Алматыда биыл ҰБТ өткізудің ерекшеліктері туралы айтылды

Алматыда биыл ҰБТ өткізудің ерекшеліктері туралы айтылды
Сурет: 24.kz.

Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамырда басталды, 5 шілдеде аяқталады. 

ҰБТ тапсыру кезінде ашықтық пен академиялық адалдықты сақтауға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Ермекбаева мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Спикер биылғы жылдан бастап талапкерлерге ҰБТ тапсыруға және грантқа түсуге екі мүмкіндік берілетінін атап өтті. Екі мүмкіндіктің көмегімен мамандандырылған пәндердің тек бір комбинациясын таңдауға болады. Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамырда басталды, 5 шілдеде аяқталады. Осы уақыт аралығында өткен жылдардағы мектеп, ТжКБ түлектері, шартты түрде оқып жатқандар және қандастар да қатысуға құқылы. 

«Осы жылдан бастап талапкерлердің тестілік нұсқасы академиялық адалдықты сақтау үшін таңбаланатынына назар аударғым келеді (әрбір қатысушы үшін жеке). Ереже бұзылған және тест тапсырмаларын аудиториядан тыс шығаруға әрекет жасалған жағдайда, Ұлттық тестілеу орталығы тәртіп бұзушыларды анықтап, олардың тестілеу нәтижелерінің күшін жояды», - деп атап өтті Гүлнар Ермекбаева. 

Пәндердің саны өзгеріссіз қалады. Ал тест тапсырмаларының саны – 120. (Оның ішінде Қазақстан тарихынан - 15, математикалық сауаттылықтан - 15, оқу сауаттылығынан - 20 және екі бейіндік пәннен – 35). Ең жоғарғы ұпай саны – 140. 

Алматы қаласы білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы ерекше білім беруді қажет ететін талапкерлерге қолайлы жағдай жасау үшін алғаш рет негізгі 240 минутқа қосымша тағы 40 минут берілгендігі туралы айтты. Сонымен бірге олар үшін тест нұсқалары суреттерсіз, диаграммаларсыз және сызбаларсыз әзірленді. 

Спикердің айтуынша, грантқа түсу үшін ҰБТ тапсырудың екі мүмкіндігі тиімділікті арттырады және балалардың күйзелісін азайтады. Жыл сайын тест тапсырмаларының базасы 30%-ға жаңартылып отырады. Бұл ретте репродуктивті сипаттағы емес, шығармашылық сипаттағы, зерттеу, синтездеу және талдау қабілетіне, яғни оқушылардың өз білімдерін іс жүзінде қолдануына арналған, жауаптары жатталатын емес, сұрақтар енгізіледі. ҰБТ тапсырудың екі әрекеті де тегін болады және олардың нәтижелері грант алу конкурсына қатысуға жарамды болады. 

ҰБТ кезінде компьютер экранында калькулятор, Менделеев кестесі және металдардың бірқатар белсенділігі қосылған тұздардың ерігіштігі кестесі қолжетімді болады. 

Үміткерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат аппеляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады. 

ҰБТ кезінде ашықтық пен академиялық адалдықты сақтауға ерекше көңіл бөлінеді. Биыл ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ҰБТ «1 компьютер – 2 камера - 1 тестіленуші» қағидасы бойынша өткізіліп жатыр. Талапкердің тест тапсыру орнында негізгі камерадан басқа тұлғаны анықтауға және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін қосымша фронтальды веб-камера орнатылған. 

«Бірінші мүмкіндікте ереже бұзылған жағдайда, тест нәтижелері жойылады және талапкерге екінші мүмкіндік берілмейді. Ал біріншісінен сәтті өтіп, екінші мүмкіндікте белгілі бір ережелерді бұзса, екеуінің де нәтижесі жойылады және конкурсқа қатыса алмайды. Сондықтан әрбір талапкерді академиялық адалдықты сақтауға шақырамыз», - деп хабарлады Гүлнар Ермекбаева. 

Әрбір ата-ана ҰБТ-дің өту барысын көре алады. Барлық бейнежазба тестілеуден кейін тексерістен өтеді. Тестілеуге қатысушы тәртіп бұзған жағдайда нәтижесі жойылады, грант иегері болып жатса да, грантынан айырылады.