Бронхит қандай асқынуға әкеледі?

Бронхит қандай асқынуға әкеледі?
Сурет: Elamed.com

Бронхит - бронхтың қабынуынан туындаған тыныс алу органдарының ауруы.

Бронхит кезіндегі қабыну процесі бронхтың шырышты қабығына ғана әсер етуі не оның қабырғасының бүкіл қалыңдығына әсер етуі әбден мүмкін дейді Алматы No36 қалалық емхананың дәрігері Назым Шөжеева.

Оның айтуынша, жіті бронхит жөтелмен, кеудедегі ауырсынумен және ентігумен сипатталады. Бронхит жағдайының көпшілігі өздігінен жойылса да, ауру дұрыс емделмегенде туындауы мүмкін белгілі бір асқынулар бар.

Мәселен жіті бронхит бронхопневмония түріндегі асқынуды тудыруы мүмкін, бұл өкпеге әсер ететін инфекциялық және қабыну процесі, қызба, құрғақ жөтел және жалпы әлсіздікті тудырады.

Созылмалы аурудың бақыланбайтын шырқауы тұрақты жіті пневмонияға әкеледі және ақырында өкпенің обструктивті ауруына айналады. Бұл кезде арна тарылып, тыныс алу жолдарының шырышты қабаты ісінеді, өкпе тіндері ішінара жойылады.

«Аурудың асқынуына жол бермеу өте маңызды. Жөтел, қызба, әлсіздік сияқты мүмкін бронхиалды зақымданудың алғашқы белгілері пайда болған кезде-ақ дәрігерге көріну керек. Дәрігер диагноз қойып, қалай және немен емдеу керек екенін айтады», - деп бөліседі маман.

Созылмалы бронхит өкпе гипертензиясының, эмфиземаның, бронхоэктаздық аурудың, пневмонияның, төтенше жағдайда жүрек жеткіліксіздігінің және басқа да бірқатар қауіпті аурудың дамуын тудыруы мүмкін.

Жоғарыда аталған асқынудың кез келгеніне тап болсаңыз, мүмкіндігінше тезірек медициналық көмекке жүгіну маңызды. Уақтылы емдеу кезінде жоғарыда аталған асқынудың даму ықтималдығын айтарлықтай төмендетуге болады.