездесетін еді. Жаудың ұшақтарының дыбысын алдын ала анықтау жұмысына есту қабілеті өте жоғары адамдар тартылды. Әр түрлі көлемдегі құбырлар жүйесінің көмегімен естуші мамандығын меңгергендер жау ұшағының дыбыстарын байқауға тырысып, кеңістікті тыңдады. Дыбысты анықтаған соң объект жерден жарықтың көмегімен белгі беріп, оған оқ жаудыратын. Бір қызығы, естігіш мамандар, тіпті ұшақтың түрі мен ұшу биіктігін де ажырата алған деседі.

Соғыстан кейін Нина Крылова Мәскеу педучилищесінде тәрбиеші мамандығын оқыды. 1946 жылы күйеуге шықты. Жұбайы қазақстандық болған соң, олар өз Отанына келді. Отбасында екі бала дүниеге келді.

Жиырма жылдан астам уақытын ол мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуге арнады. 1977 жылы ол балабақша меңгерушісі қызметінен құрметті демалысқа шықты.

Қазіргі уақытта Нина Афанасьевна немересінің отбасымен тұрады. Бүгінгі ұрпақ үшін ардагермен кездесу өте маңызды, өйткені Нина Крылова соғыстың куәгері ғана емес, жыл сайын қатар сиреп бара жатқан Ұлы Отан соғысының көзі тірі ардагері.

Қонақтар мерейтой иесін құттықтап, оның жауынгерлік жолына және жаумен күресуге көмектескен сирек кездесетін мамандығына қызығушылық танытты.  Сондай-ақ жаңа ғасырға қадам басқан адамның жан дүниесінің мықтылығына таң қалды.