Алматыда итальяндық мәдениет институты ашылды

Алматыда итальяндық мәдениет институты ашылды
Сурет Алматы қаласы әкімдігі

Алматыда Орталық Азия мен Кавказ өңірінде тұңғыш итальяндық мәдениет институты ашылды. Іс-шараға Алматы қаласы әкімдігінің, дипломатиялық корпустың, Гете институты мен Француз Альянсының, итальяндық қоғамдастықтың, жергілікті бизнес пен мәдениеттің өкілдері қатысты, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Қазақстан-Италия арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жылдан асқан, бүгінде елдер арасында саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени ынтымақтастық табысты дамуда. Елдер мен қалалардың жақындасуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі өзара мәдени байланыс.

Мәдениет институтының негізгі миссиясы итальян тілі мен мәдениетін насихаттау, жаңа шығармашылық таланттарға назар аудару. Өз қызметі барысында ЖОО итальян тілін үйренуге жәрдемдеседі, итальяндық кітаптарды басып шығаруға қолдау көрсетеді, көрмелер мен фестивальдар ұйымдастырады, музыка, би, кино, театр, әдебиет және т.б. байланысты іс-шараларды жоспарлауда жергілікті мекемелермен ынтымақтастықты жүзеге асырады.

Италияның Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігі әлем бойынша 86 итальяндық мәдени институттар желісін үйлестіріп, басқарады. Мұндай алғашқы институт 1922 жылы Прагада (Чехия) ашылды. Осы оқу орындарында құрылған сәттен бастап 330 мыңнан астам студент итальян тілін оқыды.

Алматыдағы итальяндық мәдениет институты Италия мен Қазақстанның достас халықтары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Мәдени өзара іс-қимылдың мысалы ретінде Неапольде биыл 15 қарашадан бастап бір ай бойы Алматы тарихы музейінің «Қазақстан көшпенділері: тарихы мен бүгінә» көрмесі өтіп жатыр, онда итальяндықтар Ұлы Даланың тарихымен және мәдениетімен таныса алады.