Зейнетке шығу жасы өзгермейді

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

 Қазір қарапайым халық арасындағы ең маңызды әңгімелердің бірі – келер жылдан бастап   ендірілетін көпбалалы отбасыларын  әлеуметтік қолдаудың жаңа форматы мен  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында  айтылып қалған   әйелдерді 55 жаста, ал ерлерді 60 жаста зейнетке шығару  туралы сөз екендігі даусыз. Бұл сөзге иланған жұртшылық  тіпті 2020 жылдан бастап әйелдерді 55, ерлерді 60 жасында зейнетке «шығарып» та қойды. 

Халық арасындағы бұл әңгімеге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі нүкте қойып, 2018 жылдан басталған зейнет жасын арттырудың кезеңдері жалғасатындығын,  өткен жылы әйелдердің зейнетке шығу жасы 58,5 жасты құраса, ал биыл 59 жасты құрағанын,  2020 жылы әйелдер 59, 5 жасында зейнетке шығатын болса, оған әр жыл сайын жарты жыл қосылып отыратындығын  жеткізеді. Сонымен,

2021 жылдың қаңтарынан – 60 жаста,

2022 жылдың қаңтарынан  – 60,5 жаста,

2023 жылдың қаңтарынан – 61 жаста,

2024 жылдың қаңтарынан – 61,5 жаста,

2025 жылдың қаңтарынан – 62 жаста,

2026 жылдың қаңтарынан – 62,5 жаста,

2027 жылдың қаңтарынан – 63 жастан шығатын болады.

2019 жылы базалық зейнетақы мөлшері 16 936 теңгені, ең төменгі зейнетақы  36 108  құрады. Ал базалық әлеуметтік төлемдердің  мөлшерін есептеу үшін   ең  төменгі күнкөріс  көлемі – 29 698 теңгені құрады.

Қ.Тоқаевтың  халыққа арнаған  «Сындарлы қоғамдық диалог –  Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында   айтылған жинақтаушы зейнетақы қорларындағы  салымшылардың ақшасын  пайдалану жолдарын қарастыру туралы, оны  баспана сатып алуға, білім алуға жұмсау туралы   ұсынысы да халық арасында   кеңінен талқыланып жүргені белгілі.  Салымшылар  ай сайын балаларының аузынан жырып, болашақта керек болар-ау деп қорға  салған сол қаражатты әр адамның қажетіне жаратуына берсе, ол өзіміздің  қаражатымыз ғой,  жинақталып қалған қаражатымыздың жартысын өз қажетімізге жұмсауға неге бермейді деген реніштерін білдіруде.  Расында, жинақтаушы зейнетақы қорларындағы жарнаның жартысын    әр адамның қажетіне жаратуына неге  бермеске? Әр адам өз қаржысын қалай жұмсаймын десе де құқылы емес пе, өйткені, ол қаражат әр азаматтың  қартайғанда  бір қажетіме жарайды деп өз еркімен жинақтаған ақшасы емес пе еді.   Тағы бір қауесет көздері жинақтаушы  қордағы қаражат әйелдердің жарна мөлшері  12 миллионды, ал ерлердің жарна мөлшері 9 миллион болса ғана  алуға болады екен  дегенді айтып жүр. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» десек, бұл сөз ел арасында текке айтылып жүрмегені де.   Сонда  БЖЗҚ-дағы қаражатты пайдалану тағы да сол баяғы  ай сайын алты жүз мың теңге алып отырған Парламент депутаттары, байлар мен  байшыкештерге тиесілі болғаны да.  Болмаса, үкімет бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтіндердің, әсіресе,  әлеуметтік, денсаулық, білім, мәдениет саласының қызметкерлерінің   жарнасы жиырма жылда 9,12 миллион болмайтынын білмейді дейсіз бе? Қалай  болғанда да  үкімет  әр  салымшы қордағы қаржысының белгілі бір бөлігін өзіне  өте қажетті кезде пайдануға мүмкіндік жасалғаны жөн ау…  

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *