Жастар адасып жүр ме?

немесе шетелдік шейхтарға құлақ түрмеңіз

Алматы қалалық Қоғамдық даму басқармасының Кеңес беру және оңалту орталығы өз жұмысын қайтадан бастады .

 Әсел ДАҒЖАН

Орталық деструктивті, экстремистік діни ұйымдар мен ағымдардың ықпалына түскен жандарды радикалды көзқарастан арылтып, бейімдеу, әлеуметтендіру және оңалту тұрғысында көмек көрсетіп келеді.

Өткен жылы орталық деструктивті идеологияның ықпалына ұшыраған 1400 адаммен жекелей-түсіндіру сипатында жұмыстар жүргізіп, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген.

– Бұл орталықтың жұмысы 2016 жылы басталған болатын. Содан бері бірталай нәтижелі жұмыстар ат­қарылды. Бір жыл ішінде 1434 адам жүгініп, орталық мамандары олардың 305-ін қазақстандық қоғамның құндылықтарына бейімдеп, 11 адамды деструктивті және радикалды ағымнан қайтарды, – деді Қоғамдық даму басқармасының Кеңес беру және оңалту орта­лығының басшысы Руслан Қайыргелді.

Биыл оңалту жұмыстарына дінтанушы, исламтану­шы, теологтар мен психолог, заңгерлер бар 20 жоғары кәсіби маман тартылған. Олар көмек сұрап келген адамдарға құқықтық, психологиялық және кәсіби кеңес береді. Тіпті, орталық теологтары абақты, изоляторларда да жұмыс істеп, түрлі баптарға байланысты сотталған азаматтармен жұмыс жүргізуде. Әйел қауымына арналған «Иманигүл» сауат ашу орталығы да бар. Онда ата-аналар адасқан қыздарын алып келіп немесе қыздары ата-аналарын алып барып жатады. Өткен жылы мұнда 225 діни іс-шара өтіп, оған 155-тен аса қыз-келіншек қатысқан. Ол шаралар сауат ашу, түрлі тақы­рыптағы сабақтар мен дөңгелек үстел секілді форматта ұйымдастырылған. Нәтижесінде 46 жеке жұмыс жүргізіліп, 3 әйел адам райынан толықтай қайтқан.

Дегенмен, дінге қызығушылық пен діни білімге сұраныстың артуына арам пиғылды ұйымдар жәй қарап қана отырған жоқ. Олардың діни сауаты төмен жастарды өз құрығына түсіру оқиғасы жиілегенін өз ортамыздан да көріп жүрміз. Адасушылыққа не себеп болуда? Осы сауалды Кеңес беру және оңалту орталығының басшысы Руслан Қайыргелдіге қойған болатынбыз.

– Адасуға себеп өте көп. Солардың бірі – шет елде отырған шейхсымақ ғалымдардың еліміздегі жастарға әсер етуі. Мәселен, Назаратулла, Ділмұрат, Руслан Абдурахим, Ринат Абумұхаммад деген адамдар интернеттің «құдіретін» пайдаланып, жастардың миы мен санасын улауда. Ғаламтордың артында отырып алып пәтуа бере береді.  Мәселен,  Шейх  Усайминнің  «Намаз оқымаған адам – кәпір, тіпті, ол калима біліп ораза ұстаса да» деген пәтуасы бар. Ондай болса, Қазақстан халқының тең жартысы кәпір болып кеткені ме?  Көп жастар бүгінде осы пәтуаны ұстануда. Назаратулла Ханафи мазхабының матуриди ақидасын ұстанатын жастарға, қыздарға «ондай жігіттерге тұрмысқа шықпаңдар, олардың ақидасы басқа» деп уағыз айтып жүр. Пәтуа қалай беріледі? Былайша айтқанда, ғұламалар арасында фикх мәселесіне бай­ланысты мынадай ұстаным бар: «Бір пәтуа берер алдында міндетті түрде сол елді-мекеннің, сол жердегі адамдардың тіпті, ауа-райына байланысты пәтуа қаралуы керек», – дейді. Ал жоғарыда аталған адамдар мұның бірде-бірін ескеріп отырған жоқ. Сондықтан бұл адасуға апаратын бірден-бір жол болып тұр. Екінші мәселе, әлеуметтік қорғалмаған топқа тиесілі адамдар. Мысалы, түрмеден енді шыққан жастар болса, жат ағымдар оларды жылы шыраймен, құшақ жая қарсы алып, әлеуметтік жағдайын жасап береді де, өздеріне жіпсіз байлап, матап алады, – деді Руслан Қайыргелді.

Аталған орталық басшысының айтуынша, қоғам ішіне жік салушылардың ішіндегі ең қауіптісі – ваххабизм ағымы. Оның ішінде хариджиттер мен тәкфиршілер. Ал қазіргі кездегі ең белсенді жат ағым өкілі – матхали ағымы көрінеді. Бұлар  діни мәселеге келгенде «Мүф­тиятқа, басшылыққа, имамға бағынбайсың, олар адас­қан» деп есептейді. Кәсіби мамандардың пайым­дауы бойынша, олар күш алып, белгілі бір деңгейге көтеріл­генде өздерінің теріс пиғыл әрекеттерін көрсетеді.

Бұлар қоғамға сонысымен өте қауіпті деген Руслан Қайыргелді адасудан сақтану үшін дұрыс діни білім алу керек дегенді айтты. Ол үшін қаладағы мешіттердің жанында жұмыс істейтін сауат ашу курстарына баруға болады. Дүйсенбіден сенбіге дейін онда ақида, фикх ілімі, тарих, тәпсірге байланысты сабақтар жүреді. Интернет ресурстарын іздесеңіз www.azan.kz сайтын қарауға әбден болады. Онда еліміздегі белгілі маман, білікті ұстаздардың сабақтары мен аудио-видео лекциялары топтастырылған.

Исламдық әсіредіншіл ұйымдардың шырмауына түсетіндер негізінен қалаға өзге өңірлерден келетін жастар көрінеді. Өйткені, оларда не білім, не тұрақты жұмыс бола бермейді. Оны арам пиғылды ұйымдар өз пайдасына жаратуда.

Дегенмен, ресми органдар да қарап отырған жоқ. Қоғамдық даму басқармасы құқық қорғау органдарымен бірлесе діни экстремистік идеологияны таратып отырған сайттарды анықтап, оларды жауапкершілікке тартуда.

 Осы орайда дінге қатысты немесе өзге де сұрақтарыңыз болса, 8 701 120 05 03 қауырт желіге хабарласуға болады. Орталықтың мекен-жайы: Масаншы көшесі, 26-үй, Әйтеке би көшесінің қиылысы.

 Исламдық әсіредіншіл ұйымдардың шырмауына түсетіндердің бірі – қалаға өзге өңірлерден келетін жастар көрінеді. Өйткені, оларда не білім, не тұрақты жұмыс бола бермейді. Оны арам пиғылды ұйымдар өз пайдасына жаратуда.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *