ТАРИХИ ТАНЫМДАҒЫ ӘЛ-ФАРАБИ МЕН АБАЙ МҰРАСЫ

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында тарихымыздағы ұлы тұлғалар Әл-Фараби мен Абайға қатысты мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларды атап өтті. Мерейтойлық іс-шаралардың ең бастысы ғұламалардың мұраларын халыққа жеткізу, насихаттау екендігіне жете мән берілді.

Осы орайда түркі-қазақ дүниетанымын паш етер тұлғалардың тарихи танымдағы орны қаншалықты деңгейде таразыланды деген сауалдың ойға келері сөзсіз.

Өмір сүрген кезеңдері  хронологиялық алшақтық­ты қамтығанымен, бір геогра­фиялық аумақта дүниеге келіп, саналы ғұмырларын руханиятқа, білім мен ғылымға арнаған тұлғаларды тану, мұраларын зерделеу тарихнамалық мәселелерді қорытумен сараланады.

Отандық гуманитарлық ғылымда Әл-Фараби дүниетанымы мен Абай көзқарасы, қос ғұламаның шығар­машылығы филосо­фиялық, әдебиеттанулық тұрғыда кеңінен зерттелгені мәлім. Ал тарихи танымда көбінесе қоғамдық-тарихи құбылыстар аясында қарастырылып келді.

Көшпелілер әлемінен шыққан ұлы тұлғалардың мұраларын талдауда методо­логиялық әлсіздіктің сезілуі еуропацен­тризмнің адамзаттың ғылыми ойлау жүйесіндегі ықпалының әсерінен орын алды. Ғылымда ұзақ жылдар басымдыққа ие болған маркстік таптық методоло­гияның түркілік өркениетнаманың ауқы­мындағы тақырыптарды көтеруге шамасы келмейтін еді. Сайын сахарадағы ерекше өркениет пен бірегей мәдениеттің қабысуын тарих философиясы тұрғы­сында пайымдау ғұламалардың мұраларын зерттеуде қаперге алынбады.

Қазақстан ғылымында тарих филосо­фиясына қатысты зерттеулер көп емес. Көшпенділік өмір сал­тының құндылықтар әлемін бағамдаудағы біржақ­тылық осы топырақта дүниеге келген тұлғалардың дүниетанымын, мұраларын жүйелеу, зерделеу мәселелеріне кедергі келтірді. Кезінде Әл-Фараби мен Абай мұрасындағы дүниетанымдық тінді қисынды­лықпен байланыстыруға тырысқан  ғалым Ақжан Машанов болды. Ғылыми ойлауға қысым жасалынған тоталитарлық жүйе тұсында өмір сүрсе де, көшпен­ділер өркениетін өзгеше пайымдап, екі алып тұлғаның мұрасын зерттеуде соны бағыт қалдырды.

Ғалым шығармашылығының негізгі арқауы әл-Фараби және оның ғылыми мұрасына арналды (Ш.Әбдіраманов). Мәселен, А.Машановтың «Әл-Фараби және бүгінгі ғылым» деген  туындысы үлкен ізденістен туған аса күрделі еңбек. Әл-Фарабидің мұраларын және энциклопедист ғұламаның өзін елге таныту үшін ғалым дүниежүзілік тарих мәселелеріне, әр замандағы қоғамдық-саяси өзгерістерге, табиғат пен адамзаттың қарым-қатынасы туралы ірі ойшылдардың ұстанымдарына мән береді. Тарихи ой-сананың мифоло­гиялық және рационалистік кезеңдерін, ортағасырлық тарихтағы діни пайымда­маларды қазақ оқырманына тыңғылықты түсіндіріп береді. Соның нәтижесінде Әл-Фараби мұраларын тарихи танымда зерт­теуде назар аударарлық зор методоло­гиялық жұмыстарды жасады.

Адамзат көшінің эволюциясында қоғамның таным зердесіне сұранысын сақтаған ғұламалар тарихта өте сирек. Оған Әл-Фараби бабамыздың мұралары ғана төтеп бере алады. Бұл асыра айтқандық емес. Ортаға­сырлық  тарихи деректерде жиі кезігетін Отырар атырабында дүниеге келген түркі текті Әбу Насыр Әл-Фараби адамзатқа ортақ игілік – ғылымға, ғылыми танымға еңбек етті. Ғұлама бабамыздың Шығыс пен Батыс ғылымына бірдей дәреже де  мойындалуы бүгінгі ұрпағының әлемдік заманауи ғылыми үдерістерден сырт қалмауына серпін береді.

Әбу Насыр Әл-Фараби түркі рухания­тындағы кемелдікті араб-ислам әлеміне танытып берді. Дүние­танымдық өресі мен қисындық зердесінің тереңдігінің арқасын­да араб-ислам әлемін бағындырды, сол кезеңнің ғылыми санасын дамытуға қызмет етті. Ғұлама ғалым түркілердің араб-ислам өркениетіне қатысын мұрасымен әйгілеп қалдырды.

Қазақ ғалымы әл-Фарабиді тану барысында адам өмірінің мәнісіне қатысты  философиялық ой қорытуын білдірді. «Адамдық өмірдің негізгі мақсаты – шындық іздеу, шындық табу. Әл-Фараби өмірін соған арнаған адам екені айтылды. Әл-Фарабидің шындық іздеу жолы ғалами табиғат пен адамдық табиғатты тең ұстаған жол». Ғұламаның ғылымның әр саласына арналған еңбектерін талдауда тұтастықты, логикалық жүйелікті сақтайды.  Әл-Фара­бидің ғылы­ми жаңалықтары және антика­лық ойшылдар Аристо­тель, Платон еңбектерін талдауға қосқан үлесін жан-жақты саралауға күш салды. Бүтін жара­тылысты танудың концепциясын негіздеуі Әбу Насыр Әл-Фарабидің ғылымдағы шырқау биігі болса, оны туған халқына насихаттаған А.Машанов еді. Бүгінгі ұрпақ Әл-Фарабидің және басқа түркі әлемінен шыққан ғұламалардың ортағасырдағы араб-ислам ғылымын биік деңгейге көтергендігіне көз жеткізе алады.

Әл-Фарабиді тану, оның көзқарасы мен еңбектерін кең арналы зерттеулермен талдау жалпы  «адамзат өркениетінің»  мәнісін ұғы­нуға, адамзаттың өзінің ғаламдағы орнын анықтауға методологиялық серпін туғыза алады. Мұның өзі ежелгі шығыс (шумер мен Вавилон), одан әрі антикалық грек, Рим әлемі, Тұран-түркі және араб-ислам құндылықтары, буддалық-қытай-үнді өркениеті, еуропалық-христиандық әлемнің ортақ синтезделген мұрасына құрметті  сіңдіріп, адамзат ынсабын ауыздықтауға жол ашады.

Ақжан Машанов шынайы ғылымдағы ұлы тұлғалардың ғұмырының мәңгілік екенін дәлелдеді. Кейінгі тарихи кезең­дердегі қазақ топырағынан шыққан ғұла­ма­лардың мұрасынан өткен дәуір ойшыл­дарының дүниетанымын, көзқарастарын іздеп, сабақ­тастықты, жалғастықты анық­тап, жеке зерттеулер жүргізді. …«Ел басына күн туған кездері қазақ халқы­ның  екі данышпен ұлының есімдері біздерге рухани демеу болары талассыз. Олар: бірінші – Әл-Фараби, екінші – Абай. Менің ұғымымда Абай ұлы данышпан, қазақтың ақылшысы, ұстазы, досы, халқымыздың тірегі, сенімі, ар мансабының әділ таразысы», – деп жазды. Абай мұраларындағы ғылымға қатынасты одан әрі тереңдей талдады: «Абайдың ғылым жолдары жөніндегі өсиеттері көптеген өлеңдерінде бар. Ол кісінің 17 және 31-32-інші сөздері түгелдей осы мәселеге арналған». Абайдың білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға шарттарын көрсете келе, оның ғылыми жолына тоқта­лады: құмарлық-махаббат, шын­шылдық әдет, берік сенімділік, ғылымды дамытатын нұрлы ойлы парасат, жақсыны іске асырып отыратын батыл еңбек, шындықты сақтайтын ұстамды қайратты мінез» болуы тиіс. Ғалымның «Әл-Фараби және Абай» еңбегіндегі Абайды тануы осындай қорытын­дылармен тұжырымдалады.

Абайдың ғақлияларын талдау мен пайымдауда математикалық, қисындылық әдістерді енгізіп,  «Абай үшкілі» категория­сын негіздеді. «Абай үшкілі деп отырға­нымыз үш саладан бас қосқан нәрсе: Қайрат, Ақыл, Жүрек. Абай өзінің 17-қара сөзінде осы үшеуі­нің өнерін салыстыра келіп, ғылымға билік айтқызады. Ғылым былай деп шешеді. Үшеуің де бірдей керек­сіңдер. Біріңсіз бірің жеке тұра алмай­сыздар. Үшеуің бас қосыңдар. Мен сендер­дің аяңда боламын. Жүрекке басшылық беру керек. Мен сол жүректі қолдаймын. Дегенге келеді… Абай үшкілі даналық үшкіл», – деп түйіндейді.

Ғалымның Абай арқылы Әл-Фарабиді, Әл-Фараби арқылы Абайды тануға ұмтылысы ғылыми жаңашыл­дық бастама. А.Машанов талдауында Абай тек қоғамды ғана емес,  жаратылысты түсінуге, түсінді­руге бет бұрған ғұлама тұлғасында қабыл­данады.

Абай Құнанбаев өмір сүрген дәуір қазақ мемле­кеттілігінің жойылып, импе­риялық Ресейдің отарлық саясатының күшейген кезі. Дәстүрлі тарихи таным «Зар-заман» деген квинтэссенциямен түйін­деген кезең. Абайдың тарихи-қоғам­дық көзқарасы мен мұраларындағы фило­софиялық астардың қалыңдығы осындай күрделі тарихи жағдайдың әсерінен қалып­тасты. Сыртқы мәдени-рухани экспансияға  қарсы­лықты халықтың рухы мен ділін жеткізген өз перзенті зерделі Абай атқарды.

Тарихи танымда Әл-Фараби мен Абай мұраларын кең ауқымда зерделеудің уақыты келді. Ғылыми танымның дамуы канондалған методологиялық қасаңдықтан емес, қисынды тың ізденістерге негізделген ғылыми әдіс-тәсілдердің пәнаралық синтезінің ұштасуымен салмақтана түседі.

Қос алып тұлғаның мерейтойлық шара­сын ғылыми тұрғыдан өткізу ұлттың интел­лектуалдық потенциа­лы­ның көрсет­кіші болмақшы.

 

Гүлбану  ЖҮГЕНБАЕВА,

тарих ғылымының докторы,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close