ЖАНАШЫР ӘРІ ЖАҢАШЫЛ БАҒДАРЛАМА

алматылықтардың қолдауына ие болатынына сенімім мол

*Ой. Пікір. Ұсыныс

Сәбит ОРАЗБАЙ, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері

Кейде біздің «Өткен, күнде белгі жоқ» деп әлдеқандай бола қалатын кезіміз бар. Бұл зулап өтіп жатқан уақыттың шапшаңдығына, бастан кешкен оқиғалардың киноның лентасындай көз алдымыздан көлбеңдеп өте шығатынына қаратылып айтылған сөз болса керек. Әйтпесе, өткен күнде неге белгі болмасын?

Арыға, тарихтың тереңіне сүңгімей-ақ, осы өзіміздің Алматыға қатысты айтар болсақ, егемендік алғалы алып шаһарды басқарған әкімдердің көңіл қуанарлықтай, айта-айта жүретіндей іс-тірліктері болды ғой. Айталық, Иманғали Тасмағамбетов қаланы қоқыстан тазартты. Жол айрықтарын салдырды. Сөйтіп автокөлік кептелістерін болдырмаудың біраз шарасын жасады. Есімов болса, өзіне дейін атқарылған ізгілікті істерді жалғастыра білді. Аулалардың, балалар алаңқайларының жұмысын жолға қойды.

Байбектің атқарған жұмысы да аз болмады. Шаһардың сұлу қалпын сақтауға және көріктене түсуіне үлес қосты. Мекемелерді қоршаудан құтқарды. Кез келген әкімшілік орталыққа кедергісіз кіруге мүмкіндік туғызды.  Көше бойына, көрікті орындарға орындықтар қойғызды. Жүргіншілердің, қала қонақтарының демалуына, көлік күтіп отырғанда аяқ-қолын суытып алуларына олардың пайдасы болмай қалған жоқ. Ең ғажабы: жерасты өткелдерінде қазақтың күйлері күмбірлеп тұратын болды. Байбек басқа қызметке ауысып кетсе де  оның күйлері күмбірлеп тұр…

Осы жерде бір айта кететін жағдай – Алматыны басқарғандардың бәрінің де жоспарымен, бағдарламасымен келетіндігі. Жоғары айтқан жол айрығы, аспалы көпірлер, қоршауларды алып тастау, жерасты өткелдерін қазақы әуенге бөлеу, осының бәрі бірін-бірі толықтырып тұрған және бірімен бірі  сабақтасып жатқан игілікті істер. Мұның бәрінің мемлекеттік жоспармен сәйкес келіп жататыны тағы бар.

Енді әсем Алматымызға жаңа басшы келді. Әрбір әкімнің өз ойы, мақсат-мүддесі бар. Шаһардың жаңа иесі келе сала қаланы аралады, Алматы маңындағы қала қамтуындағы мекендерде болды. Тұрғындармен ауызба ауыз сөйлесті. Мұң-мұқтажын білді. Қала мәслихатының депутаттарымен әңгімелесті. Шаһар активінің жиынын өткізді. Сөйтіп көрген-білген, әңгімелескеннен түйген ойын, нақты шешімін жария етті. «Шетсіз қала» бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізетінін, мың бояулы Алматыны гүлдендірудің сенімді жолы осы екенін шегелеп айтты. Маған жаңа әкім Бақытжан Сағынтаев мырзаның қаланың шеткі аудандарын шет қалдырмаймыз, ол жерлерде тұратын алматылықтарды шетқақпайға салмаймыз деген сөзі керемет ұнады. Бір қалада тұрамыз, ішетін суымыз, жұтқан ауамыз, айымыз, күніміз, аспанымыз, тіпті әкіміміз де бір, бірақ жағдайымыз әртүрлі екені рас қой. Сағынтаев мырза осы хал-ақуалымызды дөп басып отыр. Шет аудандарды шеттетпеу мақсатындағы «Шетсіз қала» бағдарламасы бұрын-соңды  айтылмаған, тіпті ауызға да алынбаған әңгіме, соны тіркес.

Осыған орай 20 жылдан астам уақыттан бері өзім тұрып келе жатқан Медеу ауданының қажетін айтқым келеді. Жасыратыны жуық ауданымыз сәнді, сәулетті. Өсім де жаман емес. Сол себепті мектеп жетіспейді. Электр шамының жарығы да қажетімізді үнемі өтей бермейді. Ауданның шалғай бөліктерінде су тапшылығы да жоқ емес. Заман талабына сай салынған жол да керек.

Шүкірлік жарылқаған Аллаға мың,

Көріп халқым рахатын бұл заманның.

Аянбай еңбек етсе қазағыма

Байлығы бұйырады кең даламның!

Жанашыр әкімді, оның жаңашыл бағдарламасын қолдауға бәріңізді шақырамын.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *