Алматы облысының 150-ге жуық ауылында газ жоқ

Алматы облысының 150-ге жуық ауылында газ жоқ
Сурет: Inbusiness.kz

Биыл тек 9 ауылға ғана көгілдір отын тартылады.

Алматы облысында 150-ге жуық ауылда көгілдір отын жоқ, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Сонымен қатар ауыз су тарту жобаларына да баса мән беріледі. Ауыз сумен қамтамасыз етуге 27 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев басты міндеті - сумен қамтамасыз ету екенін айтты.

«Қазір халықты ауыз сумен қамтудағы көрсеткіш 92,7%-ды құрап отыр. Биыл 62 жобаны іске асыруға 27,8 млрд. теңге қарастырылған. Жыл соңына қарай сумен қамтамасыз ету деңгейі 93,5% жетеді», - деді Марат Сұлтанғазиев.

Аталған саладан басқа, облыс басшысы газдандыру мен жолды жасау секілді инфрақұрылымдық салаларды дамыту өзекті мәселе екенін айтты.

«Бүгінгі таңда газдандыруға жататын 294 елді мекеннің 147-сі газдандырылды. Көгілдір отынға облыстың 1 млн 114 мың тұрғыны қосылған. Биыл тағы 9 елді мекенді қосқанда көрсеткіш 69,4%-ға жетеді», - деді әкім.

Аймақ басшысының сөзінше, жылдан-жылға жолдардың сапасы жақсарып келеді. 2022 жылы барлығы 731 шақырым жол жөнделді. Биыл жол инфрақұрылымын жақсартуға 48,5 млрд. теңге бөлінді. Жыл соңына қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жол деңгейі 91%-ға жетеді деп жоспарланып отыр.