АҢЫЗ & АҚИҚАТ КВИ-ге қарсы вакцина: әлеуметтік желілердегі 10 жалған ақпаратқа қарсы 10 айғақ

№1 АҢЫЗ: COVID-19 вакцинасынан вирус жұқтыруға болады.

АҚИҚАТ: Бұл мифті ҚР ДСМ фтизиопульмонология Ұлттық ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ләззат Ералиева сейілтті. Ол вакцинаның ауруды қоздыра алмайтынын атап өтті. Өйткені, екпе вирустың бір бөлігін немесе өлі вирусты кей кезде вирустың РНҚ-ны қамтитын тасымалдаушы векторларына негізделген.

– Вакцинаның алғашқы дозасынан кейін антиденелер 14 күннен бастап өндіріле бастайды және уақыт өте келе көбейеді, бірақ вакциналаудан кейінгі алғашқы күндерде қорғаныс антиденелері пайда болғанға дейін адам эпидемияға қарсы шараларды сақтамаған жағдайда ауруды жұқтыруы мүмкін. Бұл «ауруды екпе жұқтырды» дегенді білдірмейді. Бұл тұста вирус қалыпты жағдайда жұғып тұр. Вакцинаның толық курсын алған кезде ғана адам вирустан толық қорғана алады, – дейді сарапшы.

№2 АҢЫЗ: коронавирус тез өзгереді. Вакциналар жаңа штамдардан қорғай алмайды.

АҚИҚАТ: біздің елде қолданылатын COVID-19 вакциналары вирустың мутациясының барлық нұсқаларынан қорғайды.

– Қазірдің өзінде әлемнің барлық елдерінің ғалымдары аурудың 50-ден астам постковидтік салдарын және бірнеше жылға дейін созылатын ұзақ мерзімді COVID-әсерлерін анықтады. ДДҰ мамандары COVID-19 вакциналары әлі де мутацияның барлық нұсқаларынан қорғайды деген пікірде. Біздің міндетіміз – қалыпты өмірге қайта оралып, бетпердесіз еркін әлемде өмір сүру және иммунизацияланып, популяциялық иммунитетке ие болуымыздың арқасында еркін тыныс алу, – деп растады ҚР ДСМ фтизиопульмонология Ұлттық ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ләззат Ералиева.

№3 АҢЫЗ: COVID-19 вакцинасы ДНҚны өзгертеді және қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін.

АҚИҚАТ: COVID-19 вакциналарының ешқайсысы сіздің ДНҚ-ға әсер етпейді және онымен араласпайды. Вакциналар дененің иммундық жасушаларын коронавирустың генетикалық материалының фрагменттерімен таныстырады, оларды есте сақтайды және вирустан қорғауға бағытталған антиденелер шығара бастайды.

COVID-19 вакциналарында адамның ДНҚ бар екені туралы теория желіде ағылшын тілінде 2020 жылдың шілдесінде пайда болды. Содан кейін оны дәрігерлер, ғалымдар және АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын санитарлық бақылау басқармасының өкілдері жоққа шығарды.

ДНҚ қазіргі уақытта қолданылып жүрген Moderna және Pfizer/BioNTech сияқты вакциналар құрамында компонент ретінде пайдаланылмайды. Қазақстанда ниет білдірушілерді «Hayat-Vax», «QazVac» және «Спутник V» препараттарымен вакциналайды. Оларға да адам ДНҚ-сы кірмейді. Сондай-ақ, бүгінгі күні вакцина алу салдарынан пайда болған онкологиялық аурулардың дамуын куәландыратын деректер жоқ екенін атап өткен жөн.

№4 АҢЫЗ: коронавирустық вакциналау әйелдерде бедеулік қаупін арттырады.

АҚИҚАТ: бұл қауесет антиваксерлердің Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігіне (EMA) жолдаған хатына негізделеді. Онда вакциналау нәтижесінде пайда болған антиденелер тек коронавирустың жабысқақ ақуызына ғана емес, сонымен қатар, оған ұқсас синтицин-1 ақуызына да әсер етеді делінген. Бұл ақуыз жатырда плацента қалыптастыру үшін қажет. BioNTech/Pfizer вакцинациясынан кейін иммундық реакция кезінде оның белсенділігін басу бедеулікке әкеледі.

Бұл теорияның негізсіз екенін Йендегі университет клиникасының плацентарлы зертханасының жетекшісі алға тартты.

– Бұл мәлімдемелердің негізсіз болуының көптеген себебі бар. Біріншіден, коронавирустың спайк ақуызы мен синтицин-1-дің ең аз мөлшердегі ұқсастығы: баржоғы 0,75 пайызды құрайды, – деп атап өтті маман. Сондай-ақ, Британдық қоғам да өз кезегінде құнарлылық мәселелері бойынша пікірін білдірді: ковидке қарсы қай вакцина болмасын әйелдердің немесе ерлердің құнарлылығына әсер етеді деп айтуға ешқандай дәлел мен теориялық негіз жоқ, делінген ұйымның хабарламасында.

№5 АҢЫЗ: екпеден кейін иммунитет «ұйықтап қалады» және тәуелділік пайда болады.

АҚИҚАТ: бұл жалған ақпаратты ҚР ДСМ КМиФК дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы, медицина ғылымының докторы, профессор, иммунолог Павел Дерябин жоққа шығарды.

– Біріншіден, иммунитеттің реакциясы өте ерекше екенін атап өткен жөн. Антигендер мен антиденелердің өзара әрекеттесуі екінші ерекше биологиялық өзара әрекеттесу болып табылады. Демек, вакцинация белгілі бір иммунитетті тудырады. Бұл иммунитет вакцинада қолданылған иммуногенге қарсы бағытталған, – деп, вакцинаға тәуелділік болмайтынын алға тартты.

Ол вакцинаның коронавирусқа қарсы жалғыз панацея екенін тағы бір рет атап өтті.

– Коронавируспен күрестегі ең тиімді әдіс – вакцина алу. Айта кету керек, қазір ең бастысы – барлық азаматтарға мүмкіндігінше тезірек екпе егу керек. Біз бүгін пайда болған штамдардың коронавирустық инфекцияның ауыр клиникалық түрлерін тудыратынын, өлім-жітімнің жоғарылағанын көріп отырмыз. Ауруды емдеуден гөрі алдын алған жақсы. Қазір біздің елімізде мұндай мүмкіндік – коронавирусқа қарсы вакцина бар. Біз ұжымдық иммунитетті неғұрлым тез қалыптастыратын болсақ, пандемия кезінде қолданылатын көптеген шектеу шараларын тезірек алып тастай аламыз.

№6 АҢЫЗ: COVID-19-ға қарсы вакцина алған адамдарға ұшаққа отыру қауіпті.

АҚИҚАТ: дәрігерлер де, ғалымдар да вакцина алған адамдарға ұшу қауіпті екені жайлы айтқан жоқ. Дәрігерлер вакцинаның екінші дозасынан кейін ұшақпен қатынайтын сапарларды 2-3 аптадан соң ғана жоспарлауды ұсынады. Өйткені, осы уақыт ішінде вакцина алған адамның денесінде антиденелер пайда болып, түзіле бастайды.

Сондай-ақ, мамандар вакцина алған туристерді шамадан тыс немқұрайлықтың алдын алуды ескертеді. Мысалы: вакцинаның болуына қарамастан, саяхатшылар әлі де бетперде киіп, адамдар көп жиналатын жерлерде әлеуметтік қашықтықты сақтағаны жөн.

Мамандар ұшақпен қатынау кезінде вакцина алған адамдарда тромбоз немесе қан кету қаупі жоғарлайтынын айтқан жоқ. Бұл аңыз желінің ағылшын тілді сегментінде таралған. Желі пайдаланушылары авиакомпаниялар жаппай өлімнің алдын алу үшін вакцина алған адамдарға ұшуға тыйым салуда деп мәлімдеді. Бұл теорияны тәуелсіз фактчекерлер жоққа шығарды. Әуе тасымалдаушылары да мұндай шектеулер қарастырылмағандығын айтты.

№7 АҢЫЗ: аллергиясы бар адамдарға вакцина қабылдауға болмайды.

АҚИҚАТ: UMC клиникалық иммунология, аллергология және пульмонология бағдарламасының жетекшісі Елена Ковзель түсіндіргендей, COVID-19-ға қарсы вакцина аллергенді емес және реактоген болып табылмайды.

Оның айтуынша, аллергологтар вакцинадан аллергиялық реакцияларды болдырмау бойынша маңызды жұмыс жүргізуде.

– Халықаралық мәліметтер бойынша, әзірлеушілердің өздері де вакцина құрамында аллергенді заттар жоқ екенін түсіндіреді. Ол аллергенді де, реактогендік те емес. Көптеген компоненттер, мысалы, неомицин, ірі қара альбумині, альфа глобулин жұмыртқасы басқа вакциналарда аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін. Ал бұл жағдайда біз жалғыз реактогендік компоненті бар вакцина туралы айтып отырмыз. Бұл – алюминий гидроксиді, ол өзіндік бір реакция бере алады. Мысалы, бұрын вакциналауда науқастарда асқынулар кездескен. Егер бұрын ауыр реакциялар болса, әсіресе, бірінші дозаға – анафилаксия болса, онда, әрине, бұл пациенттерге вакцина ұсынылмайды. Көптеген созылмалы аурулар үшін абсолютті және салыстырмалы қарсы көрсеткіштер бар. Бірақ бұл жағдайда вакциналау туралы шешімді сізге дәрігеріңізбен бірге қабылдау керек, өйткені созылмалы аурулары бар наукастар КВИ асқынуының қауіпті бірінші тобына жатады, – деді Елена Ковзель.

№8 АҢЫЗ: Вакцинадағы алюминий нанобөлшектері миды зақымдайды.

АҚИҚАТ: әлемдік ғалымдар мен медицина саласындағы мамандар бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтады. Бүгінгі күні алюминий нанобөлшектері вакцина өндірісінде қолданылмайды. Оларды қолдану әлі де қосымша зерттеулерді қажет ететін теория болып табылады. Алюминий нанобөлшектерін қолдану вакциналардың басқа адъюванттарға қарағанда әсерін арттырады.

Қазіргі уақытта кейбір вакциналарда алюминий гидроксидін қолданады. Бірақ барлығында емес. Бұл тұз болғандықтан, оны нанобөлшекке санауға болмайды. Алюминий тұздары вакциналарда адъювант ретінде 70 жылдан бері қолданылып келеді. Олар иммундық реакцияны жақсартуға мүмкіндік береді. Вакциналардағы алюминий гидроксиді қауіпсіз әрі миға және басқа ішкі органдарға зиян келтірмейді.

№ 9 АҢЫЗ: COVID-19-ға қарсы вакцина ПТР-тестінің оң нәтижесін тудыруы мүмкін.

АҚИҚАТ: COVID-19-ға қарсы вакцина ПТРтестінің немесе антиген зертханалық сынақтың оң нәтижесін бере алмайды. Бұл тестілеу кезінде адамның иммунитетін емес, белсенді аурудың болуын тексеретіндігімен түсіндіріледі.

№10 АҢЫЗ: ауырғаннан кейінгі иммунитет вакцинадан кейінгі иммунитеттен жақсырақ қорғайды.

АҚИҚАТ: медицина ғылымының докторы, доцент Ләззат Ералиеваның айтуынша, табиғи жолмен ауырған адамға қарағанда, вакциналаудан кейінгі иммунитет әлдеқайда күштірек болады.

– Коронавирустық инфекциядан кейінгі табиғи иммунитет вакцинадан кейінгі иммунитеттен гөрі мықтырақ деп ойлау дұрыс емес. Вакцинадан кейінгі иммунитеттің дамуы оның табиғи қалыптасуына қарағанда аз қауіп төндіреді, өйткені COVID-19 жұқтырған жағдайда аурудың асқынуын және нәтижесін болжап білу мүмкін емес. Тіпті, коронавирустық инфекцияны жұқтырғандар да вакцинадан бас тартпауы керек. Өйткені, уақыт өте келе қорғаныш антиденелердің деңгейі төмендейді де, қайта жұқтыру қаупі жоғарылайды, – деді Ләззат Ералиева.

Аурудан кейінгі табиғи иммунитеттің ұзақтығы барлық адамдар үшін әртүрлі және шамамен алты айға дейін созылуы мүмкін. Ал вакцинадан кейінгі қорғаныс шамамен бір жылға созылады.

Вакциналаудың екінші себебі – иммундық жүйенің коронавирустық инфекцияға қарағанда, вакцинаға басқаша реакция беруі. «Вакциналау инфекцияға қарсы ұзақ мерзімді иммунитетті айтарлықтай арттырады», – дейді вирусолог Кристиан Дростен өзінің Das Coronavirus-Update подкастында.

Қазіргі уақытта вакцинадан кейін антиденелер көптеп түзіліп, организмде ұзақ сақталады деп айтуға болады.

«АҚШАМ-АҚПАРАТ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *