Алматыда автобус апатына кінәлі жүргізушіге қатысты сот үкімі шықты

Алматыда автобус апатына кінәлі жүргізушіге қатысты сот үкімі шықты
Сурет: ашық дереккөз

Алматыда адам өліміне әкеп соққан жол апатына кінәлі № 98 автобус жүргізушісіне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі (абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған жол қозғалысы ережелерін бұзуы) бойынша А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сот анықтағандай, 2022 жылы 8 қараша күні сағат 14:00 шамасында сотталушы А., Абылай хан көшесінің бойымен оңтүстік бағытта No98 автобусты басқарып, Абылай хан және Төле би көшелерінің қиылысында жол қозғалысы ережесін елемей, бағдаршамның тыйым салынған қызыл түсіне өтіп, Төле би көшесімен келе жатқан №201 автобуспен соқтығысқан.

Жол-көлік оқиғасының салдарынан No98 автобустың жолаушылары далаға ұшып кетті, жәбірленуші И. автобус астында қалып, алған жарақатынан қайтыс болды. Екі адам К. және Ш. әртүрлі дене жарақатын алды.

Сот отырысында сотталушы кінәсін мойындаған жоқ, өзін ақтауды сұрады. Сот айыпталушының 3 кішкентай баласы барын және кінәсін жеңілдететін жағдайларды ескеріп, оны екі жарым жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар А. 5 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Бұдан бөлек, Ш. және К.-ның пайдасына моральдық шығын ретінде 2 млн теңге, Ш.-ның пайдасына 323 885 теңге материалдық шығын өндірілді.

Сот үкім заңды күшіне енген жоқ.