Алматы әкімі Ерболат Досаев полиция қызметкерлерімен кездесті

Алматы әкімі Ерболат Досаев полиция қызметкерлерімен кездесті
Сурет: 24.kz.

Полицейлердің жұмыстарына табыс тіледі. 

Алматы әкімі Ерболат Досаев Полиция департаментіне барып, құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесті. Қала басшысы полиция қызметкерлеріне террористік акциялар кезіндегі қызметтері үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«Құрметті Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкерлері!

Ең алдымен қаланы террористерден қорғау жолында қаза тапқан полицейлердің жақындары мен туған туысқандарына көңіл айтқым келеді.

Өз атымнан қаңтар трагедиясы кезінде кәсіби  міндетті атқарғаныңыз үшін алғыс айтам. Өліммен бетпе-бет келген сәтте ешқандай қауіп-қатерге қарамастан батырлық танытып,   қылмыскерлерге қарсы ерлікпен күресе білдіңіздер.

Осындай сын сағаттарда қала тұрғындарының қауіпсіздігіне кепіл бола алатын ол – дәл осы полиция қызметі екені белгілі. Сіздер қоғамда тұрақтылықты қамтамасыз етуші қорғаушы саналасыздар. Ал, біз өз тарапымыздан қаланың құқық қорғау органын одан әрі жетілдіре түсуге күш жұмсап, полиция қызметін мұқият саралай отырып, тұрғындардың сенімін еселей түсеміз.

Мұндай қайғылы жағдайды келесіде болдырмас үшін полиция қызметін жандандырып, заманауи техникамен жабдықтау керек екенін қалаға жасалған шабуыл  айқындап берді.

Қаза тапқан полицейлердің отбасына көмек көрсетілді, қазір бүлінген ғимараттар жөнделіп, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Біз бәріміз қаланың тыныштығы үшін тік тұрып, аянбай еңбек ете алатынымызға сенім білдіргім келеді. Біз сіздерге қаланың ең басты байлығы – Алматы тұрғындарының амандығы мен денсаулығын сеніп тапсырамыз.

Осындай қиын да жауапты қызметте жүрген сіздерге зор денсаулық, кәсіби тұрғыда табыс, отбасыларыңызға тыныштық пен береке-бірлік тілеймін.

Қызметіңіз үшін рахмет!»,-деді Ерболат Досаев.

Әкімге Жедел басқару орталығы, оның ішінде  бүкіл қала бойынша орнатылған 10 мыңнан астам бейнекамераға қосылған бейнебақылау жүйесі көрсетілді. 

Кездесу соңында Ерболат Досаев полицейлерге жұмыстарына табыс тіледі, олардың қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөлін және қызметтеріне халықтың сенімін үнемі арттыру қажеттігін атап өтті.