Жаңаның аты – жаңа

Міне, алғашқы қоңырау үні сыңғырлап, жаңа 2018-2019 оқу жылы да басталып кетті. Былтыр ғана Алматы шаһарының іргесінде жатқан Талғар ауданындағы (Алматы облысына қарасты) Еңбекші ауылында жалпы білім беретін №39 орта мектеп ашылған болатын. 300 оқушыға шақталып салынған білім ошағында бүгінгі таңда 428 бала оқиды.

5700 м 2 ауданды алып жатқан мектеп ғимараты еңселі, екі қабаттан, жеті блоктан тұрады. Ұзын-саны 15 кабинет бар. Бәрі де білім талабына сай жабдықталған. Оның ішінде 4-уі  мультимедиялық кабинет, 2-уі – компьютерлік, 2-уі медициналық, 2-уі технология кабинеті. 20 үйірме жұмыс істеп тұр, оларға 250 оқушы тартылған көрінеді.

Мәжіліс залы да кең, жап-жарық, түрлі іс-шаралар өткізуге қолайлы. Мұнда асхана да жұмыс істейді. Мектеп ауласында, спортзалмен қоса, футбол, волейбол, баскетбол алаңдары бар. Бір сөзбен айтқанда, бала үшін, оның жарқын болашағы үшін барлық жағдай жасалған.

Жаңаның аты – жаңа. Мектептің ауласы да кең, көз тартады. Мүгедек жандардың кіріп-шығуына ыңғайлы болу үшін екі пандус орнатылған.

Заманауи үлгіде бой көтерген осындай мектепте тек білімді өрендер оқуы тиіс деп ойлаймыз.

– Былтырғы оқу жылында 11-сыныпты бітірген 5 оқущының екеуі ҰБТ-ға қатысып, екеуі де грант иегері атанды. 3 оқушы білімдерін колледждерде жалғастыруға кірісті. Биылғы, яғни екінші оқу жылымызға да сәтті қадам жасадық. 1-сынып табалдырығын тарыдай болып 66 оқушы аттады, енді олардың таудай болып шығуларына еңбек сіңіретін боламыз. Жалпы, біздің білім ордасында 47 ұстаз еңбек етеді, олардың 11-і жоғары – санатты, ал 18-і – бірінші санатты, – дейді №39 жалпы білім беретін орта мектеп директоры, жоғары санатты ұстаз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің озық қызметкері» төсбелгісінің  иегері Гүлфайра НҰРҒАЗИЕВА.

Кешегі Білім күнінде еңбекшілік жеткіншектерді құттықтауға Талғар ауданы әкімінің орынбасары Дәрменияр ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ арнайы келіп, ізгі лебізін білдірді, жас достарын өзі жетегіне алып, сыныбына кіргізіп, партасына отырғызды, ақ жол тіледі.

Нұржамал ӘЛІШЕВА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *