Айтары көп асыл азамат еді

2011 жылы 18-наурыз күні  «Atameken Holding» Қаржы және өнеркәсіп тобының басқарма төрағасының орынбасары, холдингке қарасты «Атамекен балық өнеркәсібі» зауытының бас директоры Айтжан Өмірзақ Рүстемұлы мезгілсіз өмірден озды. 

Ол 1954 жылы Қызылорда облысы Арал қаласында дүниеге келген. Алматы Энергетикалық институтын инженер-электрші мамандығы бойынша  тәмамдаған. Еңбек жолын  1976 жылы  Қызылорда қаласындағы  картон зауытында инженер-энергетик  мамандығынан бастады. Кеңес Одағы Теңіз флоты министрлігінің  «Арал кеме жасау»  зауытында бас инженер-энергетик, бас инженер қызметтерін атқарды (1981-1985). Содан соң Арал аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісінен бастап  Қазақстанның Жастар Одағы комсомол  комитеті Арал аудандық  ұйымының бірінші хатшысы, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, Арал қалалық атқару комитеті төрағалығына дейін көтерілді (1989-1993). Осындай  қызметтерді атқара жүріп, ауданның  денсаулық, білім, мәдениет, спорт салаларының дамуына зор үлесін қосты. Тұрғын үй, жол құрылысы, аурухана, мектеп, спорт алаңдарын  салу, қаланы көркейту, газ құбырларын жүргізу  сияқты әлеуметтік маңызы  зор мәселелерді шешіп, халықтың әл-ауқатын, тұрмысын көтеруге көп еңбек сіңірді. Кейіннен «Қызылорда мұнай өнімдері»  АҚ, Арал аудандық мұнай қоры бірлестігін (1993-1996), «Аралмұнай өнімдері» АҚ (1996-2004) басқарып, еліміздің мұнай саласын дамытуға  да атсалысты. Бұл еңбегі үшін  Швейцария елінде Халықаралық сапа сыйлығына ие болды (1998).

2004  жылдан бастап «Atameken Holding» Қаржы және өнеркәсіп тобының  директорлар кеңесінің мүшесі, басқарма төрағасының орынбасары. Дағдарыс жылдарында ел экономикасының, ауыл шаруашылығының  ілгерлеп дамуы үшін жаңа жұмыс орындарын құру, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттіктерін арттыру мақсатында Қызылорда облысы Арал қаласында балық өңдеу және вагон құрастыру зауыттарын салуға атсалысты. Холдингтегі қызметтеріне қоса 2009 жылы  «Атамекен балық өнеркәсібі» зауытына бас директор болып тағайындалып,  Арал өңіріндегі  тұралап қалған балық  шаруашылығын қайта жандандыру ісін қолға алды.

Арал аудандық және қалалық  Халық депутаттары кеңесіне, аудандық мәслихатқа депутаттыққа, аудандық партия комитетінің бюро мүшелігіне бірнеше мәрте сайланды.

Мәскеу қаласында өткен үлкен шарада «Бүкіләлемдік Жастар мен студенттердің ХII фестиваліне белсенді қатысқаны үшін», «Комсомол ұйымындағы белсенді қызметі» үшін құрметті белгілерімен марапатталған (1985).  Кеңес Одағы Теңіз флоты министрлігі бойынша рационализаторлар байқауына қатысып, 3 мәрте бірінші орынды жеңіп алды. 96 ұсыныстар мен  3 жаңалықтың авторы.

Ақын, әрі сазгер. «Арал», «Әке толғауы» «Ініме», «Балаларым», «Бақыт құсым», «Шынарым», «Достарым» «Қызыма», «Жиырма бес», «Асыл ардағым», «Немереме» тағы да өзге көптеген әндердің авторы. Астана қаласының 10 жылдық мерейтойына  арналған республикалық ән байқауына арнап жазған « Таң қалдырған Астана» әні  жүлделі 1-орынға ие болып, жұртшылықтың сүйікті әндерінің біріне айналды.

Осындай асыл азамат, адал дос, әулетінің бір бәйтерегі құлағанмен оның тамыры қалды. Ізін, ісін жалғастыратын ұрпағының  есінде оның жарқын бейнесі мәңгі қала бермек. Топырағы торқа, жаны жәннатта болсын!

Әбдіжәміл Нұрпейісов, Ұзақбай Қараманов,  Төрегелді Шарманов, Кеңес Аухадиев, Анатолий Ким,  Камал Ормантаев, Асанәлі Әшімов, Тимур Сегізбаев,  Дулат Исабеков, Нұрлан Оразалин, Смағұл Елубай,  Иран Ғайып, Сейдахмет Құттықадам, Бигелді Габдуллин, Адольф Арцишевский, Ғани Қасымов, Есетжан Қосыбаев, Ерболат Төлепбай, Ермек Аманша, Сергей Әзімов, Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қали Сәрсенбай, Нұрлан Ерімбетов, Гаухар Мырзабекова,  Медеу Арынбаев.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *