ӨЗ ТАРИХЫМЫЗ – ӨЗ СҮЙЕГІМІЗДЕ

Бір институттың жүгін бір өзі арқалап жүрген антрополог Оразақ Смағұловпен өрілген сұхбат

Биологиялық-генетикалық деректерге негізделген зерттеулері бойынша біздің қазақ халқының төрт мың жылдық тарихы бар екенін айтып жүрген профессор, қазақтан шыққан тұңғыш антрополог, тарих ғылымының докторы, ҰҒА-ның академигі, Болонья (Италия) академиясының корреспондент-мүшелігіне қабылданған жалғыз қазақ, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Оразақ Смағұловпен сұхбаттасқан болатынбыз.

Тоқсанның төріне шығып келе жатқан ғалым қазір де ғылымнан қол үзген жоқ. Нұр-Сұлтанда орналасқан Ұлттық музейдің физикалық антропология лабораториясының меңгерушісі қызметін атқарып жүр. Әлі де тың, әлі де айтары бар.

 

Нұржамал ӘЛІШЕВА

АНТРОПОЛОГИЯ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ҚАЗАҚ БАЛАСЫ

– Оразақ аға, сізді еліміздегі антропо­логия мектебінің негізін қалаушы, қазақтың тұңғыш антрополог ғалымы ретінде тани­мыз. «Алматы ақшамының» оқырмандарына өзіңіздің осы бір күрделі де қызық салаға қалай келгендігіңіз туралы баяндай отырсаңыз?

– 1952 жылы қазіргі Қазақ мемлекеттік университетінің Тарих факультетінде оқып жүрген кезім. Екінші курста мені Жетісу өңіріне жасалған археологиялық экспеди­цияға қатыстырды. Сонда байқағаным, археологтар қазба жұмыстары кезінде табыл­ған артефактілерді түгел жинап алады екен де, сол жерден шыққан адам­ның қаңқа сүйектерін аяқтың астына қалай болса солай тастап жүре береді. Бұдан түйгенім – тарихшы-археологтарға тек материалдық мәдени мұралар ғана қажет, ал адам қажет емес екен. «Ал сонда мына адам сүйектерін кім алады?» деймін ғой. «Білмейміз. Бізде ондайды зерттейтін маман жоқ» деген жауап алатынмын. Содан адам сүйектерін зерттеуге деген құмарлығым оянғандай болды. Жетісу экспе­дициясынан оралғаннан кейін, меди­цина институтындағы Қалыпты адам ана­томиясы деген кафедраның есігін қақтым. Оның меңгерушісі Нұрыш Бөкейханов деген профессор мені жас демей жылы қарсы алды. Соны арқаланып, «Адам сүйектерін зерттейтін маман жоқ дейді, мен сол саламен айналысқым келеді», – деп негізгі ой-мақсатымды айта жөнелдім. Профессор Бөкейхановтың қуанғаны соншалық, көзінен ұшқын атып, дереу телефон тұтқасына жармасып, «Бәрекелді, жастардың арасында да антрополог болам дейтіндер бар екен ғой!» деп өз-өзімен сөйлесіп жүріп бір кісіге қоңырау шалды. Көп ұзамай біз отырған кабинетке орыс жігіті кіріп келді. Ол да жас кезінде антро­полог болам деп талпынып, бірақ кейін осы саладағы ғалымдардың түрмеге қамалға­нын естіп, сондықтан ол ойынан айнып, медицинаға кеткен ғалым жігіт екен. Оған Бөкейханов: «Мына жігіт антрополог болғысы келеді», – деп мені таныстырды. Ол болса маған қарап: «Саған барлық жағдайды жасаймыз, студенттермен бірге оқисыз», – деді күлімсіреп. Сөйтіп, өзімнің Тарих факультетіндегі оқуымды да үзбей, медицина институтының дәрістерін де тыңдай бастадым.

Бұл институтта антропологияны оқы­та­тын не ұстаз, не оқулық жоқ екен. Маған әуелі мәйітханамен жұмыс істеу тапсы­рылды. Ол жерден адамның дене құры­лысы мен ішкі ағзаларының орналасу тәртібін үйреніп шықтым. Институтты бітіретін жылы Одақтан жергілікті ұлт өкілдерінен антропология саласына маман дайындай­мыз деген хабар түседі. Бұл хабар антро­полог болсам деп жүрген маған даңғыл жол салып бергендей болды. Мен қызық­қан антропология ғылымы ана құрсағында жатқан баладан қайтыс болған адамның қаңқа сүйектеріне дейін зерттеп, адам денесінің құрылысын, жынысын, жасын, ауру түрлерін, қан жүйелерін, бойының биіктігін, салмағын, генетикалық құрылым­дарын анықтай алады. Бұл дегеніңіз ғажап қой.

Сөйтіп, қазақ балаларының арасынан алғашқы болып, 1957 жылы ҚазКСР Ғылым академиясының  жолдамасымен, антрополог боламын деген арманымды қанат қылып байлап, Мәскеуге ұштым.

КСРО ҒА Этнография институтының аспирантурасына келдім. Мен ол кезде бәрін білмекке ынтығып, құштар болып, жалын­дап тұрған жас едім. Ресейдің Георгий Францевич Дебец, Яков Якович Рогинский, Виктор Валерианович  Бунак, Михаил Михаилович Герасимов сынды мүйізі қарағайдай антрополог-ғалымдары біз сияқты жастарға асқан жанашыр­лық­пен, ағалық қамқорлықпен қарады. Мәс­кеу­дің, Ленинградтың ғалымдары маған: «Біз қазақтарды пилоттық жоба ретінде зерттедік, ал сен еліңнің атынан келіп отырғандықтан, осы саланы кешенді түрде зерттегенің дұрыс. Өзіңнің туған халқың­ның қазіргі ерекшеліктерін елеп-екшеп, қай халықтан ажыратылады, қай халықпен қосылады, соны тереңінен алғайсың», – деген кеңес айтты.

Мұнда оқуға түсудің өз ережелері бар көрінеді. Георгий Дебец: «Сіз үш ай зоо­логия институтына барып, алдымен маймыл сүйектерін зерттейсіз. Адам мен маймыл арасындағы байланысты жақсы білуіңіз керек», – деді. Оны зерттеп болғанымда, Ленинградтағы әскери медициналық академияның антропологиялық бөліміндегі анатомиялық театрға жіберді. Онда І Петр заманынан бері адам сүйектері сақталған екен. Білімімді солай шынықтырып, дамытып барып, 1958 жылы аспирантураға қабылдандым.

Мен қазақ халқының шығу тегін палео­ан­тропология, этникалық кранио­логия, серология, соматология, одонтоло­гия, дерматоглифика деген алты сала бойынша зерттеген ғалыммын. Оған отыз-қырық жыл уақыт кетті. Тың зерттеулерімді алға тартып, он беске жуық халықаралық симпозиумда, Қытай, Жапония, Үндістан, Түркия, Германия, АҚШ, Ұлыбритания мемлекеттерінде баяндамалар жасадым. Сөйтіп, қазақ халқының өзінің жерінде тұрып жатқанына 40 ғасыр өткендігін ғылыми тұрғыда дәлелдедім, әлем ғалым­дары мұны мойындады. Бірақ бір қынжы­латыным, қазақ халқының 40 ғасырлық тарихын қолмен ұстағандай ғып дәлелдеп отырсам да, біздің үкіметтің осыған мойын бұруға шамасы жоқ.

Мені Смағұлов еткен – осы антропо­логия, бұрынғы Одақтың ғалымдары, ұстаздарым және Қаныш Сәтбаев. Егер Сәтбаев болмағанда қазіргі Смағұлов та болмас еді, қазақ антропологиясы да болмас еді.

 

АШТЫҚТАН АМАН ҚАЛҒАН СӘБИ

– Сонда cізден кейін антропология мектебі қалыптаспады ма?

– Жоқ, қалыптаспады. Өзіңнің талай түн, күн зерттеп жазған еңбегіңді өртеп жатса, өзіңнің тегіңді тіміскілеп қопарып, ата-бабаңа тіл тигізіп, жазықсыз қаралап жатса, қайдан мектеп болады?! Менің 1977 жылы жарыққа шыққан «Этническая геногеография Казахстана» атты еңбегім Орталық Комитетке ұнамай қалып, өртеп жіберді. Түрмеге де қамаймыз деп қыр көрсетті. Әйтеуір, шетелдік ғалымдар халық­аралық радиодан мені қорғап сөйлеп, бір дүрбелеңнен құтқарып қалды. Маған нон-гранта жарияланып, соның кесірінен шет елге шыға алмадым, Қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері 11 жыл бойына басқан ізімді аңдумен жүрді. Мен партия қатарында болмағандықтан, ғылым сала­сында көп қысым көрген адаммын. «Халық жауының» ұрпағына не істемеді кешегі сұрқия саясат?! Мен де сондай теперіштерді бастан кешірдім.

Жалпы, Кеңес Одағы дәуірінде ғылымның генетика, кибернетика салалары секілді антропологияға да қатты қысым жасалды. Соның салдарынан антропология дамымай қалды. Ал бұл салаға түрен сала бастаған антропологтар қуғын-сүргінге ұшырады. Олар Сталин қайтыс болғаннан кейін ғана ақталып, рақымшылықпен кейбірі аман қалды.

– Осы орайда шыққан тегіңіз, өскен ортаңыз туралы айта отырсаңыз?

– Менің аталарым орташа тұрмыс кешкен адамдар болыпты. Қорған мен Түмен, Челябинск мен Троицкіні салмай тұрғанда жаз жайлап, қыс қыстауы болған жерлерді мекендепті. Тобылдың шебі тартылған кезде біздің жерді иемденіп, аталарымызды ысырып тастаған көрінеді. Ресейдің ішкі өлкесінен келгендер бізді «қырғыздар» дейтін. Лениннің өзі автоно­мияны беріп тұрып, атауын «Қырғыз АССР» деп бекіткен.

Ауылымыз Тобылдың жағасында, өзеннен небәрі 200-300 метрдей жерде еді. Бала кезімізде судан шықпайтынбыз. Жүзуден алдымызға жан салмайтынбыз. Ені 15-20 метр болатын Тобыл өзенін кесіп өту бізге түк емес-тін. Балалық шақ деген ең бір таза, әдемі, алаңсыз шақ қой. Өзеннен жүзіп шығып, арғы беттегі құмда жатып күнге қыздырынып алатын едік.

Бірде бес-алты бала құмда ойнап отыр едік, тоғайдың арасынан шыға келген екі орыс «ой, киргизёнки» деп бізді ұстап алып, өзеннің иіріміне қарай лақтырып жіберді. Бұл тұс үлкен қайықтың өзін жұтып жіберетін иірім болатын. Ондай иірімге түсіп кетсең, су бетіне қайта шығуға ұмтылмау керек. Өйткені, қалқып иірім бетіне шығу өлімге бас тігумен бірдей еді. Ондай сәттерде судың түбіне шейін сүңгіп барып, содан басқа бағытқа ұмтылып барып шығуың керек. Мұны бізге ауылдың үлкендері жиі айтып отыратын. Бес жаста­ғы бала да болсақ сол айтқандар жады­мызда жатталып қалғандықтан, біз сөйттік те, иірімнен аман қалғанбыз. Мен өзімнің «қырғыз» екенімді сол кезде білдім.

Ұлы Отан соғысы кезіндегі қорлықты ешқашан ұмытпаспыз! Жарытып тамақ та ішпейтін ашқұрсақ, үстіне шоқпыт-шоқ­пыт киім ілген 12-13 жастағы бізді қара жұмысқа жегетін. Өзеннің арғы бетінде орыстың жері, сондағы диірменге астықты тасып апарып тартатынбыз. Ол кезде бізді арбаға да отырғызбайтын, арбаның соңында ілбіп келе жатып та көз іліндіріп алатынбыз. 16-17 сағат жұмыс істегенде діңкеміз құрып, әл-дәрменіміз қалмайтын. Бізді сондай өмір қайраған, сондай күндер шыңдаған, қарағым!

Менің шешем 1933 жылы ашаршы­лықтан көз жұмған. Ол кезде екі жастан енді ғана асқан сәби екенмін. Анам аштықтан бұратылып өліп жатқанда, бір күн бойы бауырында омырауына жабысып алып еміп жатқан жерімнен туыстарым құтқарып алып қалған екен. Ал әкем ол кезде тамақ іздеп Ресейге кеткен көрінеді. Әкем ұзақ жасап, 99 жыл өмір сүрді.

Мен сол қылышынан қан тамған партия кезінде өмір сүрсем де, ешқашан  партия қатарында болмаған адаммын. Менің анамды, халқымның 4 миллионнан астамын аштықпен қасақана қырып таста­ған жүйеге мен қалай қызмет етпекпін?! Бағанағы айтқан кітабымды өртегендегі таққан айыбы да сол – «Оразақ Смағұлов партияда жоқ», «шет елдерге көп шығады, буржуазиялық идеологиямен уланған».

Жасым болса біразға келді, бірақ әлі күнге ана мейірімін аңсап, көңілімнің ортайып тұратыны бар. Бұл – маңдайыма жазылған тағдырым ғой. Құдай мені сол бір зұлматтан аман алып қалғанда қазақтың қырық ғасырлық тарихын жазуға мүмкін­дік берген шығар деп ойлаймын.

 

БІР КІТАПҚА ҚҰНДАҚТАЛҒАН ЖАРТЫ ҒАСЫРЛЫҚ ЕҢБЕК

– Оразақ аға, ғалым-антрополог қызыңыз – Айнагүл Смағұловамен бірлесіп жазған, бақандай жарты ғасырға созылған зерттеулеріңіз «Происхождение казахского народа» деген кітапқа басылып шықты. Сонша уақытты бір өзіне сыйғыза білген бұл кітаптың құндылығы неде, сол туралы тарқатып айтып берсеңіз?

– Бұл кітапқа жоғарыда айтып өткен қазақ этносының бет-бейнесі, қан жүйесі, тіс морфологиясы, сезімі, май бүрмесі, тері бедерлері мен қаңқа сүйектеріне жарты ғасырдай жүргізілген кешенді, салыстыр­малы зерттеулерімнің нәтижелері топтасты­рылған.

Менің осынау ғұмырымның жарты ғасыры тек осы еңбекке арналды.  Бұл кітапта қазақтың бүтін этнос ретінде төрт мың жылдық тарихы бар халық екені толық дәлелдермен көрсетілген. Мұндай ұзақ тарихы бар халық жер бетінде жалғыз еврей ұлты деп келдік. Оның өзінде олардың тарихы теологиялық діни концепцияға негізделіп дәлелденген. Бұл дегеніңіз нақты ғылыми тәсілге жатпайды.  Ал қазақтар – антропологиялық ерекшелігі жағынан Еуразияда тұрып жатқан халықтардың бірде-біреуіне қосылмайтын жеке-дара этнос. Мұндай ерекшелікпен жаратылған халық әлемде кемде-кем. Өйткені, біздің ата-бабаларымыз ешкімге ұқсамайтын керемет даму сатыларын білген. Кітапта сол туралы құнды деректер бар.

Мен бұл кітапқа енген ғылыми жұмыс­тарды сонау 1966 жылы бастаған кезімде елімізде 19 облыс бар-тын. Жыл сайын осы­ның бір-екеуін қамтып отырдым. Зерттеу жұмыстарына ауыл тұрғындарын  көптеп тарттым. Себебі, қазақтың популяциялық генетикасы ауыл қазағында жақсы сақтал­ған. Сонымен қатар, зерттеу кезінде 12-60 жас аралығындағы ер және әйел адамдар қамтылды. Одан кейін  тіс морфология­сы­ның зерттеуіне 12-17 жастағы жастар таң­дал­ды. Өйткені, бұл жас адам тісінің тұрақ­ты кезеңі. Сондай-ақ, бүгінгі күні жер бетін­де 7 миллиардтан астам адам болса, олар­дың алақанындағы тері бедерлері бір-біріне ұқсамайды және жеке қауымның өмір сүр­ген ортасы, қолданған тағамы, табиғат ерек­шелігіне байланысты ұзақ жыл қалып­тасқан ерекшелігі болады. Соларды зерттедім.

Ең бастысы сақ, ғұн дәуірінде өмір сүрген ата-бабаларымыз бен  қазіргі қазақтардың қаңқасы мен бас сүйектеріне ұзақ жыл кешенді зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Қазақтардың бас сүйегі өзімізге туыс деп жақын көретін қырғыз бен ноғай­ларға қан жағынан жақын болғанымен, бірікпейді. Қазақтың азу тісі төрт мың жылда 60 пайыз өзгерген, ал төменгі азу тісі сол қалпында қалған. 4 мың жылғы сүйек­терді зерттегенде, қазақтың денесінде осыдан 40 ғасыр өмір сүрген көне тайпа­лардың ерекшеліктерінің үштен бірі сақталған. Бұлар қан жүйесінде, тіс құры­лысында, саусақ пен алақан тері бедерінде және дене құрылымында анық байқалды. Дене пропорциясына келгенде, ерлер қортықтау. Ал қазақ әйелінің жамбас сүйегі мен аяғының ұзындығы 4 мың жыл бұрын өмір сүрген әйелдерге өте жақын болғандығын байқадым. Бұдан шығатын қорытынды – 4 мың жыл ішінде қазақтың жеріне сырттан кірген тайпалар болмаған. Сондай-ақ, олар басқа жаққа қоныс аудармаған. Бұл – үлкен жаңалық!

 

ҚАНЫШ СӘТБАЕВТЫҢ ШАРАПАТЫ

– Аға, әлгінде «Егер Сәтбаев болма­ғанда, қазіргі Смағұлов та болмас еді», – дедіңіз, осы жөнінде кеңірек әңгімелесеңіз. Қазақтың Қанышының сізге қандай шарапаты тиді?               

– Мен Мәскеуде Қазақ КСР Ғылым академиясының жолдамасымен оқып жатқандықтан,  кандидаттық тақырыпты таңдауыма өзіміздің академияның келісімі қажет екен. Бірақ Мәскеу «Қазақстанға қатысты тақырып таңдай алмайсың. Өйткені, онда сен зерттейтін сүйек қоры жоқ» дегенді айтты. Ал бұл пікірге біздің академия: «Смағұлов – біздің адам. Сти­пен­дияны біз төлейміз. Тақырып Қазақ­станнан болады», – деп келіспейді. Сөйтіп, екі ортада жүріңкіреп қалдым. Расында да, ол кезде біздің елде зерттейтін адам сүйектері жоқ еді.

Бір күні ұстазым Г.Дебец шақырды. «Оразақ, ҚазКСР Ғылым академия­сының басшысы Қаныш Сәтбаев Мәскеуге келді. Алқалы ғылыми жиында баяндама жасай­ды. Сен сол ағаңа жолығып, мәсе­лең­ді шешіп ал», – деді. Сұрастырып жүріп Қаныш Имантайұлының «Мәскеу» қонақ­үйіне түскенін білдім. Ертеңіне бөлмесінің алдына келдім. Көмекшісі күтіп алды. Фойеде күтіп отырдым. Қаныш аға келді. Сәлем беріп үлгердім, бөлмесіне кіріп кетті. Он бес минуттан соң шақырды. Жағдайды бастан-аяқ баяндап шықтым. Қаныш аға мұқият тыңдап болып, «Енді не керек?» деп өзіме сауал қойды.

– Көне дәуірдегі тұрғындардың сүйегі керек. Оларды бүгінгі қазақтардың сүйегімен салыстырып, зерттеу қажет, – дедім батылданып.

– Оны түсіндім, бұдан басқа не керек? – деді салмақты үнімен.

– Экспедиция жасақтау қажет. Иесіз мұсылман зираттарын қазып, сүйек қорла­рын жинасам деймін.

– Онда жақсы, экспедицияға дайын­дал, бір жетіден кейін хабар беремін, – деді Қанекең.

Бір жеті емес, арада үш күн өткенде институт директоры Сергей Толстов шақыртты. Екі өкпемді қолыма алып, алып-ұшып жеттім. Директордың алдында Сәтбаевтың қолы қойылған жеделхат жатты. Бір жапырақ қағазда мені экспеди­цияға басшы ретінде тағайындап, үш ай жұмыс істеуге 12 мың рубль, бір машина, төрт ғылыми қызметкер бөлгені жайлы жазылған екен. Дереу жиналып, Алматыға жеттім де, бір аптаның ішінде қағаз-құжаттарды әзірлеп, Семей облысына жүріп кеттім. Көр қазуды Шұбартау ауданынан, үстіне жол түсіп кеткен бейітті қазудан бастадым. Бұл өңірде аштық жылдары қырылып, иесіз көмілген адамдар көп болған екен. Сол жерден 70-80 адамның сүйегін таптым. Келесі кезекте атақты Қоянды жәрмеңкесі болған Қарасор көлін айналдыра сүйек жинадым. Бұдан соң экспедиция жұмысын Баянауылдың Қаратас өңірінде жалғастырдым. Сонда 300-ден асатын бас сүйек жинадым.

– Оның бәрі қазір қайда?

– Бізде, Қазақстанда сүйек сақтайтын орталық болмады. Қазір ол қаңқалар Санкт-Петербургтегі кунсткамерада сақтау­лы. Адамның нәсіл-тегіндегі генети­калық деректер оның бір тал шашында, бір тамшы қанында, ал адам өлгенде оның сүйегінде сақталады. Қазіргі біз малданып жүрген архивтік деректер мұның қасында түкке тұрмайды. Айталық, археологтар әр өңірден құмыралар мен тиындар сынды тағы басқа да көне жәдігерлерді тауып, мұражайларды толтырады. Бірақ құмыра адам емес қой. Құмыраға қарап халықтың толық тарихын жаза алмайсыз. Сол құмыраны да жасаған адамдар. Міне, сол адамдарды зерттеп, кім болғанын, бүгінгі қазақтарға қандай жақындығы барын антропологтар анықтай алады. Сондықтан бізде де қазба жұмыстары кезінде табылып жатқан адам қаңқаларын генетикалық, нәсілдік жағынан анықтайтын зертхана жұмысын толық жетілдіру керек. Өз тари­хымыз – өз сүйегімізде. Яғни тарихымыз – өзіміздің генімізде, өзіміздің физиоло­гиялық, морфологиялық ерекшелігімізде толыққанды орын алған. Егер біз төрт мың жыл бойы өз ерекшелігімізді сақтап қалған болсақ, онда үшінші мыңжылдықта да ұрпақтарымызды сақтау мүмкіндігіміз бар деп айта аламыз.

 

АБЫЛАЙ ХАН мен ӘЙТЕКЕ БИ

– Cізді біз Абылай хан мен Әйтеке би сынды бабаларымызды тұңғыш зерттеген антрополог ретінде де танимыз. Осы екі тұлғаға қалай келгендігіңіз, қандай жолдар­дан өткендігіңіз туралы да әңгімелей отырсаңыз?

– Бір кездері түрік ағайындар Түркіс­тандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жаңғырту жұмыстарын жүргізгені белгілі. Сондағы «Абылай хан жерленген-мыс» дейтін қабірді монолит ретінде қазды да, «осындағы сүйек шын Абылай ма, әлде басқа ма, сіз зерттеп көріңіз» деді маған. Қызым Айнагүл және археолог Мұхтар Қожаев үшеуміз сүйекті қазып алып, төрт ай бойына зерттедік. Бас сүйектің қаңқа­сында бірде-бір тіс жоқ екен. Яғни Абылай хан жасы ұлғайып, шамамен 69-70 жасын­да өмірден өткен. Сол жақ аяғының ортан жілігінің жамбасқа кіретін ұршық басынан 10-12 см. жерден морт сынған, салмағы ауыр қару тиген болар деген болжам жаса­дық. Жалпы, адамның сүйегі 50 жасқа дейін сынса, ол қайта бітіп, сүйек сүйелі пайда болады. Ал 50 жастан кейін сүйек біткенімен, сүйек сүйелі болмайды. Абылай хан бабамызда сүйек сүйелі пайда болған. Демек, 50-ге дейін алған жарақат деуге негіз бар. Оң қолы өте қарулы болған­ға ұқсайды. Қолда бар осы дәлелдерді зерттеп, зерделеу үшін Мәскеуге барып, патша зама­­нындағы архив материал­дарымен таныс­тым. Архивте Абылай ханның жара­ланғаны туралы деректер бар, бірақ қай жері екені айтыл­маған. Қытайға барған сапарымда, Абылай хан жайында 1940 жыл­дары төте жазумен жарық көрген жазбаны кездестірдім. Онда бабамыздың аяғынан жараланғаны туралы дерек келтірілген.

Ал Әйтеке биді зерттеу үшін ең алдымен, мұрағаттардағы деректермен толықтай таныстық. Оның дүниеге келген және қайтыс болған жері Нұрата (Науаи облысы) екендігі туралы парсы тілінде жазылған ресми құжаттарды таптық. 2005 жылдың аяғында Нұратаға қызым екеуміз арнайы сапармен барып, бидің қабірі осы деген жерге қазба жұмыстарын жүргіздік. Бірақ бізден бұрын бұл зиратты өзбек археологтары қазған екен. Бабамыздың қабіріндегі қаңқа сүйектерін антропология өлшемдеріне сәйкес жан-жақты толық зерттеп, керекті мәліметтерімізді жинақтап болып, сүйектерді өз орнына қайта жерле­дік. Әйтеке би де жетпістің маңайына келіп қайтыс болған. Бұл зерттеудің де барлық қолжазбасы бар. Қаржылай көмек көрсетуге ынталы демеуші табылса, кітап етіп шығарсам деген ойым да бар.

 

МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН

– Қазақ ғалымдарының арасында Қаныш Сәтбаевтан басқа тағы қандай тұлға­лармен жүздестіңіз, кімдермен дәм-тұздас болдыңыз?

– Ғылым академиясының Тарих, архео­логия және этнография институтының ғылыми қызметкері болып жүргенімде Әлкей Марғұланның қол астында жиырма жылдан артық еңбек еттім. 1950 жылдары Әлекең Мұхтар Әуезов, Ермұхан Бекма­ханов, Бек Сүлейменов секілді ғалымдар­мен бірге біраз қудалау көрді. Оған «эпостардағы қазақ батырларын дәріптеді» деген айып тағылған болатын. Бірде академияда өткен ғылыми кеңесте менің еңбегімді қорғаған жалғыз Әлекең болды. Тарихшылар Ермұхан Бекмаханов, Бек Сүлейменовпен де сыйластым. Академик Салық Зимановпен де жақын араластым.

– Кейінгі жас буынға не айтар едіңіз? Жалпы, бүгінгі жастарға көңіліңіз тола ма?

– Ата-бабамыздың «найзаның ұшымен, білектің күшімен» күресіп жүріп сақтап қалған, бізге аманаттап кеткен осынау ұлан-ғайыр жеріне жастар ие болып отырса деймін. Тәуелсіздігіміздің тұғыры босамаса екен деп тілеймін. Екі бүйірімізде отырған Қытай және Ресейдің «қазақтардың байлығын қалай бөліп аламыз?» деп біраз әрекет жасағаны белгілі. Бірде Түркістан­дағы Қожа Ахмет Яссауи университетінде лекция оқып тұрғанымда, бір студенттің сұрағы мені елең еткізгені бар-ды. «Ағай, біз Кеңес заманында орыстармен құшақта­сып, сүйістік. Тапқан пайдамыз қайсы? Қазір түріктермен де солай. Мұның да нәтижесі алдыңғыдай болмай ма?», – деді әлгі студент. Дипломат болмасам да, жауап беруіме тура келді. «Халық өз тәуелсіздігін сақтауы үшін қай халықпен болса да, бір қолымен ғана құшақтасуы керек. Ал бір қолы сыртта бос тұруы қажет», – деп жауап бердім. Астарлы сөзімді жастар түсінді деп ойлаймын.

Жалпы, мен бүгінгі білімді жастарға сенемін. Дегенмен, қазақ жігіттерінің ғылым саласына бет бұрғысы келмейтініне аздап қынжыламын. Қазақ халқының биологиялық, генетикалық, антрополо­гиялық тарихын зерттеуге жастар жағы көбірек ұмтылса, әр саласында еңбек етсе, еліміздің тарихы шынайы қорғалған болар еді деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *