Алматы тауларында блокпостар қойылды

Алматы тауларында  блокпостар қойылды
Фото: Алматы ТЖД

Алматы тауларында қар көшкіні қаупі сақталады. Осыған байланысты блокпостар қойылды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Адам өміріне қауіпті аймақтарға, яғни „Космостанция“ автожолындағы Аюсай бөгетінен жоғары және „Шымбұлақ — Тұйықсу мұздығы“ тасжолындағы Эдельвейс көшкін жинау ауданында блокпостар орнатылды. Көшкін қаупі кезеңінің басынан бері адамдар өтпейтін аумақтарда жалпы көлемі 27 мың текше метрден асатын 23 қар көшкіні болды. Абырой болғанда зардап шеккен адам жоқ», — деп хабарлады Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар үш мәрте профилактикалық мақсатта қар көшкіні жүргізілді. Жарылғыш әдіспен 7 мың текше метрден астам қар массасы түсірілді. Құтқарушылар қала тұрғындары мен қонақтарын тауға барудан бас тартуға шақырды.