Алматы полициясына жарылғыш зат туралы жалған хабарлама берген екі азамат анықталды

Алматы полициясына жарылғыш зат туралы жалған хабарлама берген екі азамат анықталды
Сурет: Polisia.kz

Алматы полициясына жарылғыш зат туралы жалған хабарлама берген екі азамат анықталды.

Олардың бірі – 32 жастағы Т. есімді жергілікті тұрғын. Түнгі сағат 02:00 шамасында ол қаланың Түрксіб ауданындағы коммерциялық нысандардың біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлады. Арнайы қызметтің нысанды комиссиялық тексеруі ақпараттың жалған екенін анықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Polisia.kz мәліметінше, хабарлаған адамның кім екені бірден белгілі болды. Ол ұсталды және өз кінәсін мойындады. Күдіктінің айтуынша, ол бұзақылық ниетпен жалған хабарлама жасаған. ҚР ҚІЖК-нің 128-бабына сәйкес, ол қамауға алынды. Оған ҚР ҚК-нің 273-бабында көзделген қылмыс бойынша айып тағылып отыр. Тағы бір күдіктіні полиция қаланың төменгі бөлігінде ұстады.

Өткен күні 28 жастағы Т. есімді азамат Бостандық ауданында орналасқан сауда және ойын-сауық орталықтарының бірінде жарылғыш зат бар екені туралы жалған хабарлама берген. Қаскөй “ізін суытпай” ұсталды. Тәжірибе көрсеткендей, сауда үйлері, қоғамдық тамақтану орындары және басқа да әлеуметтік нысандар, адамдар көп жиналатын объектілер терроризм актілері туралы жалған хабарламаларға жиі ұшырайды.

Телефон бұзақыларының жіберетін ең үлкен қатесі – таба алмайды деген жалған сенім. Бірақ бұл жерде олар қателеседі: бүгінде полицияның да, басқа құқық қорғау органдарының да телефон шалушыны анықтап, сәйкесінше жауапқа тартуға техникалық мүмкіндіктері жеткілікті. Осыған байланысты Алматы полициясы жалған хабарламалар үшін қылмыстық жауапкершілік бар екендігін тағы да еске салады. ҚР ҚК-нің 273-бабының нормасына сәйкес, алдағы лаңкестік актісі туралы жалған ақпарат беру алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасымен жазаланады.