Алматыда құны жарты миллиард теңгелік контрабандалық темекі тәркіленді

Алматыда құны жарты миллиард теңгелік контрабандалық темекі тәркіленді
Сурет: Rbc.ru

Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

Алматы облысының салық органы қызметкерлері құны 527,3 миллион теңге болатын контрабандалық темекі өнімін анықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Қаскелең қаласында Алматы-Бішкек трассасының 29-шақырымында орналасқан «Кристалл» қонақүйінде 925 мың қорап заңсыз темекі өнімі анықталды. Акциздік маркасы жоқ контрабандалық темекі өнімін тексеруге Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің және Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері қатысты.

Тексеру нәтижесі бойынша, барлық материалдар ҚК-нің 233-бабы бойынша Алматы облысы Экономикалық тергеу департаментіне берілді. Төленбеген акциздік шығын сомасы – 227,6 миллион теңге. Темекінің жалпы құны – 527,3 миллион теңге.

Тауарға қатысты жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр.