328 адамға шетелде тегін оқуға грант берілді

328 адамға шетелде тегін оқуға грант берілді
Сурет: Akorda.kz

 Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Шетелде кадр даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.  Ақорда-ға сілтеме жасап.

Комиссия шешімімен 182 қазақстандық азаматқа «Болашақ» стипендиясы берілді.

Оның ішінде 149 стипендиат магистратурада, 7 адам докторантурада білім алады, сондай-ақ 26 азамат әлемнің жетекші жоғары оқу орындары мен өндірістік орталықтарында тағылымдамадан өтеді.

Стипендиаттардың 62 пайызы жаратылыстану-техникалық бағытта, ал қалған 38 пайызы қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша білім алады.

Сонымен қатар комиссия мүшелері ғалымдарға дүниежүзінің маңдайалды ғылыми орталықтарынан тағылымдамадан өту үшін берілетін гранттарды қарастырды.

Комиссия шешімімен 328 қазақстандыққа грант берілді.

«Болашақ» стипендиясына құжат қабылдау биылғы қыркүйек айының ортасына дейін жалғасатынын айта кету керек.

Ал ғылыми тағылымдамадан өту бағдарламасына конкурстық іріктеу 2023 жылдың қазан айының ортасына дейін жалғасады.

Жиын қорытындысы бойынша Мемлекеттік кеңесші бірқатар нақты тапсырма берді.