Алматы облысында 1500-ден астам бала онлайн форматта оқып жүр

Алматы облысында 1500-ден астам бала онлайн форматта оқып жүр
Cурет: Qazaqstan.tv

Оған себеп:Талғар ауданына қарасты Гүлдала ауылындағы жалғыз мектеп күрделі жөндеуге жабылған.

Ал, оқушылардың сапалы білім алуына ешқандай жағдай жасалмаған. Онлайн оқудың азабын көріп отырған  ата-аналар қапалы. «Ұл-қыздарымызға ватсап арқылы сабақ өтеді», - деген ата-аналар тиісті мекемелерден қайыр жоқ деп отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. Qazaqstan.tv сайтына сілтеме жасап. 

Осы мектепте екі ұлы оқитын Нұржәмилә Додаеваның айтуынша, күнделікті сабақ түскі бір жарымда басталады. Өзі жұмыста болғандықтан, балаларды қадағалау да қиынға соғып жүр екен.

«Бірінші қыркүйектен бастап осылай онлайн форматта оқып жатырмыз. Өздеріңіз көргендей, ватсаппен апайы тапсырма жібереді, оны қасында қадағалап қарап отырмасаң, балаға қиын. Онлайн формат білім болмайды. Өте қиын. Баланың көзіне де зиян. Мұғалім оқытқандай болмайды», - дейді ауыл тұрғыны Нұржәмилә Додаева. 

Гүлдаладағы жалғыз мектеп күрделі жөндеуге жабылған. Ал, оқушыларды Панфилов, Қызылту сынды көрші ауылдарға апарып әкелетін автобустар бөлінуі керек болған. Оқу жылының бір жарым айы өтсе де, бұл түйткіл шешімін таппапты.

 «Онлайннан шаршадық. Шаршағаннан бұрын мен өзім баланы оқыта алмаймын ондай форматта. Денсаулығым нашар. Бала сезіне алмайды. Сол үшін бізге автобус керек», - дейді ауыл тұрғыны Айгүл Наурызбаева.

Балалар үшін қоғамдық көліктің бөлінетіні айтылып, тапсырманың әлі күнге орындалмау себебін аудандық білім бөлімінің басшылары былай түсіндіріп отыр.

 «Біз осымен конкурсты төртінші рет беріп жатырмыз. Бірінші конкурста жеңімпаз атанған жеке кәсіпкер тасымалдаудан бас тартты. Екінші конкурста талапқа сай болмағандықтан, бас тартылды. Үшінші конкурста дәл сондай жағдай болды. Төртіншісінде қазіргі жеңімпаз анықталып отыр», - дейді Талғар ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ләззат Құрманбаева. 

Мектеп директоры да ата-аналардың талабы орындалатынын растады. Енді тоқсан бойы қашықтан оқытылған оқушылар қатарластары секілді мектеп қабырғасында білім алады.

 «Бүгін түстен кейін маған автобус паркінің өкілі келеді. Сол уақытта нақты автобустар саны айтылады. Бірақ, менің кеше естуімше, тоғыз 50 орындық автобус бөлінеді. Бізге бұл жеткілікті. Балалар үш мектепке тасымалданып оқытылады», - дейді №21 орта мектептің директоры Қуан Айтбаев.

Бұл мақсатқа мемлекеттен 11 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған. Талғар аудандық білім бөлімі күні ертеңнен бастап оқушыларды тасымалдайтын транспорттар қатынай бастайды деп уәде берді. Ал, 6 ай бұрын жөндеу жұмыстарына жабылған мектеп жоспар бойынша келесі жылдың басында қайта ашылады.