14 жыл бойы халықаралық іздеуде болған ер адам Алматыда ұсталды

14 жыл бойы халықаралық іздеуде болған ер адам Алматыда ұсталды
Сурет: Polisia.kz
Жамбыл облысының полицейлері 2009 жылдан бері халықаралық іздеуде болған 49 жастағы Ө. есімді ер адамды ұстады, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Полиция департаменті қызметкерлерінің мәлімдеуінше, оған осыдан 14 жыл бұрын Тараз қаласында тонау және бұзақылық деректерін жасағаны үшін іздеу жарияланған. Жедел мәліметтерге сәйкес, ол бірнеше жылдар бойы шет мемлекеттердің аумағында бой тасалаған.

"7 қараша күні жамбылдық полицейлермен арнайы операция жүргізу барысында іздеудегі азамат Алматы қаласындағы фитнес залдардың бірінде ұсталды. Күдіктінің бет-бейнесі өзінің туған ағасына ұқсағандықтан, полиция қызметкерлеріне ол өзін бауырының есімімен таныстырған", -дейді Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Полицейлер анықтау жұмыстарын жүргізу үшін оның туған ағасын Жамбыл облысының полиция департаментіне жеткізген. Ағайынды ер адамдардың саусақ іздері алынып, жеке бастары толық анықталған соң іздеудегі азамат Алматы қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.