Әлеуметтік желіде псевдо-психологтар көбейген

Әлеуметтік желіде псевдо-психологтар көбейген
Сурет: Lublu.bb.lv

Қазір әлеуметтік желіде «Отбасылық жан-жалдан арылтамын, «Өміріңді өзгертемін», «табысыңды көбейтемін» дегент жарнама жетіп артылады.

Бірақ, кәсіби психологтар олардың барлығы білікті маман еместігін айтуда, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Шымкенттік ментор Перизат Қақарбайқызының психология бағытында жоғарғы білімі жоқ. Дегенмен, оның қызметіне сұраныс көп екенін жасырмайды.

«Бірінші бастағаныма 6 жыл болды. Өзімнің басымдағы проблемаларыммен келдім. Отбасыдағы жағдай бойынша. Соның шешімін іздеп әр жерге барып, мен қазір менторлықпен айналысып жатырмын ғой. Біз прямой миға кіреміз де, табыстың көбеймеуіне не себеп екенін табамыз да, трансформация жасаймыз», - дейді ментор Перизат Қақарбайқызы. 

Алайда кәсіби психологтар дипломы жоқ мұндай мамандар жұмысына қарсы. Шолпан Әбілованың пікірінше, дерексіз салынған ой қауіпті.

«Ментор ретінде 50 адамға онлайн сабақ беруі мүмкін, бірақ адам әртүрлі болған соң толыққанды жетпейді, жеткеннің өзінде дұрыс арнаға түспеуі мүмкін. Санаға салған ой жағынан қауіпті. Мысалы адам өзі қиналып тұрған кезде, жаны ауырып тұрған кезде нақты бір дерексіз ой салынатын болса ол қауіпті болады», - дейді психолог Шолпан Әбілова.

Бұл жағымсыз тенденция батыс елдерінде де белең алып барады. Мәселен, «PlusCare» виртуалды денсаулық сақтау платформасы Tic Tok-та жарияланған 500 бейнероликке сараптама жасап, оның 84 пайызы адамды шатастыратынын, тіпті қауіпті екенін анықтады. Қоғам белсендісі Мұрат Батай жалпы психологқа жүгінуді құп көрмейді. Оның ойынша қазір бұл саланы тек табыс көзі үшін пайдаланатындар көп.

«Кез келген адамның басына түскен қиыншылықтарды жою үшін адам бірінші өз отбасымен содан кейін жақындарымен кеңесіп барып шешу керек. Өзінің басына түскен қиыншылықты әлеуметтік желідегі псевдопсихологтардың кеңесімен емес. Бұрынғы әдісше шешкен дұрыс. Туыстан артық жақын жоқ. Ал сол психологтар сеанс өткізіп, ақшасын алғаннан кейін қатысы жоқ болады», - дейді қоғам белсендісі Мұрат Батай.