«Ақындықтың алтын тағы астыңда»

Мұқағали – 90

 Белгілі публицист-жазушы, Қазақстанның Құрметті журналисі Жақыпжан Нұрғожаев шығармашылығының біраз бөлігін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа арнаған.

Республикалық «Мұқағали» журналының да негізін өзі қалады. Ол да – ару Алматыға ерте келген қазақтың бірі. Сөйтіп, бала күнінен қағаз бен қаламға жақын, көпшіл ауылдың қара баласы зиялы қауыммен ерте араласып кетті. Бірде Алматының көшелеріне ілінген неше түрлі афиша, хабарландыруларды бастан-аяқ көріп шығатын әдетімен барлық құлақтандыру қағазын көзімен сүзіп келе жатып, «Мұхтар Әуезовті еске алу кеші өтеді» деген хабарландыруды оқыды. Сосын Рахымжан, Марат, Тұрлыбек бар, төрт дос сол кештен табыла кетті. Сол жиында Мұқағалиды бірінші рет көріп, өлеңдерін алғаш рет тыңдап, ерекше әсерге бөленгені бар.

– Жас кезімде шаруам бар ма, жоқ па, оған қарамастан, Жазушылар одағына бейнебір нағашым күтіп отырғандай, арсалаңдап кіріп шығатын едім. Бір барғанымда одақтың дәл есігінің алдында Мұқағали тұр екен. Менің «Ассалаумағалейкүм!» деп даусымды көтеріп амандасатын әдетім бар еді, Мұқаңмен дәл солай жарқылдай сәлемдестім, – дейді Жақыпжан Нұрғожаев өткен күндерге көз жүгіртіп.

– Жол болсын, батыр! Кеңшілік екеуміз осында кездесеміз деп уәделесіп едік. Ол сырық «Қазақ әдебиеті» газетіне кірді. Өзің не бітіріп жүрсің? Сенің ауылыңдағы Көлсайды көруге аяғым бір жетпей қойды. Туған жердің ондай көрікті жерлерін іздеп тұру керек, – деді Мұқаң бірден ақтарыла кетіп.

Ол кезде Саты ауылы мен Көлсай деген кереметті өзім де көрген жоқ едім. Кейін әкемнің туған жерін көріп, таңдай қағып қайтқам. Мұқаң екеуміз туған жерді әңгімелеп тұрғанымызда, Әбділда Тәжібаев келді. Олжас, тағы біраз ақын-жазушы жиналып қалды. Олжас Әбекеңе еркелеп:

– Әбеке, уайымдамаңыз. Осы жолы академикке өтпесеңіз, келесі жолы өтесіз. Сіз қазақ поэзиясының академигісіз ғой, – деді ағынан жарылып. Шеттеу тұрған Мұқағали ерніндегі насыбайын сылып тастап:

– Әбеке! Ақын Әбділда Тәжібаев тұрғанда, академик Әбділда Тәжібаев неме керек?! – деді інілік базынамен.

– Дұрыс айтасың, Мұқаш. Шынымен-ақ, маған академиктіктің не қажеті бар? – деп Әбекең мәз болып, дарқан мінезіне салды.

Бірде Мұқаңның көңілсіз сәтіне тап болдым. Артынша ол өзін одақтан шығарғалы жатқанын айтты.

– Бауыржан ағаңа (Момышұлын айтады) өкпе-назымды білдірдім, – деді зорлана езу тартып.

– Қалай жеткіздіңіз, аға? – деп сұрадым мен әуестікпен.

– «Бауке, кезінде ұлы отанның лүпілдеген отты жүрегі – Мәскеуді қарулы қалың немістің қанды шеңгелінен қорғап қалдыңыз. Енді ат төбеліндей аз ғана топтың батырған тырнағынан бір ақын ініңізді аман алып қалуға шамаңыздың жетпегені-ай!», – дедім.

– Ол ше? Не деп жауап берді?

– «Мұқаш, қамықпа, ақындықтың алтын тағы астыңда», – деп кете барды.

Мұқаңмен қанша рет дидарласқаным есімде жоқ. Онымен оңаша кездесудің сәті түсе бермейтін, ылғи да топ ортасынан көретінмін. Ақынның өз аузынан естіген сол әңгімелерді там-тұмдап, жазған шығармаларымда пайдаландым, – деген қаламгер ағамыздың жуырда Мұқағали өмірін көркем штрихтармен қызықты етіп баяндаған «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!» атты 700 беттік кітабы жарық көрді.

– Мен зерттеуші де, мұқағалитанушы да емеспін. Тек Мұқағали өмірінің иірімдеріне, інжу-маржандарына үңіліп, түйсініп-түсінгенімді тілге тиек еттім, – дейді автор.

Иә, Мұқағали ақын мен оның замандастарын әдеби кейіпкерге айналдырған қаламгер кітаптың өн бойында сол дәуірдің бет-бейнесін суреттей отырып, өзгеше жанрдағы хикаяттар топтамасын жасап шыққан. Ақынның көзін көрген тұлғалардың көңіл түкпіріндегі сырларын әңгімелесу арқылы жан-жақты ашқан.

Сондай-ақ, автордың ақын жайлы баспа бетін көрген, одан қала берді ауызекі тараған деректерін ұзақ жылдан бері жинастырып, бір ізге жүйелегені байқалады. Бірінші бөлімде Мұқағали мен Асқар, Мұқағали мен Нұрғиса, Мұқағали мен Шәмші, сондай-ақ, Мұқағали мен Бексұлтан Нұржекеұлы арасындағы қызықты дерекке толы әңгіме желісі құрылса, кітаптың екінші тарауында да ақын есімімен қатар өрбіген эсселер жинақталған.

Енді сол жаңа кітаптан үзінділер оқи отырыңыздар.

 

Іштарлық

Филармонияның кең залында ине шаншар жер жоқ. Шапалақтан құлақ тұнады. Әлгінде ғана Нұрғали салған «Саржайлаудан» кейін жұрт қол соғып тұрып алды. Конферансье сахна төрінде состиып тұр. «Концертті одан әрі жүргізейін бе, әншіні қайта шақырайын ба?» деп дағдарып қалған. Нүсіпжановты шақырайын десе, ол онсыз да бір әнді екі қайтара айтты.

Конферансье қол соғып тұрған залға бір, сахнаның жұрт көрінбейтін тұсына бір қарап тұрды да, «Нұрғали Нүсіпжанов» деп хабарлады. Нұрғалидың сахнаға шыға бергені сол, залдан «Бибігүл! Бибігүл қайда?!» деген дауыс шықты. Конферансье «Бибігүл Төлегенова!» деп жариялады. Бибігүл де шықты, күлімдеп.

Бибігүл мен Нұрғали екеуі құшақ-құшақ гүлге бөленіп, көрермен қошеметіне қайта-қайта бас иді. Қол шапалақтау сәл саябыр тартқанда:

– Тағы бір автор жетпей тұр ғой, оны неге шақырмайсыздар?! Мұқағали Мақатаев қайда?! – деді біреу залдан. Сасқалақтаған конферансье ыржия берді.

– Мұ-қа-ға-ли! Мұ-қа-ға-ли! – деген дауыстар мен қол шапалақтаудан зал күркіреп кетті. Мұқағали конферансьенің жариялауын күтпей, сахнаға өзі көтерілді де, кеудесіне қолын қойып, жұртқа қарап иілді. Сосын көп бөгелместен гүлмен көмкеріліп тұрғандардың ортасындағы  Бибігүлдің қолынан сүйді де, сахнадан тез түсіп кетті.

Осы көрініс Дариғаның (Тілендікеліні,ред.) көз алдынан кетер емес.

Бұл оқиға Нұрғисаның (Тілендиев, – ред.) 50-ге келіп, ел алдында шығармашылық есеп берген концертінде болған еді. Сонда Мұқағалидың сөзіне  жазылған «Сөнбейді, әже, шырағың», «Саржайлау», «Кел, еркем, Алатауыңа» сынды әндері орындалған-ды. Концертті ұйымдастырушылар сахнаға шығатындардың  қатарынан неге ақынды да қоспай, ұмытып кеткендеріне бұл да таңқалған. Көре алмайтын біреулер тізімнен сызып тастады ма, кім білсін. Іштарлық деген көзге көрінбейтін бәле ғой. Артынша Нұрағаң оны інішектеріне айтып іздеттіріп еді, олар «таппадық» деп келді.

 

Байлық

Мектептен үйге келе жатқан. Қарасаздағы поштада істейтін әйел кездесе кетті.

– Лашын, Мұқағалидың жаздырып алып жүрген кітаптарының тағы екі томы келді. Алып кетсінші. Сол кітаптардың өзі қымбат дейді ғой, оларды қайтеді жинай беріп? Барлық ақшасы соған кететін шығар? Ылғи орысша ғой поштамен алдыртатын кітаптары. Сен де оқисың ба сол кітаптарды? – деді әйел.

– Керек болған соң жинайды да. Сіздер ол кітапты ашып көрдіңіздер ме сонда? Біз оның кітаптарына тиіспейміз, – деді Лашын.

Ауылдағы шағын үйдің бір бөлмесі кітаптарға тола бастаған. Ылғи орыстың мықты ақын-жазушыларының «Жизнь замечательных людей» атты сериясымен шығып жатқан кезі, солардың өмірі туралы томдар.

– Неге қазақ жазушылары туралы да жаздырып алмайсың? – деген бірде Лашын. Мұқағали өкінгендей басын шайқап:

– Қазақ арыстары туралы мұндай кітаптар шығып жатса, кәнеки?! – деген.

Мұқағали қолын созса, төбеге тиетін жатаған үйінің төріне сол кезде қазақ ауылына азды-көпті таныс Пушкин мен Лермонтов, Толстой мен Горькийді былай қойғанда, Шолохов, Фадеев, Сурков, Блок, Есенин сынды орыс-совет әдебиетінің майталмандарына қоса, Ги де Мопассан, Бальзак, Гейне, Гете, Байрон, Стендаль және өзге де шетелдіктер «шығып» алған еді.

 

Жас толқын

Мұқағали Жазушылар одағына қарай аяңдап келе жатқан. Бас поштаның маңында бір топ жас жігіт тұр екен. Қолдарындағы жалғыз журналды кезектесіп оқып тұрғандары байқалады. Көзіне оттай басылды. «Жалын» журналы ғой мынау! Жаңа нөмірінде мұның да өлеңдері жарияланған.

Әлгі жас жігіттердің бірі: «Жігіттер, қараңдаршы, Мұқағали ағамыздың өзі келе жатыр», – деді сыбырлап.

– Аға, мына журналға қолтаңбаңызды жазып бересіз бе? – деді бірі.

– Ә-ә, балалар, «Жалынды» оқып тұрсыңдар ма? Студентсіңдер ме? Қателеспесем, өздерің де өлең жазасыңдар және де жаман жазбайсыңдар ғой деймін? Кәнекей, танысып қояйық.

– Несіпбек Айтов.

– Тұрсын Жұртбаев.

– Жанболат Аупбаев.

– Жүрсін Ерман.

– Жақсы, танысқаныма қуаныштымын. Шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтіндей, сайдың тасындай сайыпқыран жігіттер екенсіңдер. Мені танисыңдар ғой, әйтеуір?

Жігіттер танимыз деп, жамырасып кетті.

– Өй, айналайын, періштелерім менің! Ендеше, менімен бірге жүріңдер, сендерге жаңа кітабымды алып берейін, – деп Мұқағали кері бұрылды. Жігіттер соңынан ерді. Ақын оларды Панфилов көшесіндегі кітап дүкеніне ертіп келді. Есікке жіп керіліп тұр екен. Жұмыс уақыты, бірақ сатушы орнында жоқ. Мұқағали күтіп тұруға шыдамады. Керулі жіптен аттап өтті де, сөредегі кітаптардың ішінен өзінің «Маврының» бес данасын алып, сыртқа шықты. Жігіттерге бірден таратып берді. Мұқабасы қызыл-қоңыр келген, алақанға сыйып кететін кішкентай ғана кітапша. Сол екі арада сатушы да келіп қалды.

– Сіздерге кітапты алуға кім рұқсат берді? Бұл – барып тұрған заңсыздық! – деп, әңгімені көбейтуге көшті. Жас жігіттер сатушыға бір, ақынға бір үрке қарады. Мұқағали міз баққан жоқ. Байыпты үнмен: «Қарағым, мынау соның ақысы», – деп, сатушының қолына ақша ұстатты. Кітаптың құнынан артығырақ ақша төлесе керек, сатушы үнсіз қалды. Сосын Мұқағали жас жігіттерге бұрылды да:

– Ал жас толқын, не тұрыс? Теңіз үнемі толқып тұруы тиіс. Сендер жас болсаңдар да, мынадай бір жағдайды ескере жүріңдер. Бізге орыстарды оқи бергенше, бір сәт батыс әдебиетіне де назар салып қою керек. Батысқа да біржола берілмей, Шығыстың «жеті шалын» ұмытып кетпейік. «Жеті шал» дегенім – Омар Хайям, Рудаки, Науаи, Низами, Фирдоуси, Жәми және өзіміздің Абай. Тағы айтарым, келешек – сендердің қолдарыңда. Еш қорқынышсыз басыңдар аяқты! – деп жарқылдай күлді.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *