Алдағы 6 жылда елде ұшақ тапшылығы туындауы мүмкін

Алдағы 6 жылда елде ұшақ тапшылығы туындауы мүмкін
Сурет: 24.kz

Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев Үкімет басшысына жолдаған сауалында елімізде жолаушы тасымалын 99 әуе кемесі іске асырып жатқанын мәлімдеді.

2030 жылға қарай жолаушы саны 24 млн-ға жетеді деген болжам бар. Соңғы 30 жылдан бері әуе паркін жаңарту жұмысы мардымсыз жүргізілген. Сондықтан қолданыстағы әуе флотының қысқару қаупі бар, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Сенатор өңірлік әуежайлардың талапқа сай болуы үшін инвестиция тарту қажеттігін атап өтті. Бүгінде тек 10-ы ғана тәулік бойы жұмыс істейтін қону жүйесімен жабдықталған. Әуежайларды шетелдік компанияларға тапсыру да ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде мәселе туындатады.

Бұл ретте Сенатор авиация мекемелерін бірлесіп басқару тетігін енгізуді ұсынды. Сондай-ақ кадрлар даярлығына көңіл бөліп, университеттер базасында ғылыми-зерттеу институттарын құру маңызды. Оған қоса отандық зауыттарды авиаотын өндіруге қайта бағдарлау қажет. Еске сала кетейік, әуемен қатынайтындардың 70%-і «Air Astana»-ның үлесінде болса, SCAT жолаушының 23%-ін, ал қалғанын «Qazaq Air» тасиды.