Алматыда Республика күніне арналған мерекелік концерт өтті

Алматыда Республика күніне арналған мерекелік концерт өтті
Almaty-akshamy.kz

Алматыдағы Республика сарайында Республика күніне арналған мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Іс-шара ҚР Мемлекеттік Туын сахнаға алып шығудан және Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі мен Алматы қаласы әкімінің «ALL Jazz Symphony» эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен Байқадамов атындағы хор капелласының Мемлекеттік Әнұранды орындауынан басталды.

Іс-шараға Алматы әкімі Ерболат Досаев, қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, қаланың шығармашылық зиялылары және т.б. қатысты.

Концертке Айгүл Үлкенбаева, «Асыл» квартеті, «ArtEast» арт-балеті, «Бозторғай» балалар хоры, Әбілқайыр Жұмабай, Алсу Ұлуханова, Диная, Рухия Байдукенова, «Mezzo» тобы, «Терра», «Салтанат» би ұжымдары, «Жетісу» мектебінің солистері Мәдина Шарипова, Мұратхан Диас, Үміт Жолдыбайқызы, Ерлан Рысқали, Әли Оқапов, Динара Сұлтан, Луина, Нұрлан Абдулин, Jeltoksan және The Buhars, Жәния Әубәкірова, «Adagio» дуэті, Нұрболат Абдуллин, Қазыбек Құрайыш, Айя Шәріп және Есжан Әсет қатысты.

Патриоттық әндер шырқалып, сахнада Отанға деген сүйіспеншілікті бейнелейтін би және шығармашылық нөмірлер қойылды. Концерт «Мен сені сүйемін Қазақстан» композициясын барлық қатысушының орындауымен аяқталды.

Бұған қоса, қала мен аудандарда Республика күні басқа да бірқатар іс-шара ұйымдастырылғанын еске саламыз:

- Жібек жолы даңғылында, Панфилов пен Бәйсейітова көшелерінің арасында сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін қолөнершілер жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңкеде Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан шеберлерінің қолдан жасалған қолөнер жұмыстары ұсынылады.

- 10:00-ден 18:00-ге дейін спорттық-жаттығу кешенінде шағын футбол, волейбол және дзюдодан, сонымен қатар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да үстел теннисі және қазақ күресінен спорттық фестиваль өтеді.

- Сағат 10:30-да «Медеу» БТСК-да Мемлекеттік ту көтеріліп, Қазақстан Әнұраны орындалады. Іс-шараға қала жастары, қоғам қайраткерлері, Алматы қаласы мәслихатының депутаттары және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері қатысады. Сонымен қатар, қаланың барлық ауданында Мемлекеттік ту көтеріліп, Қазақстанның Әнұраны орындалады.

- Жетісу ауданында 25 қазан күні сағат 11:00-де Серіков көшесі, 2а мекенжайындағы «Гүлдер» саябағында «Жас Тәуелсіз Қазақстан» атты мерекелік концерт өтеді.

- Сағат 11:00-де Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында «Ел өркенін өсірген азаттық» тақырыбында квиз және «Декларация-тәуелсіздікті бекітудің алғашқы қадамы» көрмесі өтеді. 

- Сағат 12:00-де «Alatau creative hub» аумағында «Елім менің» мерекелік концерті өтеді.

- Әуезов ауданында 25 қазан күні сағат 12:00-де Family park демалыс саябағында «Республика күніне арнау» атты концерттік іс-шара өтеді. 

- Сағат 14:00-де Көк-төбе саябағында «Алматы әуендері» шығармашылық ұжымдарының қатысуымен «Жасай бер мәңгі – Қазақстан» атты мерекелік концерт өтеді.

- Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында 15:00-ден 18:00-ге дейін қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен қазақ күресінен «Өнер барысы» турнирі өтеді. 

- Сағат 16:00-де Қазақ мемлекеттік циркінде Республика күніне және цирк әртісінің 70 жылдығына орай атақты клоун және сиқыршы Кәрім Мұтырғановтың бенефисі ұйымдастырылады. Акробаттар, әуе гимнасттары, жонглерлер, эквилибристер, иллюзионистер мен сайқымазақтар шоу-бағдарлама көрсетеді.