Алматыда биыл жасанды ұрықтандыруға 3241 квота бөлінді

Алматыда биыл жасанды ұрықтандыруға 3241 квота бөлінді
Сурет: ашық дереккөз

Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасы бойынша 2024 жылға 3241 квота бөлінді. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев айтты, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Оның айтуынша, МӘМС аясында халыққа қолжетімді болған қызметтің бірі — экстракорпоральды ұрықтандыру немесе ЭКҰ процедурасы.

«Биыл Алматыда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында ЭКҰ бағдарламасына 3,8 млрд теңге бөлінді. Аталған сомаға барлығы 3241 жасанды ұрықтандыру процедурасы жасалуы тиіс. Биыл оңтүстік астана бойынша медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткен 8 клиника жұмыс істейді. Олардың тізімін Қордың fms.kz ресми сайты арқылы танысуға болады», — филиал директоры.

Бағдарламаға ерлі-зайыптылар ғана емес, ресми некеге тұрмаған жұптар да қатыса алады. Мұндай жағдайда екі жақтың өзара жазбаша келісімі қажет.

«Жасанды ұрықтандыру бағдарламасы 2020 жылдан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті арқылы қаржыландырылады. Бағдарламаға қатысқысы келетін пациент міндетті түрде сақтандырылған болуы шарт», — деп атап өтті Тілеухан Әбілдаев.