Алматыда полицияның рейдтік жұмыстарына наразылық ретінде заңсыз саудамен айналысушы әйел жол бойына жатып алды

Алматыда полицияның рейдтік жұмыстарына наразылық ретінде заңсыз саудамен айналысушы әйел жол бойына жатып алды
Сурет: Inform.kz

Алматы қалалық полиция қызметкерлері арнайы рейд кезінде Розыбакиев көшесінің бойында заңсыз сауда жасап жатқан тұрғындарды анықтады.

Тексеруге наразылық білдірген саудагерлердің бірі көліктің астына түспекші болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Бейнежазбадан полицейлерге наразылық білдіріп, ашуға бой алдырған әйелдің көшенің ортасына барып жатып алғанын көруге болады. Өз кезегінде Алматы қалалық полиция департаменті Розыбакиев көшесі бойындағы көтерме базар маңында орналасқан үйлердің тұрғындарының көптеген арыз-шағым түскенін мәлім етті.

Осыған орай Алмалы аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция қызметкерлері аталған аудан әкімінің тапсырмасы бойынша жабайы сауданың алдын алу және жою мақсатында рейд жүргізді.

«Құқық бұзушылар арасында 1962 жылы туған А. есімді әйел болды. Ол полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынғысы келмей, жолға жүгіріп шықты. Оған қытысты Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы кодекстің 667-бабының бірінші тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», - деді полициядан.