ТІЛІҢ КҮРМЕЛСЕ – ӨЗІҢНЕН…

305не байқадыңыз?

Алматыға анда-санда келіп-кетіп жүретін кездерім еді. Сауда үйі болуы керек, әлдеқалай бір ғимаратқа кірмек болып, үлкен есіктегі тұтқаға қолым­ды соза бергенім сол еді, «Өзіңнен!» деген жазуға көзім түсті.  Есікте мұндай жазудың не үшін тұрғанын  ә дегенде   түсіне алмадым.   «Не өзімнен?!» деппін еріксіз. Сөйтсем, әлгі жазудың астында  орысша «От себя» деген  жазу тұр екен.  Сонда барып мұның маған қарата айтылған «Бәрі өзіңнен!», «Өзіңнен болды!» деген емес, жәй ғана есіктің қалай ашылатынын ескерткен сөз екенін білдім. Иә, бұл әдеттегідей орысшадан тікелей аударыла салған мың-миллион  шалажансар аударма­ның бірі еді…

Одан бері де біраз уақыт өтті. Ауылда, ауданда жүргенде ешбір ғимараттан, ешбір есіктен «Өзіңнен» деген жазуды кезіктірмедім. Бірақ, әр кез мемлекеттік тіл мәселесі сөз болғанда және  Алматыдағыдай үлкен есіктерді көргенімде баяғы «Өзіңнен!» деген жазу есіме түсетін.

Алматыға тағы келдім. Алматы­лықтарға ғана емес, барша отандас­тарымызға үлкен қуаныш, мақтаныш болған метромен жүру бақыты маған да бұйырды. Метромен жүру ыңғайлы, іші тап-таза, абыр-сабыр боп жатқан көп халық жоқ. Барар жерім де  метро бекетіне жақын,  әп-сәтте жетіп аламын. Дегенмен, осы метроға әр мінген сайын көңіл-күйге кері әсер етіп, жүйкеге тиетін бір нәрсе бар. Ол баяғы сауда үйінің есігіндегі тәрізді, метро бекеттерінің есіктеріне жазылған  «Өзіңнен» деген сөздер.  Метроның әр бекетіндегі әрбір  есікке жазылған осы «Өзіңнен» деген сөз еліміздегі мемлекеттік тілдің  ахуалының қай деңгейде екенінен хабар беріп тұр.

Иә, орыс тілінде «От себя» деген сөз есіктің қалай ашылып-жабы­латынын түсіндіріп бере алатын шығар. Бірақ, оны тікелей аударған­дағы «Өзіңнен» деген сөзге ешқандай етістікті тіркеп, есікті ашу немесе басқа бір затты қозғау туралы айту мүмкін емес. «Өзіңе қарай» болса, бір сәрі. Онда «Өзіңе қарай тарт» немесе «Өзіңе қарай тартып аш» дегені дер едік. Бірақ, «Өзіңнен» дегені несі?  «Өзіңнен аш», әлде «Өзіңнен тарт» дегені ме, «Өзіңнен итер» деп те сөз құрай алмаймыз. Қалай айтсақ та, сөздер бір-бірімен байланыспайды. Қазақтарға есіктердің қалай ашыла­тынын түсіндіру үшін орысшаға жүгінбей-ақ, кәдімгі, жұрттың бәріне түсінікті қазақшамен  «Сыртқа қарай», «Ішке қарай» дей салуға болмас па еді? Тіпті, болмай бара жатса, үлкен ғимараттардың бөлме­лерін бөліп тұрған, іші-сырты қайсы екені белгісіз есіктер болса, «Итеріп ашыңыз», «Тартып ашыңыз» десе жетіп жатыр. «Өзіңнен», «Өзіңе» деп, қазақша мазмұн-мағынасы тым бөлек сөздерді тықпалаудың қажеті болмас еді.

«Өз обалың өзіңе, өзіңнен көр,

Ғайып болсам бір күні егер де мен», – демейтін бе еді Мұқаң. Қазақ тіліндегі «Өзіңнен» деген сөздің мағынасы, міне, осы ғой. «Не көрсем де – өзімнен» деген қазақ. Яғни, көбіне бір жағдайдың жауапкер­шілігін сол жағдайға қатысты адамның өзіне жүктеу мағынасында айтылады. Бұдан бөлек, «Өзіңнен басқа», «Өзіңнен өзге» деген маз­мұнда қолданылады. Мұны дәлелдеу үшін ешқандай сөздікке жүгінудің де қажеті жоқ. Қазақша ойлап, қазақша сөз ұғатын адам үшін бұл ап-айқын дүние.

Басқасы-басқа, дәп осы метрода мұндай сауатсыздықтың болғаны қиын екен. Түптеп келгенде, тілімізде мұндай шалажансар аудармалардың қаптап кетуіне, тілдің күрмелуіне  кінәлі өзіміз. Тілдің тазалығына, аударманың дәлдігіне мән бермейтін, сауатсыздықты көрсе де көрмеген болып жүре беретін тұрғындардың  өзінде шығар  бар кінә?! Метро соны айтып тұр ма екен?..

 

Нұрбану КАМАЛ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *