Әлеуметтік нысандардың 30%-ы  мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделеді

Әлеуметтік нысандардың 30%-ы  мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделеді
Сурет Алматы қаласы әкімдігі

2025 жылдың соңына дейін Алматыдағы әлеуметтік нысандардың 30%-ы  мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделеді

Бұл туралы ОКҚ брифингінде Алматы әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді. Қазіргі уақытта қалада алғаш рет қалалық инфрақұрылым объектілеріне паспорттау жүргізілуде. 2023 жылы 7,5 мың нысан қамтылды. Әлеуметтік инфрақұрылымды бейімдеуді, атап айтқанда, емханалар, аурухана, ХҚКО-ларда пандустар, қосалқы тұтқалар, тактильді плиталар орнатуды 2025 жылдың соңына дейін жүргізу жоспарлануда.
  
"2030 жылға дейін театрлар, мұражай, кітапхана мен басқа да мәдениет нысандарында паспорттау жүргізіледі. Осылайша 2030 жылға қарай қалалық нысандардың 75%-ы бейімделеді. Жеке ұйымдар да барлық қала тұрғындарын тең жағдайда сезініп, кез келген игілікке қол жеткізе алатындай болады деп үміттенемін", – деп атап өтті Ерболат Досаев.

Айта кетейік, Алматыда инватакси жұмысын жалғастыруда. Оның қызметін 2 мыңға жуық адам пайдаланады. 2023 жылы мамандандырылған автокөліктердің саны 64-тен 100 бірлікке дейін ұлғайтылды. Бұдан өзге мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қолдау бойынша қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда бюджет 40%-ға өсті.