Алматы-2 стансасынан Қонаев қаласына дейін электр пойызы іске қосылады

Алматы-2 стансасынан Қонаев қаласына дейін электр пойызы іске қосылады
сурет: Almaty.tv

Жоба 2030 жылға қарай іске асады

Биыл қазан айына дейін Алматынының Төле би көшесіндегі жедел рельсті трамвай жолын дамыту бойынша шешім шықпақ. Ал 2030 жылға қарай Алматы-2 стансасынан Қонаев қаласына дейін электр пойызы іске қосылмақ. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев 2025-2030 жылдарға арналған даму жоспарын қоғамдық кеңес мүшелерімен талқылау барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Мегаполис басшысы қаланы кешенді дамыту 12 бағытта жүреді деді. 2025-2030 жылға қарай шаһарды бес орталыққа бөліп, барлығында әлеуметтік нысандар 15 минуттық жерде болуы қарастырылады. Әсіресе қоғамдық көліктерді дамытуға көңіл бөлінбек. 800 жаңа автобус алынады, газбен жүретін қоғамдық көліктер үшін екі парк пен 5 газ құю бекеті салынады.

«Батыс бағытта үш жаңа метро стансасы салынады. Алматы метросын одан әрі дамытудың аясында Солтүстік бағытта Алматы-1 темір жол вокзалына дейін метроны дамыту бойынша ұсыныстар дайындалады. Биыл қазан айына дейін Төле би көшесіндегі ЛРТ-ны дамыту жөніндегі шешім қабылданады», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Сондай-ақ Ерболат Досаев жыл соңына дейін агломерацияларды дамытудың жаңа жоспары қабылданатынын мәлімдеді. Соның аясында экология, көлік интеграциясы, әлеуметтік инфрақұрылым мен жұмыс орындарының құрылуы сияқты мәселелер шешілмек.

«Қала мен қала маңындағы көлік байланысты жақсарту үшін біз қосымша жаңа 30 маршрут, қосымша Алматы-2 стансасынан Қонаев қаласына дейін электр пойызын іске қосамыз. Алматы-3 темір жолы вокзалының құрылысын бастаймыз. Ең көп күш түсетін кіру магистралдарын 2025 жылға дейін Құлжа тарктісі мен Боралдай-Шамалған трактісін, 2030 жылға дейін Талғар трактісі мен жоғары Қаскелең трактісін кеңейтеміз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Кешенді даму бағыттарын атай келе, шаһар басшысы Алматыны дамыту туралы жоспарға тұрғындардың 63 пайызы оң пікір білдіргенін тілге тиек етті. Еске салсақ, бұған дейін мегаполистің даму жобасы 27 маусым мен 1 шілде аралығында қоғамның талқысына салынды. Осы уақыт аралығында тұрғындардан 1200-ден аса ұсыныс келіп түскен. Қала халқы көбіне жаңа метро бағыттарын ашу, жұмыссыздықты жою, жүріп-тұруға жайлы жағдай жасау, экология сияқты мәселелерді көтерген. Отырыс кезінде қоғамдық кеңес өкілдері елді толғандырған түйткілдерді жеткізіп, әкімнен тікелей жауап алды.

«Енді қарастырамыз деді. Жатақханаларды қоғамдық кеңес өкілдерімен аралап, жатақханалардың жайын айтты. Ағаш отырғызуға байланысты мәселе көтерілді. Алматыға қандай ағаштар жерсінеді, сол туралы мына ботаникалық бақтың өкілдерімен келісіп, сұрастырып қарап көрейік деді», – деді қоғамдық кеңес мүшесі Талғат Жанысбай.

«Мен де бір мәселен көтерсем бе деп отырмын. Денсаулыққа байланысты. Біздің еліміз жан басына шаққанда жүрек-қан тамыр ауруларынан әлемде алдыңғы орын алады. Бұның басты себебі елдегі емдеу жүйесінің қателіктерінен болып отыр. Дәрі-дәрмек тек шамамен 30 пайыз көмектеседі екен. Ал қалғаны дәріге қатысы жоқ. Аурудың алдын алу керек», – деді қоғамдық кеңес мүшесі Еркін Рақышев.
Кездесу барысында қала басшысы қоғамдық кеңес мүшелерін атқарылар шаруаларды бір жеңнен қол, бір жағадан бас болып бірігіп шешуге шақырды. Шаһарды дамыту жоспары алдағы 2 ай бойы талқыға түсетін болады. Ұсыныс, тілектер мен негізгі бағыттар 5 қыркүйекте нақты бекітілмек. Қалалықтар жобамен Алматы даму орталығының ресми сайтынан таныса алады.