Қуаныш сыйлаған Қуаныш

алматылық бозбаланы Ішкі істер министрі марапаттады

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

Алматы қаласының Әуе­зов ауданына қарасты  І.Жан­­сү­гіров атындағы №130 гим­на­зиясының 10-сынып оқушы­сы Қуаныш­Мейрам­бекұлының  өмі­рін­де жақында үлкен қуа­ныш бол­ды. Бозбала Аста­наға ба­рып, Қазақ­стан Рес­публи­касының Ішкі істер министрі, поли­ция гене­рал-пол­ковнигі Қалмұхан­бет Қасы­мовтың өз қолы­нан медаль алып, мерейі үстем болып қайт­ты. Көзсіз ерлік жасаған ұлымызға көпшілік бақыт, жарқын өмір тіледі.

 

БҰЛ ОҚИҒА осыдан екі жыл бұрын болған еді. Шілде айы. Сағат түстен кейінгі төрттер шамасы. Қуаныш әдеттегінше үй маңындағы футбол алаңын бетке алып келе жатқан.

– Құтқарыңдар! – деп жанұшыра шыққан дауысқа жалт бұрылды. Сонадайда жалаңаш ер адам кішкентай қызды бір қолымен шашынан, екінші қолымен білегінен ұстап алып сүйрелеп барады екен. Ештеңе де ойлап үлгермеген 14 жастағы бозбала құстай ұшып жетіп барып, әлгі 40-45-тер шамасындағы еркекті жерге алып ұрып, қолын қайырып, үстіне отырып алады. Азғынның шең­гелінен құтылған бүлдіршін үйіне қарай жүгіріп кетеді, ал әп-сәтте жиналып қалған жұрт полиция шақырады.

***

ӘРИНЕ, бізбен әңгімесінде Қуаныш бұл әрекетін ешқандай ерлікке баламайтынын айтты. «Менің орнымда болған кез-келген досым солай әрекет еткен болар еді», – дейді риясыз күліп.

Отбасында ата-анасы және қарындасы бар. Әкесі – мемлекеттік қызметкер, шешесі – үй шаруасында.

– Қуанышымның мінезі салмақты, көп сөзге жоқ, елеусіз ғана жүргенді жақсы көретін бала. Сондықтан шығар, шынымды айтсам, ұлым осындай ерлік жасайды деп ойламаппын. Әрине, ана ретінде жүрегім жарылардай қуандым. Сергек, айналасына бей-жай қарамайтын бала өсіріп жатқанымызға мақтандым, – дейді анасы Рәзия.

***

ОНЫҢ БҰЛАЙ тез шешім қабылдай білуіне спорттағы жетістіктері де көп септігін тигізген сыңайлы. №130 гимназия ішінен ең алғаш таэквондо үйірмесі ашылған күні әкесі Мейрамбек небары жеті жастағы Қуанышты сонда жетектеп апарған болатын. Бүгінде жетелі ұл талай биікті бағындырып үлгерді. Түрлі деңгейдегі республи­калық, халықаралық, әлемдік жарыстардан алған медаль­да­рының саны 30-дан асып жығылды. Қарапайым да сабырлы бала марапаттарын елге көрсетіп, мақтанып жатуды да құп көре бермейді.

– Спортты кішкентайынан серік еткен Қуаныш бар­лық мақтауға да лайықты. Мейірімді, білімді, алғыр, елгезек, тез шешім қабылдай біледі, – деді бізбен тілдескен сынып жетек­шісі, денешынықтыру пәнінің мұғалімі Аян Құрман­жанұлы.

Отбасында берілген тәрбие мен мектеп мұғалімдерінің ұлағатын ұштастырып, үнемі жақсылық атаулыға ұмтылып жүретін батыр Қуаныштың жүректілігі, ерлігі бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс.

 

Түйін орнына:

– ҚҰРБЫ-ҚҰРДАСТАРЫҢНЫҢ АРАСЫНАН, ӘСІРЕСЕ, ҚЫЗДАРДЫҢ БОЙЫНАН ҚАНДАЙ ҚАСИЕТ­ТЕРДІ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАЙСЫҢ?

– Ең бірінші кезекте әдепті, тәрбиелі болса деймін. Болашақта анама ұқсайтын қызбен көңіл жарастырғым келеді.

– ҚАЗІР БІЗДЕН, РЕДАКЦИЯДАН ШЫҚҚАН СОҢ ҚАЙДА БАРАСЫҢ? ЖАЛПЫ, КҮНІҢДІ ЖОСПАР­ЛАЙСЫҢ БА?

– Бүгін – «Соңғы қоңырау». Біз үшін үлкен мереке. Сондықтан достар болып киноға баруды жоспарлап отырмыз.

– ДОСТЫҚ ДЕГЕНГЕ ҚАНДАЙ СИПАТТАМА БЕРЕР ЕДІҢ?

– Достық деген – адалдық, адамдық, биіктік. Біз – мен, Дамир, Мейіржан үшеуміз 1-сыныптан бірге келе жатқан достармыз. Біреуіміз болмай қалсақ, көңіл сарайы құлазып, қоңылтақсып, бірдеңе жетіспей тұрғандай қиналып қаламыз. Алдағы өмірімдегі жақсы күндерімді де осы достарыммен бөлісіп жүре бергім келеді.

– БОЛАШҚТАҒЫ АРМАН-МАҚСАТЫҢ?

– ҚР Президентінің қауіпсіздігі қызметі сапында жүргім келеді.

– АРМАНЫҢА ЖЕТКІН, АЙНАЛАЙЫН!

 

Ішкі істер министрі жақында Астана қаласының Оқушылар сарайында республика бойынша төтенше оқиғалар кезінде әр түрлі ерлік жасаған жиырмадан астам батыр баланы қабылдаған болатын.

Соның ішінде төрт бала Алматы шаһарынан. Үш бозбала өртке оранған үйде қалған балдырғанды құтқарып қалған болса, біздің кейіпкеріміз – Қуаныш 8 жастағы қызды педофилдің тырнағынан аман алып қалған.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *