Алматыда үш жолайрықтың құрылысы жалғасуда

Алматыда үш жолайрықтың құрылысы жалғасуда
Сурет: Kaznews.kz

Ұзындығы 2,3 км болатын екі жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін, тротуарлар мен велосипед жолдарын салу және көшелерді жарықтандыру қарастырылған.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы жол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі онлайн-таныстырылым барысында салынып жатқан үш жолайрық туралы айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бұқтырма көшесі - Құлжа тракті бойындағы жолайрықтың құрылысы іргелес орналасқан шағынаудандар мен 300 мыңға жуық тұрғыны бар Алматы облысының қала маңындағы елді мекендерін қаланың орталық бөлігіне және Алматы халықаралық әуежайына қолжетімді етуге бағытталған.

Жолайрықтың құрылысы Құлжа трактісінің көлік өткізу қабілетін тәулігіне 77 мың көлікке дейін арттырады, ал Бұқтырма көшесіндегі көлік қозғалысы тәулігіне 60 мыңға дейін ұлғаяды.

Жоба бойынша, Бұқтырма көшесі бойына (570 м) туннельді бөлігі бар үш деңгейлі жолайрықты, Құлжа трактісі бойына (783 м) эстакадасы бар үш жолақты және олардың қиылысындағы айналмалы қозғалысты қамтамасыз ететін кіреберістерді салу қарастырылған.

Ағымдағы жылы жекелеген кіре берістер мен бағыттар бойынша көлік қозғалысын ішінара ашу жоспарлануда. Келер жылы құрылыс толық аяқталады.

Сейфуллин даңғылы – Жансүгіров көшесінің қиылысында туннель түріндегі жолайрық салынуда. Жоба бойынша, Сейфуллин даңғылы бойымен көліктің кедергісіз жүруіне арналған жалпы ұзындығы 690 метрлік екі туннель салу қарастырылған.

Жансүгіров көшесі бойында және кіре берістегі көлік қозғалысы жер деңгейінде өтеді. Сондай-ақ, 4 жерүсті жаяу жүргінші өткелінің, тротуарлардың құрылысы, аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарастырылған.

Жолайрықтардың құрылысы қазірдің өзінде аяқталған Назарбаев даңғылын теміржол бойымен өтетін эстакадамен бірге солтүстік-оңтүстік көлік ағындарын бөлуге мүмкіндік береді. Сейфуллин даңғылының өткізу қабілеті тәулігіне 65 мың көлікті, Жансүгіров көшесінде тәулігіне 76 мың көлікті өткізетін болады. Жобаны аяқтау 2021 жылдың желтоқсанына жоспарланған.

Рысқұлов даңғылы – Емцов көшесі бойындағы жолайрық кіре берістері мен бағытттары бар Рысқұлов даңғылы арқылы өтетін көпірді қамтиды. Эстакаданың ұзындығы – 186 метр. Жерүсті жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы қарастырылған.

Бұл жолайрық пайдалануға берілген кезде Рысқұлов даңғылының көлік өткізу қабілеті тәулігіне 80 мыңға дейін, ал Емцов көшесінде тәулігіне 40 мың көлікке дейін артатын болады.

Биыл Сайын мен Мөңке би көшелерінің қиылысында жолайрықтың құрылысын бастау жоспарлануда. Ол «жоңышқа жапырағы» типтес, түрлі бағыттары әрі кіре берістері болады.

Ұзындығы 2,3 км болатын екі жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін, тротуарлар мен велосипед жолдарын салу және көшелерді жарықтандыру қарастырылған. Жолайрығының өткізу қабілеті тәулігіне 100 мың көлікті құрайтын болады.