Қала Әкiмi метрополитеннiң екiншi кезеңiнiң тұсауын кестi

Құрылысқа мемлекет 2,2 млрд. теңге бөлдi

Берiк СӘДУАҚАС

Қала Әкiмi Ахметжан Есiмов жұмыс кестесiнiң аясында метрополитен құрылысы барысымен жан-жақты танысты. Жерасты жолаушылар тасымалының мән-жайын көрер алдында Ахметжан Смағұлұлы бiрiншi метро желiсiнiң екiншi кезеңi құрылысының салтанатты ашылу рәсiмiнде бата берiп, тұсауын кестi.

2010 жылы Үкiмет метрополитен құрылысының екiншi кезегiнiң техникалық-экономикалық негiздемесiн бекiткен болатын. Қазiргi таңда ұңғыма жұмыстары басталып, екi стансаның жобасы өңделу үстiнде. Естерiңiзге сала кетсек, екiншi кезең аяқталғанда қаланың батыс жағындағы «Қалқаман» ықшамауданы тұрғындары «Алматы-1» темiр жол бекетiмен жерасты жүрдек көлiгiмен қас-қағым уақытта байланыса алады. Бүгiнгi күнi құрылысы басталған екiншi кезең Гагарин – Абай даңғылдары қиылысынан «Қалқаман» елдi-мекенiндегi Әуезов көшесiне дейiн жалғасады. Оның қашықтығы – 8,62 шақырым. Екiншiсi – Райымбек – Фурманов даңғылынан «Алматы-1» темiр жол бекетiне дейiн. Қашықтығы – 8,76 шақырым. Ал, метрополитеннiң бiрiншi және екiншi кезеңiн қоса алғанда жалпы ұзындығы 24,3 шақырымды құрайды. Бұл құрылыстың барлығы тұтастай iске қосылғанда қаланың көлiк жүйесiн кешендi дамытуға септiгiн тигiзедi.

Шаһар басшысы Ахметжан Есiмов бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiмен бiрге «Алатау» бекетiнен (Гагарин – Абай даңғылдары қиылысы) «Райымбек» бекетiне дейiнгi аралықтағы 5 стансада аялдап, мәреге жетiп қалған құрылыс барысын өз көзiмен көрдi. «Алмалы» стансасында метрополитен құрылысының жетекшiлерiмен, жобалаушылармен көшпелi кеңес өткiздi. «Алматыметроқұрылыс» АҚ-ның басшысы Мұратбек Өкшебаев атқарылған жұмыстардың барысы туралы есеп бердi. Оның айтуынша, бүгiнгi күнi метрополитен құрылысының бiрiншi кезеңi 90 пайызға әзiр. Әрбiр стансаларда сантехникалық, электрлi, коммуникациялық желiлердiң және автоматтандыру қондырғыларының жұмыстары 30–38 пайыз орындалған. Қазiргi уақытта метрополитен қауiпсiздiк жүйесiнiң 29 түрiмен жабдықталған. Тоннельдерде және вагондардың iшi-сыртында лаңкестiк әрекеттердiң алдын алу үшiн бейнебақылау камералары қойылды.

Алматы метросы үшiн арнайы тапсырыспен құрастырылған оңтүстiккореялық «Hyndai Rotem» компаниясының вагондары 7 құрамда жүйткитiн болады. Әр құрамда 4 вагоннан. Вагондар желдеткiш жүйелерiмен жабдықталған. Метрополитен көлiгiнiң орташа жылдамдығы сағатына 40 шақырым, бiрiншi станса мен соңғы стансаға дейiн аялдау уақытын есептегенде 15 минутта жетуге мүмкiндiк бар.

– Бiз бүгiн тұңғыш рет сiздермен бiрге 7 бекеттiң құрылыс қарқынымен толық таныстық, – дедi сапар соңында қала Әкiмi журналистерге берген сұхбатында. – Жұмыс барысы менi қанағаттандырады. Қажеттi қаржы мәселесi түбегейлi жыл аяғына дейiн шешiмiн тапқан, алаңдауға негiз жоқ. Эскалаторлар барлық бекеттерде қойылыпты, оны әзiрде көрдiк. Ендi, құрылыс жұмыстары қазан айында түбегейлi аяқталады, сосын бiр-екi дайындық шараларынан соң, Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы мерейтойында бұл алып ғасыр құрылысы ел игiлiгiне берiледi.

Ахметжан Смағұлұлы сондай-ақ, қала ауа бассейнiн оңалту жолында қолға алынып жатқан кешендi шаралардың да мән-жайынан хабардар еттi. Қала басшысының атап өткенiндей, қазiргi таңда қалалық муниципалды жолаушы тасымалдау паркi жұмыс iстей бастады. Әуелде газбен жүретiн 20, жуырда тағы 70 автобус жеткiзiлген. Келешекте көлiк саны 200-ге дейiн жететiн болады. Сонымен қатар, Шығыс айналма жолы толық аяқталуға жақын, оның үстiне биыл тағы екi алып жол айрығының құрылысы басталады.

– Осы жұмыстардың нәтижесi түптiң түбiнде қаланың экологиясын сауықтыруға бағытталады. Метрополитеннiң бiрiншi желiсi пайдалануға берiлгенде тәулiгiне 300 мың немесе жылына 110 млн. жолаушыны тасымалдай алады. Екiншi кезеңi iске қосылғанда тасымалдау тәулiгiне 748 мың жолаушыға немесе жылына 305 млн. адамға дейiн артады. Көрiп отырғандарыңыздай,мМетро көлiгiнiң жолаушы тасымалдау мүмкiндiгi өте кең. Ең бастысы, бұл – экологиялық таза тасымал көлiгi. Кеше ғана Президентiмiз қаламызға жұмыс сапарымен келiп кеттi. Әуежайдан түсе салысымен мемлекет басшысы «Ауа-райы қандай таза, тынысымды ашып жiбердi ғой» деп тамсанды. Әрине, бұл жағдай Наурыз мерекесiне орай автокөлiк қозғалысының төмендегенiне байланысты болып отыр, – дедi қала Әкiмi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *