Мемлекет 400 мыңнан астам оқушыға қаржылай көмек көрсетеді

Мемлекет 400 мыңнан астам оқушыға қаржылай көмек көрсетеді
Сурет: Ser-per.kz

Енді ең төменгі көмек 37 389 теңге болады.

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Бұған дейін арнайы санаттағы балаларды мектепке дайындау үшін мемлекет есебінен бөлінетін қаражат мөлшері 17-40 мың теңге аралығында болатын. Таяуда бұл нормаға министрлік ұсынысы бойынша өзгерістер енгізілді. Енді ең төменгі көмек - 37 389 теңге болады. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың ұсынысымен көмек көрсету тетігіне өзгерістер енгізілді. Енді ақша ата-аналардың шотына тікелей аударылады. Бұған дейін қажетті заттарды әкімдіктер сатып алатын. Сондықтан да тауардың көлеміне, сапасына байланысты мәселелер туындайтын», - деді Дулат Жекебаев. 

Биыл материалдық көмек атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, АӘК алмайтын, бірақ орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына беріледі. 

Негізгі қолдау шараларын әкімдіктер жүзеге асыратындықтан, биыл олар қаржылай көмек алатын барлық балаға 37 389 теңге көлемінде қаражат бөледі. Бүгінгі таңда бұл сомадан да артық қаржы бөлетін жергілікті атқарушы органдар бар.