Өзекті мәселелер сөз болды

Рая ЕСКЕНДІР

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Алатау» балалар клиникалық санаторийінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауын талқылап, өз ой-пікірлерімен бөлісті.

«Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын» деген Қасым-Жомарт Кемелұлының осы сөзі арқылы барлығымыздың қызметімізге қажетті ұстанымды негіз қылып берді. Расында да, әрқайсымыз өз ісімізге ұқыпты, асқан жауапкершілікпен қарайтын болсақ, елдің ертеңі жарқын болары сөзсіз деген.

Санаторий директоры Қаншайым Мұсаева Жолдаудың тілге тиек етер тұстарын түсіндіріп өтті. Өз кезегінде Қаншайым Қайырлықызы осы жылғы Жолдау дәл уақытында болғандығын, ел тұрғындарын мазалап жүрген негізгі мәселелердің көтерілгендігін атап өтті. Енді алдағы жылдың бағыт-бағдары белгілі болғаннан кейін, осы мақсатта қарқынды жұмыс жасау сіз бен біздің басты міндетіміз, борышымыз деп санаймыз деген бас дәрігер, барлық қызметкерлерді белсенді болуға шақырды.

Санаторийдің белсенді қызметкері Бейбіт Қапашев Жолдаудың өзіне ұнағандығын, барлық тұстарымен келісетіндігін айтты. Жолдаудағы негізгі мақсат ұзақ уақыт бойына қордаланып қалған бірқатар мәселелердің шешімін табуға бағытталды. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Президентіміз бұл мақсатқа әлі де жете қойған жоқ екендігімізді және осы бағыттағы жұмыстарға бар күш-жігерімізді салуымыз қажет екендігін атап өтті. Бұл жүйені өте орынды деген Бейбіт Илашұлы ендігі кезекте бұл мақсатқа жету баршамыздың жауапкершілігімізде деп, өзге әріптестеріне үлгі көрсетті.

Жолдауда қазіргі таңда қажетті болған барлық сала қамтылды. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласы, зейнетақы қоры, көпбалалы аналарға берілетін әлеуметтік көмек және оларды жұмыспен қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инклюзивті экономика, бірыңғай тұрғын үй саясаты сияқты тақырыптар бойынша санаторийдің тәжірибелі педагогтары мен дәрігерлері, мейірбикелері, заңгер, экономистері сөз сөйледі. Аталған мәселелер бойынша аудиториямен кері байланыс орнап, көкейде жүрген сауалдардың шешімдері ұсынылды.

Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық екенін сезінген көпшілік келешектің кемел болуы өз қолында екенін жете түсініп, мерейлі мекенімізді өркендету жолында бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

Санаторий қызметкерлері Жолдаудағы есірткі саудасы, педофилия, жыныстық зорлық, әйелдер мен балаларға, жеке тұлғаларға қатысты ауыр қылмыстардың бой көрсетіп қалатыны туралы айтылып, осындай қылмыстарға қарсы қолданылатын жазалау шараларын қатаңдату туралы тапсырманы қызу қолдайтындықтарын білдірді. Адам тағдыры, бала болашағы туралы кеңінен әңгіме қозғаған бас дәрігер Қаншайым Қайырлықызы ұжым қызметкерлерінің әрқашан сергек, жауапты болуларын қадап айтып, көрсетілген бағыттар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барлығын өз назарында ұстайтынын ескертті.

– Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артамын! – деген Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмаларын мүлтіксіз орындау біздің міндетіміз. «Біз болып, бүкіл ел болып әрбір азаматқа жүктелген асыл міндетті орындаймыз, Президентіміздің, елдің сенімін ақтаймыз! Өйткені, «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген Елбасымыздың қанатты сөзі – біздің айнымас қағидамыз!», – деп сөзін қорытындылаған Қаншайым Мұсаева әріптестерінің ұсыныс-талаптарын тыңдады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *