Алматыда дүкен тонаған өскемендік жігіт Түркістанда ұсталды

Алматыда дүкен тонаған өскемендік жігіт Түркістанда ұсталды
Сурет: Polisia.kz

Күдікті ұрланған заттарды ломбардқа өткізіп тұрған жерінен ұсталды

Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Кентау қаласының біріндегі қонақ үйге аялдаған Өскеменнің екі тұрғыны Түркістан ҚПБ криминалдық полиция қызметкерлерінің назарына түсті. Олардың бірін жедел уәкілдер ұрлап алған заттарды Түркістан қаласындағы ломбардқа өткізіп тұрған жерінен қолға түсірді.

«Біз ұстаған жігіттің бұрын қарақшылық қылмысы үшін сотталғанын анықтадық. Күдіктінің айтуынша, досымен бірге 5 қаңтарда Алматыға барған. Яғни, жаппай тәртіпсіздік кезінде Kcell, Activ дүкендерінің бірін тонап, ол жерден бес Samsung телефонын, екі сымсыз құлаққапты және Apple Watch брендтік смарт-сағатты ұрлап, алып кеткен. Осылайша олар миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірген. Іздерін жасыру мақсатында жас жігіттер Өскеменге қайтқан. Сол жақта үш телефонды ломбардқа өткізіп, ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсап жіберген. Алдын ала жоспарлы түрде әрекет еткен екеу блок-бекеттердің барлық жерде алынып тасталғанын пайдаланып, Түркістан облысына таксимен келген. Бүгінгі таңда аталған жайтқа байланысты тергеушілермен ҚР ҚК 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Ал айғақты зат ретінде ұрланған заттардың бір бөлігі тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу кезінде біз осы қылмыстың барлық жай-жапсарын анықтайтын боламыз», – деді Түркістан облысының полиция департаменті бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков.

Қазіргі таңда полиция қызметкерлерімен күдіктінің сыбайласы іздестірілуде.