Вакцина салдырған студенттер Түрген мен Көлсайға барады

Вакцина салдырған студенттер Түрген мен Көлсайға барады
Сурет: Voxpopuli.kz

Алматыда вакцина алған студенттер Көлсай мен Түргенге жолдама алды

Коронавирусқа қарсы екпе алған Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бакалавриат, магистрант және докторант студенттері Түрген және Көлсай қорықтарын көруге мүмкіндік алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап. 

Бұл туралы университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Жанар Дәуренбаева айтты. Бұл - «Жасыл» мәртебесі бар студенттердің екінші сапары. 15 тамызда университет жүздеген студентке Түркістан қаласына жолдама берген. Олар жаңа Керуен сарайды көріп, тарихи орындарға саяхат жасады.

«Бізде студенттердің 90%-дан астамы тегін білім алады, сондықтан біз студенттерді оқуға жеңілдік жасап емес, киелі Түркістанға баруды ойластырып, олар үшін тимбилдинг ұйымдастыруды ұйғардық. Осы сенбіде балалар Алматы облысының басқа да қорықтарын аралайды», - дейді Жанар Дәуренбаева.

Оның айтуынша, жоғары оқу орнында 7 608 студент оқиды, оның 1 030-ы медициналық көрсеткіш бойынша вакцина алмады. 18 жасқа толмаған 1016 студент бар.

«Олардың қолында дәрігерлер берген анықтама болды, бүгінде олар кезекпен егіліп жатыр. Университетте 2 екпе пункті ашылды. Студенттерге вакцинация орнына барудың қажеті жоқ, бұл - өте ыңғайлы», - деп атап өтті проректор.