Алдағы күндерге арналған ауа райы болжамы

Алдағы күндерге арналған ауа райы болжамы
Сурет: 9111.ru

Қазақстан аумағының басым бөлігі солтүстік-батыс антициклоны ықпалында болады.

«Қазгидромет» мамандары 19-21 наурыз күндеріне арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Мамандардың болжамы бойынша, апта соңында Қазақстан аумағының басым бөлігі солтүстік-батыс антициклоны ықпалында болады, осыған байланысты аязды, көбіне жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Алайда Жаңа жер архипелагы жақтан келетін циклон 20 наурызда республиканың солтүстік, солтүстік-батыс аймақтарына әсер ете бастайды.

«Циклон оңтүстік-шығысқа қарай ауысып, 21 наурызда республиканың басым бөлігін қамтиды. Осыған байланысты ауа температурасы жоғарылап, күн кұрт бұзылады, атап айтқанда, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста қар аралас жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауып, жел күшейеді, жаяу бұрқасын соғуы ықтимал. Республика бойынша тұман түсуі ықтимал», - делінген синоптиктер хабарламасында.