Алматыда көлік ұрлағандар ұсталды

Алматыда көлік ұрлағандар ұсталды
Сурет: Polisia.kz

Қаскөйлер Уәлиханов көшесінің бойында Toyota көлігін ұрлап кеткен.

Көлік ұрлағандарды ұстау іс-шарасын қаланың криминалдық полициясы Медеу аудандық полиция басқармасы жедел уәкілдерінің белсенді көмегімен жүргізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Жедел іздестіру шаралары барысында күдіктілер ұсталды. 36 жастағы О.есімді көлік ұрысы көліктерді ашып, рөлге отырған. 26 жастағы С. есімді азамат және 39 жастағы А. есімді азамат –  сыбайластар. Тергеу шаралары барысында күдіктілердің ұрлап кеткен көлікті Жаркент қаласында сатып жібергендігі анықталды. Сатып алушыны көліктің құжаттарының жоқтығы таңқалдырмаған. Бірақ кейінірек көлік табылып, тәркіленді және заттай айғақ ретінде ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс материалдарына тіркелді», – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.

Айтпақшы, негізгі күдікті мүліктік қылмыстар – ұрлық және тонау жасағаны үшін үш рет сотталған, ал сыбайластарының бірі ҚР ҚК-нің 96-бабы 1-бөлігі бойынша жазасын өтеген. Қазір полиция қызметкерлері ұсталған адамдардың жеке басын бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғына тексеріп жатыр. Күдіктілер қамауда отыр.