ТАУ ЕТЕГІНДЕГІ «ТАЙБУРЫЛ»

Ел аузында Махмұт Нәлібаевтың адамгершілігі, ұлтжандылығы, туған елі мен жеріне деген махаббаты, әдебиет пен мәдениетке деген жанашырлығы, дос-жаранға адалдығы, жоқ-жітімге көмегі дейсіз бе, толып жатқан қасиеті туралы айтылып та, жазылып та жүр. Ал сол азаматтың болмыс-бітімін айқындай түсетін тағы бір қасиетін көріп, тіпті қайран қалдық.

Рая ЕСКЕНДІР

 «Мах­мұттың Тайбурылы»

Қаладан едәуір жол жүріп, Ұзын­ағашты бетке алуымыздың себебі де осы еді. Елге танымал ағаларымыздың бірі Махмұт Ыбырайханұлының кісілігі туралы айта келе, «елсіз жерге ел қон­дырып, сусыз жерден көл қаз­ған Махмұт қой бұл, осыдан тура төрт жыл бұрын дәл осы жерден тіс шұқи­тын ши таппай­тындай құла түз еді. Бүгін жайқалған бау-бақша, қалың аға­шы тоғай болды. Оның бәрі ты­ным­сыз еңбекпен келді. Мұндай тәуе­кел елі үшін туған ерлердің ғана қолы­нан келсе керек», – деп сүйсіне әңгі­мелегенін естіген едім. Бұл пікір «Мах­мұттың Тайбурылы» атанған шаруашы­лықты көруге деген құмар­лығымды одан сайын оята түскен еді. Міне, сәтімен басталған сапарымыз бізді «Тайбурылға» алып келді. Қада­мын енді басқан шаруа­шылыққа еш ұқсамайды. Қалың ағаш арасын­дағы зәулім үйлер, жылқының кісіне­гені, құстардың үні… тура ертегі әлеміне енгендей күй кештік. Дәл осындай жұмысты дөңгелетіп жүргізу үшін қыруар қаражат емес, қаншама күш-қуат жұмсалғанын білуге асықтық.

Қашан да сабырлы қалпынан тан­бай­тын мінезімен біздің кейіп­керіміз әңгі­месін бастады.

– Адам өмірінде кіндік қаны там­ған туған жердің орны бір бөлек екен. Өйт­кені, ол топырақта ата-баба, ата-ана, туған-туыс мәңгілікке ты­ныстап жатыр. Сол кісілерге деген құрмет, сағыныш басымдау болады екен. Шыр етіп дүниеге келген күннен бастап, ес жиып, ержет­кенге дейінгі өмірің өткен жерге қашан да құр­метпен қарауың бұл заңдылық. Ең­бекке араласқалы бері, қанша уақыт өткенін қайдам, өз басым әркез елді еске алып, ауылдағы ағайыннан алыс­қа кеткен емеспін. Тіпті, осы күнге дейін кәсіпті бастап кәсіпкер атанған кезімде де сол өңірден шыққан абыз­дарды, батыр­ларды, тұлғалар мен ақын-жырау­ларды бір сәт те естен шығармай, іс-шаралар өткізіп келдік. Өзіміз ержетіп кеттік қой демей, сол ауылда өсіп келе жатқан жас ұрпақ жоқты сезінбей, барды танып-біліп өссін деп қолдау көрсеттік. Заманауи ғимарат­тарда өссін, оқысын деп балабақшалар, мектептер салуға көмектестік. Өсіп келе жатқан жастар өркениеттің төл туын­дыларын танысын деп бүгінгі ақпараттық құралдардан да көмекті аянып қалмадық.

«Өлі разы болмай, тірі байымас» дейді аталарымыз. Сол ата-бабаның өнегелі өмірі жастарға үлгі болсын деп бір емес, бірнеше айтыс ұйымдас­тырдық. Алыс ауылдағы ағайын мен жастар тек теледи­дардан ғана көретін өнер жұлдыздарымен кездесіп, әнін тыңдасын деп бірнеше мәрте концерт­термен де бардық. Ауыл­дың өрке­ниетіне кішкентай да болса септігіміз тисінші деп әлеуметтік меке­мелерге аса қажет-ау деген шағын авто­бустар, көлік дейсіз бе, «қажет еді» деген өтініштерін жерге тастамай келеміз.

Мен мұны не үшін айтып отыр­мын? Қазақтың әрбір ауылы мен ауданынан қолынан іс келетін жастар шығады. Сол жастарымыз «ағалары­мыз кезінде ауылға көмектесуші еді ғой» деп ат басын бұрып, қолындағы барын қалтасына баспай, ауылына да көмектессе деймін. Міне, сондықтан әңгімемді ауылдан бастап отырмын.

Елбасымыздың «Туған жер» бағдар­ламасын біз толығымен жүзеге асырдық десек те болады. Алматыға келіп, қанаты­мызды кеңге жайып, кәсібімізді одан сайын тереңдетіп жатырмыз. Қаланың тұрғыны атан­ғанымызға да біраз уақыт болыпты. Дегенмен, осы 10–15 жыл бойы жобаларымыздың ыңғайына қарай­ласақ, табиғат-анаға деген іңкәрлік адамды жеңеді екен. Халқымыздың о бастан қыста қыстауы, жазда жай­лауы болды ғой. Табиғатпен көп дидарласып, нәр алғаннан соң ба екен, аңсарым далаға ауатын да тұратын. Содан Ұзынағаш жақтан үлкен бір жерді алып, «тә­уекел түбі – жел қайық» деп жұмыс­ты бастап кеттік.

Шаруашылықты қолға алып, асыл тұқымды жылқы түрлерін, құс­тың сан алуан түрін асырай бастадық. Осы жұмыстың бәрін ұршықша үйіріп отырған өмірлік серігім Анар Төле­генқызының еңбегі ұшан-теңіз, – деген азамат шаруа­шылықты таныс­тыруды бастады.

Хайуанаттар саябағында ғана кез­де­сетін құстың сан түрі осында болып шықты. Ата-бабамыз малмен күн көріп, жолға шықса мініске жараған, тамағы да болған жылқы жарық­тықтың да асыл түрлері өте көп екен.

– Талай жобаны қолға алып, жү­зеге асырдық. Сол жобалар арқылы мен өзімнің атымды шығарайын деп жүрген жан емеспін. Халықтың пай­дасына жарасын, игілігіне пайдаланса деймін. Халқымызға пайдам тиіп жатса, алғысын, сауабын алсам, күні ертең ұрпақ­тарымның да жүзі жарқын болары анық. «Е-е, атаңды білуші едік. Ол кісінің халқына қалдырғаны көп еді» деген сөздің өзі жетіп жатыр, – деген Махмұт аға осы жерді алып, өңдеген кездегі еккен шыбық­тардың алды жайқалып тұр. Былтыр жеміс ағаштарының алды өнім берген екен. Сәтін салып, ауа-райы жәйлі болса, биылғы жылғы түсім жаман болмайтын сияқты.

Тастақ өңірді көк шалғынға айнал­дырған Нәлібаевтар әулеті ата-баба­ның «ұрпақ өсір, ағаш ек, там сал» деген қағидасын қатаң ұстанғаны байқалады. Отбасы мүшелері жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызған. Оншақты жеміс түрі жайқалып тұр.

– Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын аса қызығушылықпен оқыған едім. Сонда маған бір үлкен ой келді. «Неге осы жерге апорттың сан түрін отырғызбасқа» деп ойлап, оны да қолға алдық. Сәтін салса, апорттың дәмін де тататын боласыздар.

Этноауыл құндылықтары

Шаруашылықты аралай жүріп, батыр­лар жырындағы Қобыландының Тай­бурылы еске түсті. Тайбурыл түс­тес аттар мұнда да баршылық екен.

– Мұндағы жердің аумағы 70 гек­тар­дан асады. Анар Төлегенқызы бау-бақ­шаны, гүлзарларды жақсылап жүйеге келтіріп, жайқалтып қойды.

Қазақтың баласы атқа қалай оты­рып-түсуінен бастап, оның құлағында ойнауы керек қой. Сондықтан осында келген қонақтар, бала-шаға атқа мініп, бір сергіп қалады. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақа­ласына қайта ора­лайық­шы. Осындағы «Атқа міну мәдениетін» алсақ, жыл­қының ең алғаш осы біздің қазақ даласында қолға үйренгенін, оның тарихи да, ғылыми да тұрғыда дәлел­денгенін көресіз. Сондықтан ата-баба­мыздың жігіттің тұлпары саналатын атқа міну мәдениетін қалыптастырып кеткеніне талас жоқ.

Аттың ер-тұрманы, үзеңгісі, сада­ғы, найзасы бәрін жас ұрпақ танып өссін деп осы жерден тарихи мұражай ашып қойған едік. Былтырғы жылы осында келген қонақтардың барлығы ата-бабамыздың өткен өмірін, тари­хын, дәуір-дәуренін көріп, танысып қайтты. Бүкіл қазақтың тарихын ішіне сыйдырып, толтырып қоймасақ та, мұражайымызды жинақ­тап жатқан жәйіміз бар.

Ескі ата-бабадан қалған мұраларды ауыл-ауылдан іздеп, сатып алдық. Дос-жаран, туыстардың сыйға бер­ген­дері де жетерлік. Жұмыс бабымен шет елдерге, сыртқа көп шығамын. Сол кез­де әріптес­теріміз өз елдері­нің тарихы­мен, мәдение­тімен таныс­тыра бас­тай­ды. Біздің халқы­мыздың бай тарихын неге шетел­діктерге көрсет­песке?

Жобаларымызды жүзеге асыру ба­ры­сында, ресми кездесулерге келген шет­елдіктерге осы мұражайымызды көрсетіп, тарихымызбен мақтанып жа­тырмыз. Шетелдік қонақтар «Ата-бабаларыңыз қандай жауынгер, батыр болған? Бай мұраларыңыз қандай көп?» деп таңдай қағумен болады. Осын­­дайда бай мұра, тамыры терең тарихымыз бар екенін неге айтып, көр­­сетпеске? Шетелдіктер былай тұр­сын, өзіміздің өсіп келе жатқан ұрпақ­тарымыздың өзі біліп жатса, жаман ба?

Осы ретте мына бір оқиға есіме түсіп отыр. Бірде мердігер ағамыз кеңсеге келе қалды. Содан әңгімелесіп отырғанда, мен ол кісіні шаруашы­лықты көріп қайтуға шақырған едім. Ағамыз қуана келісті. Қасына 10-11 жасар немересін ерте шықты. Содан не керек, кешке дейін таудың таза ауасын жұтып, шұбат ішіп, шаруа­шылығымызды көріп, әбден риза болды. Бір кезде немересі «Ата, ана қараңыз, большая собака» деп қарап тұр. Сөйтсек, жәйіліп жүрген бас­пақты ит деп ойлаған ғой. Мердігер ағамыз да, мен де «Қандай ұрпақ өсіп келе жатыр?» деп қатты қапаландық. Міне, балаларымызды, немерелері­мізді ауылға жібермей, қорғап, қор­ғаштағанымыздың нәтижесі осындай болып отыр. Көбіне үлкендер тарапы­нан да қателер кетіп жатады. Сондай қателікке қалмас үшін де немере­лерімді шаруашылыққа жиі ертіп әкелемін. Қазір атқа мінгілері келіп тұрады. Қалада келе жатып жол бойы немерелерімнің әңгімелеріне құлақ түріп отырамын. Сондағы бір риза болатыным – құлыннан бастап, тай, бесті, дөнен, құнан, жылқы деп бәрін біліп алған. Түрін, белгілерін, енін бәрін жарыса айтып отырады. Олар­дың мал танығанына риза бол­ғаным соншама, шынымды айтсам, өзімнің жұмысыма өмірімде көңілімнің толғаны осы болды.

Ұлтқа қызмет ету – ең ұлы парыз

– Қоғамдық жұмыстарға, ұлтқа пайдасы бар жұмыстарға да қатысып отыруды азаматтық парызым деп санаймын. Өндіріс жұмысы, барлау жұмысы болған соң уақытымның көбі осы салаға кетеді. Жаңа жұмыс ор­нын ашу, оны талдау көбірек қара­жатты талап етеді. Соған қарамастан ата-бабамыздың әруағын риза етуді де бір сәт ұмытпаймыз.

Былтыр Кейкі батырдың басын елге әкелуге де өз үлесімізді қостық. Осы сауапты іске Серік Ақынбай деген ағамыз көп еңбек сіңірді. Кезінде Кәрім Қажы­мұқанұлы Премьер-Министр болып тұрған кезінде Д.Мед­ведевке айтып, Санкт-Петербор­дағы Эрмитажда жәдігер­лердің қатарында тұрған Кейкі батырдың басын елге әкелуге көп көмегі тиген еді. Бір ғасырға жуық уақыттан кейін Кейкі батыр бабамыздың басы елге әкелінді.

Орталық мұражайда шырақ жағып, қайта-қайта Құран оқып, ке­зектесіп күзетіп отырдық. Бет-пішінін қалпына келтіру үшін антрополог­тер­ге жүгіндік. Кешегі Дешті қып­шақтың тамыры жатыр ғой деп он­шақты адам­нан тұратын делегацияны Венгрияға жібердік. Бас-аяғы он­шақты күннің ішінде өте сапалы етіп, батырдың бет-пішінін қалпына келтіріп беріпті.

Батырдың тікелей ұрпағы Қанапия деген ақсақал қатты тебіренді. «Мына басты көр де, мені көр» деді. Шыны­мен аумай тұр. Тұқымы емес пе? Құд­ды Кейкі батырдың сыңары сияқты көрініп кетті. Бұл да бір халқымыздың игілігіне жараса деймін. Өткенсіз келешек болмайды. Бізді жастар ел ағасы деп сыйлайды. Осы кісі­лер не дейді екен деп бізден бір білгендік, үлкендік күтеді.

Ұлтымыздың ұлылығын ұлықтай­тын осындай сауапты істерге қол­ұшын беріп, қолдау көрсеткен кезде біртүрлі жеңілдеп, сергіп қаламын.

Сыртқы мемлекеттерге шыққан сайын ұлтыңның мүддесін биік қояды екенсің. Қазір осындай ой түйетін бол­дым. Ендігі бір мәселе – Нұр-Сұлтан қаласынан неме­се Алматыдан жер берілсе, Кейкі батыр­дың ескерт­кішін тұрғызуға атсалысар едім. «Сен де бір кірпіш дүниеге» демекші, мұндай шаруаның бәрін үкіметтің мойнына жүктемей, ел азаматтары болып, қолдап жібергенімізді жөн көріп, соған дайын отырмын.

 

Әрі жұмыс, әрі демалыс

«Тайбурыл» шаруашылығында тү­тіні шалқыған біраз отбасы отыр. Олардың барлығының басында бас­панасы бар. Барлық жағдайы жасал­ған. Табиғат аясында нағыз табиғи та­за өнімді тұтынып отыр. Түйе де, бие де, сиыр да осы кісілердің қара­ма­ғында.

– Жаз айларында жұмыстың көп бо­­ла­тыны белгілі. Бұл кезде мұнда елуге тарта адам жұмыс істейді. Асыл тұқымды жылқыларды күтетін, бәйге, көкпар аттарын баптайтын арнайы мамандарымыз бар. Шаруашылығы­мыздың өз малдәрігері бар. Құрылыс деген қашан да тоқтамайды ғой. Сон­дықтан құрылысшы, дәнекер­леуші, ағаш шебері, бағбаншы, аула сы­пыру­шы дейсіз бе, әр жұмыстың атқару­шылары бар.

«Тайбурылға» жақын маңайда тұ­ратын, тіпті, сырттан келген кісі­лерді де жұмыспен қамтып отырмыз, – дейді Махмұт Ыбырайханұлы. Шар­уа­шылық ішін арбамен аралап шығуға да мүмкіндік жасалған. Әдемі пәуескеге отырып алып, төңіректі түгел тамашалауға болады. Тіпті, ар­найы келіп атқа мініп үйреніп жүрген де адамның қарасы қалың. Сондықтан шаруасы шалқыған «Тайбурылда» қайнаған еңбек пен жайнаған өмір бар. Биік төбелердің басына шығып төменге көз салсаңыз, «Тайбурыл» алақандағыдай болып көрінеді екен. Мұнда келген әрбір қонақ, міндетті түрде биік баспал­дақпен төбеге көтеріліп, «Хан шатыр­ға» шыққысы келеді. Бірінші мәрте көтерілген кісілер міндетті түрде тілек айтып, оның орын­далатынына сенеді.

«Хан шатырда» қымыз ішіп, көк­пар тамашалау да бір бақыт. Дәл осы биік­те отырып «Қыз қууды» та­ма­шалаған шетелдіктердің «қазақ­тың жігіттері ғана емес, қыздары да батыр екен ғой» деп таңдануы да тегін болмаса керек.

– Бірнеше мәрте бәйге ұйымдас­тыр­дық. Көкпар тартқан жігіттердің ептілік­тері шетелдіктердің де таң­дайын қақтыр­ды. «Теңге ілу» ойынын көргенде, тіпті, үндері шықпай қалды. «Неткен ептілік, ат үстінде келе жатып, топырақтың астынан қалай тауып алады?» деп көздері шарасынан шықты. Біздің ұлттық спорт түр­лерінің кереметтігі осында жатыр ғой. Жігіттеріміз шапшаң, епті болып өседі. Дендері сау, сергек, өк­пелері де тазарады. Мейлі, Қобы­лан­ды, Алпа­мыс сияқты батыр болмай-ақ қой­сын. Бүгінгі заманға сай еңбек батыры, спорт шебері болсын­шы. Мен жігіт­терді әркез осылай қайрап отырамын.

 

Талап етудің де өз жөні бар

– Ертеңгі ұрпақтан талап ету үшін біз үлгі көрсетуіміз керек. Егер өзің ұрпақ үлгі алатындай іс тындырмасаң, ақыл айтуың бос нәрсе. Бұл жолдан бізге дейін де талай ағалар жүріп өт­кен. Сондықтан ертеңгі күнге бү­гіннен бастап қам жасау керек. Ұрпақ өк­пелемейтін болсын деген менің ұста­нымым бар. Маған көп кісілер келеді. Әңгімелерін тыңдап отырсам, көбіне «балам қырсыз, ынжық, ерін­шек, жалқау» деген сынды болып ке­леді. Арасында «кімге тартып кет­ке­нін» деп те қояды. Сондай кезде мен: «балаңыз қайда, неге жастайы­нан бір­ге алып жүрме­діңіз. Елмен арала­сып, ортаға қосылса, сыйлас­тық­ты, үл­кен­дікті көрер еді. Кіші болып өз орнын білер еді», – деймін. Адамның жан-жақты болуы көп нәрсеге бай­ла­ныс­ты. Аза­мат болу үшін білімді болу аз­дық ете­ді. Көрген-түйгенді, тәжіри­бені қос­қанда ғана тұлға болып қалып­та­сады. Адамдар­мен көп ара­ласу керек, үл­кеннің әңгімесін тыңдау керек, дүние­ні көру керек. Ел бас­қарып жүрген азамат­тардың бәрі ауыл­дан шыққан. Ауыл­дың топыра­ғында ау­нап, желі­мен жарысып өскен балалар. Ақсақал­дардың ақыл-кеңе­сін, әңгі­месін тың­дап өскен баладан ертеңгі күні ел аға­сы шығады. Елдің қара қа­занында қай­нап, өмір сүру дағдысын көрген баланың жаны да ұлтқа жақын болып келеді. Мен кө­біне қала балаларын аяймын. Олар­дың бойында ауыл деген «дәрумен» жетіспей қал­ғандай кө­рінеді. Тілдері де, ойлары да басқаша. Біздің отба­сымызда бала­лар­ды да, не­мерелерді де ұлттық тұр­ғыда тәр­бие­леп, жеті жасқа дейін ана тілін бой­ларына сіңіреміз. Сосын өзге тіл­дерді үйретуді қолға аламыз. Отба­сы­мызда осындай тәртіп бар. Сол тәр­тіпке ба­ғын­ған ба­ла­ларымыз да, сон­дай тәр­биені ұстан­ған ата-әже де тек жақсы жағын ғана көріп келе­міз. Қазір не­мере­леріміз «ата, тауға қашан бара­мыз?» деп Тай­бурылға кеткілері кеп тұрады.

Осылай деген ел ағасы Тайбу­рыл­дың тектілігін ұрпағына дарытып отыр.

Алматы – Ұзынағаш.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *